Көркі кірген көшелер

0 126

Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Алматы ауданының автожол инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарды. Нақтырақ айтсақ, Иманов және Брусиловский көшелерінің Абай даңғылынан Жәнібек тархан көшесіне дейінгі бөлігі қайта жөнделді. Тәуелсіздік даңғылының жалғасы №46 көше және Жұмабаев даңғылының Б.Момышұлы даңғылынан бастап Айнакөл көшесіне дейінгі бөлігі, Циолковский және Жәнібек тархан көшелері, сонымен қатар, Пушкин көшесінің Алаш көшесінен ЖЭО-2-ге дейінгі бөлігі күрделі жөндеуден өтті

Бұған қоса, өткен жылы инженерлік жүйелер жүргізіліп, жалпы ұзындығы 16 шақырым болатын Қазқалашықтың 6 көшесінде, Интернациональный тұрғын алабының 7 көшесінде, Мичурин кентінің 4 көшесінде, Күйгенжардың 5 көшесінде және Железнодорожныйдың 3 көшесінде күрделі құрылыс жұмыстары жүргізілді.

Сонымен бірге, ауданда 16 жаңа бағдаршам орнатылды.

Қардан тазарып қалды

Елорданың аудан аумақтарын мердігерлік ұйымдардың күшімен қардан тазарту жалғасуда. Әсіресе, көктемгі су тасқыны кезінде көбірек зардап шегетін жеке секторлар мен қаланың шет жақтарына баса назар аударылуда. Биылғы жылдың 31 қаңтары мен 2 ақпаны аралығында тек «Шұбар» тұрғын үй алабы аумағынан 427 рейс жасалып, 13 мың текше метр қар шығарылды.

Алматы ауданы бойынша қыс басталғалы Железнодорожный (Екібастұз, Иманақ, Ақжар, тағы басқа көшелерден), Промышленный (Серікбаев, Атамұра, Бәйшешек к-сінен), Интернациональный, Күйгенжар, Мичурино кенттері аумағынан 800 мың текше метрден астам қар тасылып, қала сыртына шығарылды. Күн сайын Алматы ауданы бойынша қар тазалау жұмыстарына 549 жұмысшы мен 184 техника жұмылдырылады.

Су тасқынының алдын алу іс-шаралары аясында Сарыарқа ауданында ақпанның 1-5 аралығында 14 мың текше метр қар шығарылып, 27 мың метр арық арнасының 4000 метр лас бөлігі тазаланды. Көктайғақта адамдар мұздан тайып құламас үшін көшелерге, әсіресе, автобус аялдамалары мен жол қиылыстарына құм мен тұз араластырылған арнайы қоспа себілді.

Есіл ауданы бойынша да ақпанның 1-і мен 3-і аралығында қар полигонына аудан аумағынан 60 646 текше метр қар тазаланып, шығарылды. Заречный, Тельман, Пригородный кенттерінің көптеген көшелері мен Қараөткел, Комсомольский, Шығыс Ильинка, Үркер және басқа тұрғын үй алаптары қар мен мұздан тазаланды.

Астана қаласы Есіл ауданы әкімі аппаратының мамандары ІІБ ҚТБ инспекторларымен бірге жеке секторда тұратын тұрғындарға мердігерлік ұйымдардың қарды уақытында тазалап, шығаруы керектігі жайлы ескертулер таратты. Бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасуда.

Ербол ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + 10 =