КӨРКЕМ

0 152

Ғарифолла ЕСІМ

Бұл сөздің түбірі – көрік, оған «ті» жалғауы қосылса көрікті болмақ. Сонда не көрікті, ал не көріксіз? Әдетте көрікті дегенді әлдебір нәрсенің екінші нәрседен артықшылығын білдіруде жиірек қолданып жүргенге ұқсаймыз. Меніңше, бұл көрікті дегенді терең түсіну емес.

Көрікті не десе, менің айтарым – өмір көрікті. Ойланайық, өмірден, яғни тіршіліктен көрікті, көркем не бар?! Өмірмен еш нәрсені салыстыруға бол­майды. Өмір – көркемдіктің теңдесі жоқ үлгісі. Абай айтқандай, өмір жоқ жерде кәмелет жоқ. Өмірді кәмелетті етіп тұрған – адам. Демек, барлықта теңдесі жоқ көркем, ол – адам. Өмір – адам­мен көрікті. Адамсыз өмір жоқ, демек, көркемдік те жоқ. Осы тұсқа келгенде таусылмас дау басталады. Біреулер айтуы мүмкін, табиғат адамсыз да көрікті деп, екінші біреулер айтуы ықтимал, мүмкін, бірақ адамсыз әлемнің көрікті екенін қалай біліп, танып айта алмақпыз әлем адам болғанға дейін де көрікті болған деп. Рас. Солай болғаны және пікір жарыстары баршылық. Көркемдік бар болмыстың бейнесі деушілер болуы да. Әрине, мүмкін емес. Көрікті деген адамзаттық сана. Осы тұста да табылады. Бұл да шын сөз. Бар болмыс көркем болмаса, қалайша адам көрікті болмақ. Көркемдіктің негізі – көріктілік болса, онда соңғысын идея деуге тура келеді. Сонда адамзатқа дейінгі көрікті нәрсе – идея. Адамды көркейтіп тұрған, адам туралы болған алғашқы идея. Бұл идея затқа айналып, өмірге ие адамзат келгенде көркемдікке көлеңке түсті, ол адамның нәпсісіне қатысты болатын. Асылында адамның нәпсісі – көркемдікке ізденіс, бірақ күн астындағы нәрсенің көлеңкесі болмай тұрмақ емес, көркемдіктің көлеңкесі – көріксіздік адамның нәпсісімен енген құбылыс.

Көріксіздік деген не, ол – өлім. Адамның көркін алатын осы өлім. Ол суық. Ондай жерде көркемдік болмайды. Өлім деген – тәннің мәнсізденуі. Адамға мән беріп тұрған көріктілік, ол – өмір, ол – тіршілік. Ғұмыр – ақиқат. Мен ақиқат деп адам санасындағы бар шындықты мойындаймын. Санада шындық болмаса, ол ақиқатқа бастамайды, ол көріксіздікке бастайды, адамды мүлдем адастырады, оның өздігінен жөн тауып шыға алмайтын халге салады. Осындай халдегі адамға көмек қажет, мұндай мұқтаждыққа орай жасалатын істің аталуы – жомарттық.

Жомарттық деген – көркемдіктің мағыналы көрінісі.

***

Ғылымда гармония және хаос деген ұғымдар бар. Менің айтарым, табиғатта хаос жоқ, бәрі өз рет-ретімен. Адам баласы өзі біліп түсінбеген және өзіне қолайсыз халді хаос деп атаған. Негізінде, хаостың өз тәртібі бар. Хаос деген шектен, мөлшерден шығушылық емес, әлемнің өзімен-өзі бо­луы. Мәселе сонда, осы әлемнің өзімен-өзі болуы біздер, яғни адамдар үшін, олардың өмір сүруі үшін қолайлы ма, жоқ па? Адам­дар өздерінің ұзақ өмір сүру тәжірибесінде белгілі саяси, әлеуметтік, экономикалық (тұрмыстық), мәдени тәртіп-жүйелер жасап алған, олар осы тәртіптің кенеттен күрт бұзылуын ақырзаман нышаны деп қабылдауға әзір тұрады.

Гармония деген – әлемнің ішкі «тех­нологиясын» білдіретін сана. Гармо­ния негізі – жаратылыста, ол көбінесе утопияға, қиялға айнала береді. Өкінішке қарай, адам көрікті болғанымен, олар өмір сүріп отырған заман, оның нақтылы көрінісі қоғам көрікті емес. Қоғамды көрікті, көркем етем деуші қиялшыл, уто­пистер көп болған, олар әлі де бар, бірақ мәселе түбегейлі өзгеріске түспеген. Бұл істе нәтижелер шамалы, оның себептері мол, олар туралы том-том еңбектер бар, мен ойлаймын қоғамдағы көріктіліктің болмауы, біз әділеттілік хақ жолы дегеннен кетіп барамыз, себебі хақ жолы туралы түсініктер әртүрлі, сондықтан қоғам өміріндегі мәмлеге келу – аса күрделі мәселе. Бұл – ХХІ ғасырдың ауыр мәселесі. Мұны кейбір ғалымдар өркениеттер қақтығысына апарады дейді, әрине, мұндай түсініктер мәдени, өркениеттік қақтығысқа апарады, егер адамзат хақ жолы – әділеттілік туралы жаңа өркениеттік сана биігіне көтерілмесе…

***

Абай әділеттілікті хақ жолы дейді. Дұрыс әрі терең айтылған ой, бірақ мәселе адамзат хақ жолын әрқилы түсінеді. Христиандық – хақ жолы, ислам – хақ жолы, буддизмде әділеттілікті хақ жолы дейді. Сонда қайсысы дұрыс? Шәкәрім айтқандай, барлық дінде кешу бар, барлығында шешу бар.

Адамзат өркениет жолымен жүруі керек.

***

Адам – көрікті. Ол дүниеге мән беруші ретінде келеді. Сондықтан, туған балаға сәби деп ерекше құрмет көрсетіледі. Сәбилік – нағыз көріктілік. Мәселе, адамның әлеуметтену ісінен басталады. Адам еркі, оның әлеуметтену мүмкіндігі. Адам өзінің өмірде барлығын дәлелдеуі қажет, оны біз адам ғұмыры дейміз. Адам өзінің өмірде барлығын қалайша дәлелдемек, міне, осы жолда, ол көріктілік қуатын сақтай ала ма, әлде өзін-өзі рәсуа етіп шашып ала ма?!

Әлем – көрікті, тіршілік көрікті, ал жеке адам өмірі көрікті ме? Оны кім анықтай алмақ? Дүние көркін (Абай сөзі) болжай алатын – данышпандар. Адамдардың бәрі данышпан емес, сонда қалай болмақ…?!

Сірә, көріктілік негізінде ізгілік жатса керек. Ізгілік болмаса, қайдағы көріктілік? Әсемдік, сұлулық көріктілік емес, көріктілік – бар шындықтың мазмұны. Көріктілік болмаса, барлық жоқ. Бар нәрсенің өлшемі – көріктілік.

Көріктілік – әмбебап ұғым.

***

Абай дүние көркі деген сөз қолданған. Әрине, дүниенің көркі болмаса, дүние туралы сөз жоқ. Дүниені дүние етіп тұрған – оның көркі.

Абай дүниені субстанция ретінде қарастырып отыр. Дүние – өзімен-өзі, өз сыры өзінде, өзге болмысты қажетсінбейді. Дүниенің осы халін, біздер адамдар қалай түсінбекпіз, әрине ғылым арқылы. Ғылым – дүниенің сыры туралы сана. Солай де­генмен, ғылымның мүмкіндігі деген мәселе бар. Ғылым шектеулі. Одан әрі дүниені метафоралық тәсілдермен түсіну жағдайы бар, ондай тәсілдерді әдебиет, өнер, дін, философия сияқты білім салалары қолданады. Метафоралық сана дәлелдеуді қажетсінбейді, ол ізденіске ұмтылдыратын – ынта. Адамның дүние көркін білгісі кел­ген ынтасы, тек ғылыммен шектелмейді, сол кезде оған метафоралық сана қажет болады. Ол көбінесе мифтік кеңістікте айшықты көрінеді. Аңыз ақиқатты көрсетіп тұратын компас тілі сияқты. Аңыз болмаса, ғылым жөн таппай ада­суы мүмкін. Аңыз кейбір ғалымдар ай­тып жүргендей, алғашқы қауым санасы емес, ал дүниенің көркі туралы сана деген пікірдемін. Дүние деген ғылыми түсінік емес, ол – метафоралық түсінік. Метафорасыз дүние туралы ой айту қиын. Метафора ғылымға айналмаған істер туралы емін-еркін аңыздар тудыра береді. Сол аңыздарда дүниенің көркі әңгіме тақырыбы болып отырады. Бұл – аңыздардың бәріне тән ерекшелік. Көркем сана өткінші шындық туралы емес, «мәңгілік», яғни дүниенің көркі туралы сана. Ал, осы дүниенің көркі не деп сауал қойсақ, ол ғылыми талдауға жатады. Ғылым метафораға айналса, ол ғылым болмай, аңызға ауысып кетеді, бірақ түптің-түбінде ғылымның ба­рып-барып тірелетін жері – метафора. Абайдың ғалымнан хакімді жоғары қоюы тегін емес, нағыз ғалым хакім болғанда, оның лексикасынан метафора табылмақ, мысалы, физик Альберт Эйнштейннің Жаратушы құдіретін мойындауы.

***

Біз көріктілікті жасағымыз келеді, жасап та келеміз, қол жеткен нәтижелер де аз емес, оны біз мәдениет деп атаймыз. Сонда көріктілік жасау шеберлігі адам­нан ба, Жаратушыдан ба? Бұл мәселе жөнінде талас көп. Материалистік мәнде көріктілік жасау шеберлігі – тек адам­нан. Көріктілік – адам құдіреті. Келесі пікір Абай айтпақшы, «Безендірген жер жүзін тәңірім шебер» демек, нағыз шебер – Жаратушы. Жаратушының немесе жаратылыстың шеберлігіне немесе құдіретіне шек келтіру «әу-баста» болған. Адам жаратылыстың мінсіз тұлғасы дегенге уәж айтылған. Адамның табиғи кемістігі әшкереленген, сол үшін періште қарғыс алып шайтан атанған деген діни аңыз көпшілікке белгілі. Мәселе солай болса, онда нағыз шебер кім болмақ?! Бірақ, адамның кемістігін таптым деп, шайтан атанған періштенің өзі қателесіп отырған жоқ па?! Шайтанның адам табиғатынан тапқан кемістігі, оның кемшілігі емес, бәлкім, артықшылығы шығар. Шай­тан адамды өз түсінігіне салып бағалап тұр. Шайтанда (бұрынғы періштеде) нәпсі жоқ, тек нәпсіге құмарлық бар. Ол өзінде жоқ нәрсені кемшілік деп тұр. Бұл әділетсіздік?! Адамзат періштеден артық, оның мәнісі періште рухани субстанция, ал адам рухани әрі нәпсілік (яғни, заттық) субстанцияларға ие. Осы артықшылықты шайтанға айналған періште – адамның табиғи кемістігі деген, ол – теріс түсінік. Немесе ол таным тәсілі. Адамзаттың артықшылығын осылай айтпағанда қалайша түсінуге болады? Кемшілікті айту кейде сол істің артықшылығын айту екенін де еске алған жөн. Айтушы өзінде жоқ нәрсені өзгеден таппағанда оны кемшілік деп санауы мүмкін. Бұл мәселеде де солай болған, адамзат әлемге теңдесі жоқ көрікті болып енген, оны шайтан түсінбеген немесе қасақана түсінгісі келмеген?!

***

Көріктілік – мінсіздікке ұмтылыс, ынта. Адам мінсіз болғысы келеді. Ол – жақсылықтың нышаны. Кейде, ақындар «мінсіз сұлу» деп те жатады, оның бәрі әсірелеу. Мінсіз адам болмақ емес, сондықтан, ол көріктіліктің символы да бола алмайды. Адам табиғаты көріктілік жолындағы – ізденіс. Бары сол, егер адам мінсіз, яғни көріктіліктің өзіне айналса, ол адамзат болудан қалады, басқа күйге ауы­сады. Көріктілікті мін арқылы түсіндірсек, мәселе осылай болмақ. Сондықтан көріктілікті мінсіздіктің өзі емес, оның бір сапалық өлшемі десек те болар.

Көріктіліктің табиғи болмысы бар да, оның мәдени болмысы бар. Табиғи көріктілік туа біткен қасиет болса, оның мәдени болмысы адам қолымен жаса­лады. Қазіргі күнде көріктілік мәселесі қымбаттап барады, себебі адамдар, әсіресе әйел-заты «мінсіз» болғылары келеді. Әрине, бұл – түсінікті іс, себебі адамның нәпсілік табиғаты ешқашанда болдым, тойдым деп айта алмақ емес, сондықтан мұндай жағдайда іске дін араласуы да – табиғи жағдай. Сопылық дүниетанымда тәуба, шүкіршілік, қанағат деген ұғымдар қалыптасқан. Олардың мәнісі, сол адам нәпсісін ағынды су сияқты бір арнаға салу.

***

Ақылды нұр дейміз, олай болса, көріктіліктің мән-мағынасын аша алатын ақыл емес пе екен?! Әрине, ақыл өзінің парасаттылық деңгейіне көтерілгенде көріктіліктің өзіне айналмақ, себебі, көріктілік сұлулық емес. Сұлулыққа ақыл парасатының қажеті керек те емес. Сұлулық – көз жауы. Көріктілік – дүниенің мазмұны.

Көріктілік адамға қолданылатын – өлшем. Көпшілікті анықтаушы да – адам. Адамзат жоқ кеңістікте көріктілік туралы айту қажеттілігі жоқ. Көріктіліктің адам санасына түсіп реттелмеген түрін біз бір сөзбен хаос дейміз. Ол – көріктілік онтологиясына қатысты әңгіме. Адам көріктілік дегенде, ең алдымен өмір сүруге бар мүмкіндікті айтады, мысалы Ай бетіне ұшып барып қонған астро­навтар Ай бетіндегі көріктілікті айта алмады, себебі онда адам табиғи жағдайда өмір сүре алмақ емес, демек, ай бетіне көріктілікті (өмір сүруге мүмкіндікті) адамдар мәдени тұрғыда жасаулары қажет.

Демек, көріктілік – негізінен, адамның табиғи жағдайда өмір сүруінің формула­сы. Осы жағдай әлем кеңістігінің тек Жер деп аталатын планетасында мүмкін болып отыр, яғни әлемдегі нағыз көркем – Жер планетасы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven + fourteen =