«КӨРКЕМ» КҮЙ КӨКЖИЕГІН КЕҢЕЙТПЕК

0 136

_MG_4570

Президент оркестрінің орындаушылары Ақбөпе Әбілбекова, Гүлшат Бекішова, Әлия Бейсен және Айжан Жұмабаева «Көркем» атты этно-аспаптар тобын құрды.

Біреуге келін, біреуге жар, біреуге ана болып отырған келіншектер киелі сахнаға қадам жасау үшін ата-енелерінің батасы мен құдай қосқан қосақтарының рұқсатын алыпты. Бұл туралы топ мүшесі Ә.Бейсен былай деді: «Қазақтың қызы, келіні болғандықтан «өзім білемін» дегенге салған жоқпыз. Саз әлеміне жеке топ болып қосылғымыз келетінін отбасы мүшелеріне жеткізіп, барлығын алдын ала ақылдасып алдық. Біз гастрольдік сапарларға, концерттерге, түрлі мерекелік іс-шаралар мен тойларға қарамастан, әйел затының отбасындағы міндетін мүлтіксіз атқаратынымызды айттық. Ал жан­ұямыз «отбасындағы әртістерге» түсіністікпен қарауға уәде берді».

Астана, Алматы, Көкшетау, Қарағанды қалаларының тумаларын тағдыр табыстырып, өнер жақындастырыпты. Ақбөпе Құр­ман­ғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын, ал Гүлшат, Әлия, Айжан бұрынғы Қазақ ұлттық музыка академиясын аяқтапты. Топ мүшелері кілең қыздардан құралғандығы және күй тарту барысында хореографиялық қойылым қоятындығымен ерек­ше­ленеді екен. «Әу баста «Томирис», «Тұмар», «Алқа» атанғымыз келді. Кейін топ мүшесі Айжанның ұсынысын құп көріп, «Көркем» деген атқа тоқтадық» деді Г.Бекішова.

Күйші қыздар күні бүгінге дейін Президент оркестрінің орындаушылары ретінде Ақорда да өткен ресми кездесулерде мәртебелі меймандарды қарсы алып, оларды ұлттық өнеріміздің кәусарына қандырыпты. Қарындастарымыз бұл жұмысты алдағы уақытта да атқара бермекші. Осы турасында А.Әбілбекова: «Президент оркестрі біздің негізгі жұмыс орнымыз болып табылады. Бізге Мемлекет басшыларының, Үкімет жетекшілерінің, саяси тұлғалар мен шетелдіктердің алдында өнер көрсету міндеті жүктелген. Бұған «Көркем» тобының еш қатысы жоқ. Екеуі екі жолмен, екі бағытпен жүреді. Президент оркестрінің басшылары бізге жан-жақты қолдау көрсетуде. Олар: «Негізгі жұмыстарыңа кедергі келтірмейтін болса, ұстаздық қызметпен айналысыңдар, топ ре­тінде танылыңдар, Президент ор­кестрінің қызметкерлері Досымжан Таңатаров, «Аламан» тобы сияқты қазақ эстрадасының бір бөлшегіне айналыңдар» деп отыр.

«Көркем» тобының мүшелері өнер жолының ауыр екенін бір кісідей біледі. Сондықтан, талмай, танбай еңбек ете береді. «Тың­дармандар сынаса да, мақтаса да салқынқандылық танытамыз. Себебі, сынады екен деп сынып қалуға, мақ­тады екен деп көкірек керуге болмайды» дейді топ мүшелері.

Бүгінге дейін қыздар бірнеше күй жаздырып, бірнеше сахналық киім тіктіріпті. Осының жай-жапсарын
топ мүшесі А.Жұмабаева былай баян­дады: «Дәл қазір үш түрлі сах­налық киіміміз, «Ақ ілме», «Шығыс әндерінің поппуриі» және «Мұңайма» атты күйлеріміз бар.
Таяуда арнайы фотосессия жасадық. Енді, бейнебаян түсіруді жоспарлап отырмыз. Уақыт өте келе топ құра­мында жеке әншінің пайда болуы мүмкін. Ол әнші арамыздан шыға ма, әлде, сырттан қосыла ма, оны дәл қазір айта алмаймыз. Негізі арамызда ән шырқай алатын қыздар жоқ емес».

«Көркем» этно-аспаптар тобының мүшелері домбыра, қылқобыз, прима-қобыз және сазсырнайда ойнайды. Осы турасында Ә.Бейсен: «Әр­қай­сымыз өзіміз ойнайтын ұлттық аспаптарды шеберлерге арнайы тапсырыс беріп жасаттық» деді.

Қанат ЕЛТАЙҰЛЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 4 =