«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көрісу күні – көнеден келе жатқан мереке

0 343

Бүгін қазақ халқының көнеден келе жатқан мерекелерінің бірі – Көрісу күні. Бұл күнді атап өту дәстүрі негізінен Қазақстанның батыс облыстарында сақталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

14 наурыз күні жасы кішілер ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелерге барып, қос қолын беріп, көріседі. Бұл күні жасы үлкендер кішілерді күтіп, келгендерге «Бір жасыңмен! Жас қайырлы болсын, өмір жасың ұзақ болсын!» деп ерекше мейіріммен батасын береді. Осы күні әр үйде дастархан жайылып, ұлттық тағамдар қойылып, адамдар бір-бірімен құшақ жая амандасып, есендік сұрасады. Көңілде өкпе-реніштері болса, кешіреді. Татулыққа бастайтын бұл жол ислам қағидаттарына да өте жақын.

Бұл мереке Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында және Ақтөбенің кейбір аудандарында, Ресейдің көршілес Астрахан, Саратов, Орынбор өңірлерінде, Қарақалпақстанда аталып өтеді. Көрісу – қазақ халқының өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше үрдістерінің бірі. Бұл мерекені Маңғыстау өңірінің жұрты Амал мерекесі деп те атайды. Соңғы жылдары Қазақстанда мейрам аясы кеңейіп келеді.

Мәселен, биыл алғаш рет Қызылорда облысында осы мереке тойланбақ.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды