КӨРІКТІ ОЙДЫҢ ШАЛҚЫМАСЫ

0 194

(ТӨЛЕГЕН АЙБЕРГЕНОВТІҢ ТУҒАНЫНА – 75 ЖЫЛ)

Қазақ поэзиясында өзіндік үн- ерекшелігімен танылған ақын көп . Алайда, Төлеген Айбергеновтің дара даусы, ақындық қолтаңбасы ешкімге ұқсамайды, ешкімді қайталамайды. Позэияда өзінше соны бір із салған Төлегеннің жырларын парақтап оқып отырсақ, жеткізбей жүрген бір арманына қол созған ақынның ақпа күшін аяқтатпай алып қашқан тым биік мұнаралар көз алдымызға келеді. Бүгінін емес, ертеңін көп ар­ман еткен ақынның жырлары жаңа ғасырда да өз оқырмандарының көз қуанышына айналды. Айбергеновты білмейтін қазақ некен-саяқ.

« Сен мені көрсең,

Тұрысым осы менің.

Ал мендегі ғаламат сезімді көрсең,

Шошыр едің.

Сонда сен ойланар едің,

Мен болып сезінер едің,

Айта алмас ең мұны ,

Адамның сөзіменен.

Сен мені көрсең тұратын

кіршік түспей ,

Жүрегің қалмас еді,

Бір рет ыршып түспей.

Иә, сен ойланар ең,

Толғанар ең бармақты

тістеп тұрып,

Мендегі ыстық жалын ,

Бойыңа күш боп кіріп,

Тұрар еді сен түгіл тас та лаулап,

Көзіңде жатар еді,

Жұлдызды аспан аунап…»

Жай жыр емес, жұлдызды аспан аунайтын, қара тас лаулайтын отты жыр. Аспан мен жердің арасын қуырып тұрған аңызақ пен аптаптың пәсін қайтаратындай, майда қоңыр самалдай жан-жүрегіңді бір жады­ратып жіберетін керімсал жыр. Ал содан соң, қүркіретіп аспанды ақ жусан мен қызғалдақ исіне аңқыта балқытып төгілсін ақ жаңбырлар.

«Ақ самалдар, аңқыған

ақ жаңбырлар,

Ақ жаңбырлар, толқыған

тоғжан қырлар.

Менің қара сабаудай кірпігімнен

Сатырлатып сапырдың

маржан қыруар.

Ей, ақ жаңбырлар!»

Жаңбырдан соң қайраты қалың қара жерді бір бұла күш көтеріп тұрғандай. Сол асау күштің сыры қандай нәзік.

«Тау бұзып, тас қаласып, гүл егісіп,

Саулығын бір- бірінің тілеп ұшып.

Тіреусіз аспан-жердің арасында

Адамдар күн көреді сүйенісіп…»

Төлеген өз жанының құпиясын осылайша көкірегін жарып шыққан сырлы саздармен сыңғырлатып тұрады. Жан иірімдерінің ең нәзік ағыстарын шымырлатады. Көкірегін жарып бара жатқан бір құштарлық оты ақынды қолды-аяққа тұрғызбай, көкке көтеріп әкетеді кейде.

« Ағыстардың айдарын

солқым қылып,

Толқынды толқынға ұрып,

Өрге қарай күреймін күркіретіп.

Жер бақытын жүргенде

орнатысып,

Кейде мен торға түсіп,

Торға түсіп жатамын

дір-дір етіп…»

Өрге тартып, өршелену, кең құлаштау нағыз ақынға ғана тән мінез. Атой салған құштарлықтың да кейде торға түскен торғайдай бүрісіп, қалтырайтыны бар. Табиғаттың сараңдығына емес, адамдардың қараулығынан кей­де ақын-жүрек рухани осалдық танытып жататыны да со­дан. Поэзияда үйрену мектебі емес, бірден үйрету мектебін ашқан Төлеген Айбергеновтың ақындық шыңы оның ақындық қуатының мықтылығында жатыр. « Сағыныш» топтамасы біреулер үшін қол жетпес арман, ал жиыр­мадан асқан Төлегенге жеп-жеңіл тақырып.

«Ей, адамдар, айналайын

туғандар,

Жалғыз минут тыңдаңдар!

Мен сендерге көп болды

сыр шертпедім.

Қазір түгел көкірегім өрт менің!

Шартарапқа жүргеніммен

жүз аттап,

Бұрын мұндай көрмеп едім

ұзақтап.

Бір сағыныш мәңгі – бақи дос

еткен

Қазір мені жұлып алды

төсектен.»

Тепсе темір үзіп, бұлқынса бұлтқа жететін Төлеген ақынның жан әлемінің терең түкпірінен алапат бір сезім бас көтергендей. Дауыс- жаңғырығының өзінде ғажайып бір сиқырлы жарық бар­дай. «Сағыныштың» алысқа, тым алысқа түсіп тұрған жұлдыз жарығындай . Не десеңіз де, «Сағыныш» Айбергеновтың құс тілінде сайрайтұғын өз күйі. Көңілдегі көрікті ойының шалқымасы « Ақ ерке, Ақ Жайық» болып , жан сарайына шымырлап енді. « Ақ ерке, Ақ Жайық» әні Шәмші Қалдыаяқов пен Төлеген Айбергеновтың Атырауға келген шығармашылық сапарында туған. Көңілді өткен жыр-ән кешінен соң, атыраулық жас қаламгерлер Алма­тыдан ат арытып келген қос талант­ты Жайық бойымен серуендетеді. Толқындары ай сәулесімен ойнаған түнгі Жайықтың керілген көркем келбеті ақынның да, композитордың да шабытын оятқандай. Кенет, жанындағы дабырлай сөйлегендерге Шәмші қолын көтеріп «тоқта» деген­дей белгі береді. Ешкім ештеңе түсінбей үнсіз қалады. Жүзінде қан ойнап, ойлы көздері ұшқын атқан Шәмші құлағын Жайыққа тосып, « Естідіңдер ме, Жайық ән салып жатыр» дейді. Композитордың бұл қылығына түсінбегендер күлерін не күлмесін білмей тұрып қалады: Жайық та ән сала ма екен?! Со­дан шабыттың шаңқан бозына мінген Шәмші әннің музыкасын, Төлеген әннің сөзін бір түн ішінде сол кездегі « Атырау» газетінің қызметкері, белгілі ақын Меңдекеш Сатыбалдиевтың үйінде жазып, сөйтіп атақты « Ақ ерке, Ақ Жайық» Жайық жағасында өмірге келеді. Бұл жайды жазушы-драма­тург Берік Қорқытов әннің жазылу тарихы туралы жазған мақаласында айтады.

«Арманым саған ауған,

Самал соқса жағалаудан.

Жүректе тербетілген

Ақ Жайығым,

Ақ еркем,

Аңсаған ән өлкем.

Жаным-ау дара туған,

Ағыстардан жаратылған.

Жайықтың жағалай тал

Жағасынан,

Қымбаттым,

Сен маған тіл қаттың.»

Ақ семсер жыры жай отын­дай жалтылдаған Махамбеттің көкірегінде армандай ақ-адал сыры « … Жайықтың бой ен тоғай, Ел қондырсам деп едім» деп шамырқанса, Төлеген мен Шәмшінің « Ақ ерке, Ақ Жайық» әні Жайықтың салтанат сәнінің көркейген шағында, ел өсіп, ер көбейген шағында толқи , тебірене түсіп, көңіл- желкендерін артқа бір жүздіріп өтетіндей.

Төлегеннің де жүрегінде ақпа- төкпе сыр жатты, жыр жатты. Оның сыры да, жыры да іште жа­тып булыққан жоқ. Шоқтай маз­дап, оттай лаулап, жалын тілеп сыртқа бұлқынды. Жыр болғанда қандай, теңіздей тегеуірінді тебірене толғайтын қыран қанатты жыр. Сыр болғанда қандай, арайлап атқан таң шапағындай асыл арманды сыр. Көңілге медеу тұтарымыз, Төлеген ақынның жырын да, сырын да ардақтайтын асыл жұрты, ардақты перзенттері бар. « Айбергенов әлемі» әдеби журналы бүгінде ел қызығып оқитын басылымға айна­луда. Бұл журналдың басы –қасында жүргендер Төлеген ақынның шырағын жаққан қыздары Салта­нат, Махаббат, Айнар, Құсни. Биыл ақиық ақынның 75 жылдық торқалы тойы екінші қыркүйекте Алатау баурайында өткелі отыр. «Бір той­ым бар , болары сөзсіз менің» деп армандаған Төлеген ақынның тойы, әрине, жырсыз өтпес.

«Кеудемде жүрген, зердемде жүрген ынтызар ықылас от өріп,

Сен мұны менен бетер ұқ!

Түкпірімдегі дір ете қалғыш осынау  құйттай жүрекпен

Келем мен бүгін қасиетті байтақ

Қазақстанды көтеріп!» деп ақынның өзі жырлағандай, Төлеген Айбергеновтың азбас алтындай тозбас поэзиясы халқының жанына қуат беріп, халқымен бірге жасай береді.

Маржан ЕРШУ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − 4 =