КӨРГЕНСІЗ КӨШІРМЕНІҢ КӨЛЕҢКЕСІ КӨП

0 125

Өткен ғасырдың өзіндік ерекшелігі болды. Ал сол кеңестік кезеңмен бірге қалыптасқан комсомол ұйымының ықпалы уақыт өте келе әлсірейді деп кім ойлаған?! Менің тұстастарым жалғызілікті қарттардың үйіне барып қолғабыс жасайтын. Бұл қол көмек анда-санда болса да, қамыққан кейуаналардың мерейін бір өсіруге жарады.

Сабақтан екілік баға алсаң комсомол ұйымының жетекшісі бөлмесіне арнайы шақырып алып, миыңа жалынды сөздерді сыналап кіргізетін. Одан нәтиже шықпаса, класс жетекшің үй жағалап, сенің оқымай жүргеніңді ата-анаңа майдалап жеткізеді. Әйтеуір, әрбір қадамыңды қалт жібермейді.

Біз оқушы кезімізде есепті шот­пен шығардық. Талай кеңшардың есепшілері тексеру ревизоры кел­генде, сол ағаш шотымен самсаған цифрлардың қайда жұмсалғанын дәлелдеп берген еді. Ауылдағы бас есепшіміз Шанақ деген азаматты жұрт «көзің шел басқан» деп, есекке теріс мінгізіп қойса да, тексеруші оның жұмысынан мін таппады. Шанақ аға қолданған дөңгелек іспетті бұл сандық есептегіш құралын қазір ілуде біреуің таба алмайсыз. Керісінше, көбейту мен азайтудың шешімін әп-сәтте компьютер арқылы білесің.

Қытайдан келген қандастарым жақында маған мына деректі айтты. Ондағы кейбір аумақтар әлі күнге дейін шотпен есеп шығарады екен. Балаларын да соған машықтандырады. Техниканың небір түрін нарыққа енгізген қытайлықтардың бұл ісі бекер емес секілді. Өйткені, олар компьютер­мен есеп шығару адамның ойлау қабілетін тежейді деп есептейді.

Өткенді еске алып отырғандағы мақсатымыз – оқу жүйесіне жаңа бастамаларды уақыт оз­дырмай енгізу. Бұл ұсыныстың өмір талабынан туындап отырғанын Астана қаласының әкімі кеше ғана білім беру са­ласы қызметкерлерінің тамыз мәслихатында сөйлеген сөзінде: «Мектебі мен аты-жөнін атап жатпай-ақ қояйын. Шығарманың тақырыбы: М.Булгаковтың «Май­талман шебер мен Маргарита» шығармасындағы «Ізгілік пен жауыздық». Айтайын дегенім, осы жұмыстың мәтінін мен сөзбе-сөз күйінде бірнеше сайттан тауып алдым. Ал, бұл шығарманы мұғалім «беске» бағалаған болып шықты. Егер, сайттағы нұсқасымен са­лыстырса, үтір-нүктесін айныт­пай көшіріп алғанын көрер еді. Оның үстіне, бұл – емтихан алу комиссиясының төрағасы мен мүшелері қолдарын қойған 11-сы­нып түлегінің сынақ жұмысы» деп, олқылықтың себеп-салдарын ашып көрсетті. Демек, көшірме есептің де, көшірме шығарманың да мәні жоқ.

Осыдан шығатын қорытынды, дайын рефераттар мен диплом жұмысын сайтқа салуға тыйым салу қажет. Шын тұлпарды қолдан тұсаулап, ал қамшы тисе де дүре қозғалмайтын мәстекті мадақтап жүрген өзіміз екен. Үлкендер жіберген қателіктің бірі осы бол­са, әңгімені осы жерден доғарар едік. Бірақ, одан да өткені өзекті өртеп тұр.

Жақында мен Астана қаласындағы медицина университетінің студентімен кездестім. Сонда ол өзі оқыған мектеп­те алғашқы әскери дайындыққа жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбегенін, тек Калашников авто­матын ғана қолға ұстап көргенін айтты. Мектеп бітіргеніне үш жылдың жүзі болған бұл бота тірсек студент аты-жөнін айту­дан тайсақтады. Бәлкім, ауылдастарының атына сөз ергізгісі келмеген болар. Алайда, ауыл баласының әскери дайындыққа ын­тасын арттыратын әлгі тұлғаның көлеңкеде жүре бермегені жөн. Жалпы, орта мектепте қолға алы­нуы тиіс істер жетіп артылады. Оны енді ілкімді үйлестіру, уақыт талабымен үндестіру ұстаздар қауымына сын. Оқу жылы басталар тұста сыннан қалай қорытынды шығарылады деген мақсатпен мектептегі жауапты басшымен және ұстазбен пікірлестік.

***

Кеңес үкіметі келмеске кетті. Қызыл кеңірдек болатын комсо­мол жетекшісі де жоқ. Есесіне, өзін-өзі басқаратын ұрпақ өсіп келеді. Әрине, олар бақылаусыз емес. Жаңа талап бағытымен бағдарын айқындап алған. Ал жүзеге асырылатынын әкім шегелеп, атап көрсетіп берді. Сондықтан ұстаздар айтылған ескертпеден қорытынды шығарады деп ойлаймыз.

Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ

Гауһар НӘЗГИЕВА, №65 мектеп-гимназияның мұғалімі:

– Қазір көптеген мек­теп оқушылары белгілі қаламгерлердің шығармаларын сайттан сол қалпында көшіріп алады. Оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Осы шикілікті Иманғали ағамыз дөп басып айтты. Жеңілдің астымен жүруге итермелейтін бұл масылдықты жою үшін сайттар жұмысына бақылау жүргізіліп, дайын рефераттар мен диплом жұмысын орна­ластыруды заңмен шектеу қажет. Сондай-ақ, жергілікті өңір тарихына қатысты оқулықтарды тездетіп оқу бағдарламасына енгізген жөн…

Айгүл ШАЯХМЕТОВА, Ж. Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназия, тәрбие ісі жөніндегі директордың орынба­сары:

– Әкім көтерген мәселенің бәрі де орнымын айтылды. Жа­сыратыны жоқ, оқу үдерісінде шешімін таппаған мәселенің бірі – кәсіби бағдарлау жүйесі. Меніңше, бұл төңіректегі жұмыс іргелі мекемелермен бірге жүзеге асырылуы тиіс. Астана қаласындағы өндірістер нендей өнімдер дайындап шығарады. Оның экономикамызға берер тиімділігі қандай? Осыны терең дәлелдеп зерттейтін дәйектемені оқушыларға түсіндіру шарт. Айына бір рет кәсіпорындарда болып, жастарға олардың жасаған еңбегін көрсетсек, артықтық етпейді. Жалпы, ұстаздар қауымы еңбекпен келетін табыстың қадірін балаларға ұғынықты түсіндірсе құба-құп. Жақын арада осы төңіректе қолға алынатын істерді ойластырамыз.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + 7 =