©2020 Астана Ақшамы
Корей түбегі: соқа мен ғарыш, майшам мен Интернет
Солтүстік Корея туралы ақпарат іздеудің өзі қызық. Ең көп мағлұмат ұсынушылар – әрине АҚШ-тық дереккөздер; бірақ олардың мәліметтерінен субъективті деген сипаттарды алып тастаcақ, қолда қалатыны тек жер көлемі мен халық саны жайындағы деректер ғана екен. Саяси-әлеуметтік сипаты – «authoritarian based» (авторитаризмге негізделген), «one-man dictatorship» (бір адамның диктатурасы) деген сөздерден көз алып жүргісіз. Елдің бейнесін елестету үшін біржақты боп кетпеу кәдімгідей қиын-ақ.
Ендеше таразы басын теңестіру үшін, ертедегі советтік дереккөздерге жүгінеміз. Бұларға жекелеген жиһанкездердің естеліктері мен қойын дәптерлеріндегі жазбаларды қоссақ, түбектегі елдің бет-бейнесі біраз нобайланып қалады.
КСРО-ға кері қарай…
Соңғы уақытта маза кеткен корей түбегін тереңірек түсіну үшін алдымен солардың ойлау қисынын игергеніміз дұрыс шығар. Олай болса, әлемге солтүстік корейдің, дәлірегі – КХДР-дағы мемлекеттік үгіт-насихаттың көзімен көз тастасақ.
Алдымен, «Солтүстік Корея», «Оңтүстік Корея» деп, халықаралық топонимикалық жүйеде қалыптасып кеткені болмаса, өздері мұндай бөле-жара атауды мойындамайтынға ұқсайды. Себебі, Солтүстік корейлер үшін Оңтүстік бөлік – «АҚШ бастаған империалистік пиғылдағы елдердің құйтұрқы әрекетінен уақытша аннексияға ұшыраған жерлер». Таныс сөздер ме? Иә, кеше ғана темір перденің артындағы алпауыт елдің үшінші орындағы мемлекеті болған қазақстандықтар үшін – тіпті де таңсық сөздер емес. Сенесіз бе, бірақ солтүстік корейлер оңтүстіктегі технологиялық бестікке кіретін қандастарын «артта қалған» деп есептейді! Иә, соқа әлі де басты ауылшаруашылықтың құралы болатын солтүстіктің, жалпы әлемге көзқарасы біздердікінен, жұмсартып айтқанда, сәл басқашалау.
Бұдан әрі қарай тіпті қызық. Біз ойлағандай, социалистік дүниетанымның атасы — Маркс пен Ленин емес екен. КХДР идеологиясында олардың орнын ел тәуелсіздігінің негізін қалаушы – Ким Ир Сен жолдас жалғыз өзі толтырады. Саяси данышпаны да, экономикалық кемеңгері де, ғылыми ғұламасы да қара басы. Сонау, 1930 жылдары Ким Ир Сен жолдастың қайсыбір жиында айтып қалған «чучхе» пәлсапасы кейін Еуропадан келген социализм-коммунизм идеяларының барлығын дерлік ауыстырған. Тіпті бар ғой, бұл саяси «ілімнің» діни сипаты да жоқ емес.
Енді бұларға келесі жағдаяттарды, яғни: жоспарлы экономикасын, әскер санын (миллионнан асады!), азаматтарының таңғы алтыда зауыттың дабылымен оянатынын қоссақ, көз алдымызға 1950 жыл үлгісіндегі КСРО еріксіз келе береді. Жадымызда әлі қалған-құтқан естеліктер бары жасырын емес қой.
Ел туралы мағлұматымызды бекіте түсу үшін, Солтүстік корейлердің «сыртқы Интернеттегі» (иә, олардың айтпақшы «Куанмион» деп аталатын «ішкі Интернеті» де бар!) сайттардың біріне қойған мақалалардың тақырыптарын шолып өтсек. Мінеки, «Корей дауысы» радиосының ресми сайтындағы тақырыптардың бірері: «КХДР-ға өшіккен алпауыттардың бейшаралығы», «Кимирсендік Кореяның жарқын болашағы», «Кванминсонға арнау», т.с.с. Бір жағынан, корейлік радионың орыс редакциясының – орыс саяси сөз саптау өнерін мейлінше шебер меңгеріп аударма жасағанын да жоққа шығаруға болмайды.
Қадірлі оқырманымыздың есіне, бұл шолуды тек қана КХДР-дың өзінің дереккөздеріне сүйеніп жасап отырғанымызды тағы айта кетсек. Бұл түбектегі елді даттамасақ та, бейтарап жеткізбек болған түріміз.
Қызық-қызық біткен ел
КХДР елінің жетістіктері мен кемшіліктері кез келген бақылаушыны абдырататындай. Айталық — ядролық қару. Сарапшы алдымен, анда-санда қашып-пысқан диссиденттер мен қолға түсіп қалатын басылымдарынан — түбекте тұрмыстың жұпыны екенін, адамға жегілген соқа мен парафин майшамының жарығымен өндірістің алға бармайтынын бажайлап отырады. Сол кезде бұл ел … ядролық сынақ жүргізгенін мәлімдейді!
Немесе КХДР өкілдері БҰҰ мінберінен қиғылықты салып, азық-түлік сұрайды. Бас Ассамблеяның төрінен келген мұндай хаттаманы оқып отырған кез келген бақылаушыда, бұл елде ең болмаса егін оратын шалғы бар екеніне күмән туады. Осы кезде КХДР ғарышқа өз бетінше жерсерік ұшырғанын хабарлайды! Бұл қалай сонда?
Расымен, XXI ғасыр үлгісіндегі КХДР жаппай қарулану мен әсіре әскериленудің тұңғиығына кеткенін өкінішпен ғана айтамыз. Өкінішпен дейтініміз, мұндай «әскери бұлшық ет» пен даңғаза жетістіктер – тұп-тура бүлдіршіндер мен қариялардың тамағының есебінен өсіріліп жатыр. Оған, тағы да еміс-еміс жеткен мәліметтер бойынша, жақында жасалған ақша девальвациясын, адамдарға ең болмаса қарманып тамақ жеуге мүмкіндік берген — жеке кәсіпкерлікті қайтадан жою сияқты реформаларды қосыңыз. Қорытынды: КХДР халқы дәл осылай тек соғыс жылдарында қиналса керек.
Күріш болды жеңсік ас
Бұл мәліметтер халықаралық гуманитарлық ұйымдардың, БҰҰ-ның, Дүниежүзілік Сауда Ұйымы мен Халықаралық Валюта Қорының жариялы есептерінен алынған.
БҰҰ бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламалары өкілінің мәлімдеуінше, КХДР азаматы күніне 300 грамм күрішті місе тұтады (барлығына тең тиеді деген сөз емес әрине). Amnesty International өздері «деректі дәйегіміз бар» деп берген мәліметін есепке алсақ, көптеген азаматтардың тағамға ағаш қабығын, бейтаныс жабайы шөптердің жапырақтарын қосуы үйреншікті іске айналған көрінеді.
Енді осындай қылмысқа пара-пар ахуалдың, әлі де гуманитарлық көмектер біраз ауқымды болған және егістіктердің (негізінен – күріш пен жүгері) 60 пайызын су баспай тұрғанда орын алғанын есепке алыңыз. Өткен жылы тамызда болған ғаламат селдің кесірінен елдің егіндіктері мен жайылымдарының жартысынан астамы шайылып кеткеннен кейінгі жағдайды елестетудің өзі қорқынышты. Ал одан кейін еш мәлімет жоқ: Солтүстік Кореяда статистика да мемлекеттік құпия дәрежесінде. Бірақ кешегі ядролық сынақтан кейінгі онсыз да мардымсыз халықаралық көмектің тіпті азаярын ескерсек, енді қарапайым халықтың әрі қарайғы күнкөрісінің қиындығы батпандай түседі.
Ең қиыны, кеше әлемдік қауымдастықтың тілегін тәрік етіп ядролық сынақ жүргізгеннен кейін (бұл масқара әрекетті Қазақстан да сынағаны белгілі), КХДР-дың бұрынғы сүйікті әдісі – «бомбаны жалаңдатып тамақ сұрау» тактикасы ендігәрі өзін сарқып біткен сияқты. Ядролық сынақ қатты алаңдатқан Жапония, АҚШ, Оңтүстік Корея сияқты «гуманитарлық сауын сиырлар» бұдан былай ымырашылдыққа бара бермей, «тұрысатын жеріңді айт!» деуі әбден мүмкін. Корей түбегі там-тұмдап сауда-саттық жасап отырған теңіз жолдары бір де саңылау қалмай бітелсе, елде тіпті гуманитарлық апат болу қаупі бар. Бірақ бұдан тағы да, қарапайым халық зардап шекпесе, әлі де бүкіл әлемді бұғаудан құтқару сияқты арман құшағында жүрген билік пен генералитеттің дымы кете қоймайтын сияқты. Әйтеуір КХДР ақпарат көздері ядролық сынақпен жауларға өлтіре соққы берілгенін хабарлап әуре. Олар, әрине, бір кездері тап сол күнкөсем Ким Ир Сеннің ядролық қаруды «қағаздан жасалған жолбарыс» деп келеке еткенін еске алмайды…
Саяси салдары
Бұл жолғы сынақты жаһандық саясаттағы қатардағы ыдыс-аяқ сылдыры деп қарауға болмайды. Оған бірнеше себеп бар.
Ең алдымен, КХДР-дың, қарабайырласақ – «нан бермесең – бомба жасап, оңтүстікке тастаймын» деген риторикасының ақыры бір күні болмаса, бір күні келуі тиіс еді. Сол күндер келгенге ұқсайды. Ядролық клуб мүшелерінің ендігәрі ең болмаса бір елге өсуі — осы күндері беделі найқалып жүрген БҰҰ-ның халықаралық реттеуші ретіндегі рөліне айтарлықтай нұқсан келтіреді. БҰҰ мінберлері бұл күндері онсыз да шулы. КХДР — қауіпті прецедент. Ендеше, осы айдың аяғында Алматыда болатын Ираннның Ядролық Бағдарламасы туралы келіссөздерде алтылық елдері Иранға нақты әрі қатаң, тіпті ашық конфронтациялық сипаты бар талаптармен келуі мүмкін. Әйтпесе, халықаралық қауымдастықтың ядролық сынақтарды «айыптауы», «алаңдаушылық білдіруі» – дипломатия саласында қалжыңға айналып кеткен «Қытайдың соңғы ескертуі» сияқты боп кетуі ықтимал.
Ядролық клуб деп аталып кеткен атом қаруына ие елдердің бейресми тізімдегі саны осы Солтүстік Кореямызбен бірге тұп-тура 9 болған екен. Ондықты тұйықтауға бейіл елдер жоқ емес. Олар халықаралық қауымдастықтан әділет талап етіп жүргелі жарты ғасырдың жүзі болды. Ендеше, оныншы ядролық держава – алпауыттарды иә соғыс тактикасының жаңа түрін жасақтауға, иә бірінші болып талқандау әдісіне жүгінуіне мәжбүрлеуі мүмкін. Ендеше, Алматыдан жақсы жаңалықтар күтейік.
Ерлан ОСПАН