Корей суретшісінің көрмесі

0 54

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында корей суретшісі Ли Инамның «Signal of Light» цифрлық өнер туындыларының көрмесі ашылды. Вернисаж LED-экрандармен жабдықталған көпфункционалды залдың футуристік кеңістігінде өтті.Көрме Елбасы кітапханасының «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық көрме жобасы аясында Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасы елшілігінің Корей мәдениет орталығымен бірлесіп, Нұрсұлтан Назарбаев қорының көмегімен ұйымдастырылды. Көрменің атауы кездейсоқ таңдалған жоқ. «Signal of Light» қазіргі заманғы көркем тілге, тың техника саласына қызығатын көрермендерді қызықтыруға бағытталған. Ли Инамның цифрлық туындылары бейне, дыбыс, қозғалыс арқылы көрерменнің шығармамен байланыс орнатуына, өзін құрылған кеңістіктің ішінде сезінуге мүмкіндік береді.
Корея Республикасының еліміздегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Ку Хонг-сок Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Қазақстанның астанасында ашылған көрменің ерекше мәнге ие екендігін айтып, оның жаһандық пандемия жағдайында қазіргі заманғы өнердің барлық әуесқойлары үшін жұбаныш болатынына сенім білдірді. «Көрме әлемге әйгілі кореялық медиа-суретші Пэк Нам Джунның мұрасын жалғастырушы Ли Инамның ең алғашқы әрі жаңа туындылары арқылы сіздерге Кореяның мәдениеті мен сұлулығын жеткізу үшін ұйымдастырылды. Бүгінгі көрмеде суретші Ли Инам шығыстың дәстүрлі және батыс­тың заманауи суретшілерінің шығармаларына сүйене отырып, медиа-өнер арқылы Шығыс пен Батыс шекараларынан асқан тарих пен әңгімелерді жарқыратып көрсетті» деді елші.
Жаһандық сын-қатерлер әлемдік экономикаға ықпал етіп қоймай, өнерде де революциялық өзгерістер тудырды. Мұны Ли Инамның «Signal of Light» цифрлық өнер туындыларының көрмесі дәлелдейді. Видеоарт кеңістіктегі түс, пішін, жарық ұғымдарын ашып, бейнелеу өнерінің ауқымын кеңейтеді. Автор тарих пен ұлы шеберлердің шедеврлерімен байланыс орнатудың жаңа арнасын құрып, әлемге деген көзқарасты өзгертуге мүмкіндік береді.
Ол көпке үйреншіксіз палитраны негізге алады. Бейнематериалдарды тамашалайтын көрермендер сиқырлы фонарьдан кинотеатрға, оптикалық иллюзия мен панорамалық кескіндемеден виртуалды өмірге дейінгі медиа-өнердің дамуын бақылай алады.
Бейне сюжеттері көрерменге мұқият қарап, тереңірек және ұзақ сезінуге септік тигізеді. Ең бастысы, адам болмысын, өмірінің табиғатын бейнелейтін суретшінің бұл туындылары көкейге үміт ұялатады. Ли Инамның жеке көрмелері АҚШ пен Еуропа елдерінде өткізіліп келеді. Автор медиа-өнер саласында түрлі марапаттарға ие болған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 4 =