Көптен күткен баспананың кілті берілді

0 114

Жаңа жыл қарсаңында Шұбар тұрғын үй алабындағы Қалқаман және Наркескен көшелерінің қиылысында орналасқан проблемалы нысанның бірі «Комфорт De Luxe» ТК пайдалануға берілді. Осыған байланысты 3 подъезден тұратын тұрғын үй кешені алдында салтанатты шара өтті. Осынау қуанышты күні 200-ден астам отбасы жылдар бойы күткен пәтерлерінің кілтін алды.Жосықсыз құрылыс салу­шылардың кінәсінен тұрғын үй 2015 жылы проблемалық деп танылып, 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің тұрғын үй құрылысындағы үлестік қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясымен «Елорда құрылыс компаниясы» уәкілетті ұйымына «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында аяқтау ұсынылған болатын. Осыған орай, Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі елордадағы проблемалық нысандардың құрылысын аяқтау үшін жауапты мемлекеттік органдар мен орындалу мерзімдері белгіленген іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітті.
Салтанатты шарада Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары ­Алтынбек Қайсағалиев сөз сөйлеп, үлескерлерді құттықтады. «Жаңа жыл қарсаңы сіздер үшін де, біз үшін де зор қуанышты болуда. Осы қуанышпен Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгіновтің атынан құттықтаймын. Қазір көптен армандап күткен пәтерлеріңіздің кілтін табыстаймыз. 200-ден аса отбасының жеті жыл бұрын құрылысы басталған, түрлі қиындықтарға тап болған баспанасына ақыры қол жеткізуі Тұңғыш Президент – Елбасы ­Н.Назарбаевтың, Мемлекет басшысы ­Қ.Кемелұлының қолдауымен, Үкімет басшысының қаражат бөлуімен іске асып отыр. Құрылыстың барысында көптеген қиындық болды, осы жетістік мердігер компания, «Елорда құрылыс компаниясы», әкімдікпен және сіздердің құрылыс кооперативі басшысы, төрағасының ынтымақтаса жұмыс істеуінің арқасында болып отыр» дей келіп, «Комфорт De Luxe» тұрғын үй кешені құрылысына белсенді атсалысқан азаматтарға алғыс білдірді. Салтанатты жағдайда қала әкімі Алтай Көлгінов­тің атынан жекелеген азаматтарға алғыс хаттар тапсырылды, өз кезегінде үлескерлер де әкімдікке ризашылықтарын білдірді.
Мұнымен қоса, 2015 жылдан бері проблемалы нысанға айналған «Арыс­тан» көппәтерлі тұрғын үй кешенінің А блогы да қолданысқа беріліп, 140 отбасыға пәтер кілті тапсырылды. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиевтың айтуынша, бұл нысан құрылысын толығымен аяқтау «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС-ке жүктеледі. Қазір кешеннің инженерлік, электр, жылу желілерін іске қосу бойынша тиісті шаралар қабылдануда.

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 6 =