Көпшiлiк орындарда қызмет көрсету сапасы көңiлiңiзден шыға ма?

0 111

Тоты ӘМIРОВА,
ұшқыш:

–Айбынын асырып, айшықты шаһар салдық. Астана көркейдi.
Ал шаһардың iшкi-жан дүниесiне қаншалықты мән берiп жатырмыз? Менiңше, маңыздысы осы…
Астанаға арманын ұштап, қанаттанып келетiндер көп. Қаланың қарбаласты тiршiлiгiне әркiм өзiнше үлес қосып жатыр. Дегенмен қоғамдық орындарда қызмет көрсету сапасы әлi де болса, толықтыруды қажет етедi.
Мәселен сауда орындарына барғанда, сатушы алдымен бас-аяғыңызға шолу жасайды. Мұнысы «бiзден бiрдеңе алуға шамасы жете ме?» деп күдiктенгенi. Үстiне жақсысын жапсырып, сықиып киiнген адамға зыр жүгiрiп қызмет көрсетедi.
Әлемнiң дамыған елдерiнде қоғамдық қызмет көрсету жүйесi әлдеқайда жетiлген. Табалдырықтан аттағаныңыздан жымия қарсы алады. Қайда баратыныңыз, кiммен кездесу керектiгiн сұрап, жөн сiлтейдi. Сiз қызыққан нәрсенi таныстырып өтедi. Тiптi, алмасаңыз да өз еркiңiз.
Бiзде бұған да мән берген абзал. Өзiнше бiр мәдениет қалыптастыру керек. Мәселе тек сатушыда ғана емес…
Әлемдегi туризм керемет дамыған елдер қай қонақ келсе де, жайылып жастық болады. Туристер оларға кiрiс көзi, бiрақ мәдениеттi түрде қызмет көрсету бұл елдерде қалыпты жайтқа айналған. Әркiмнiң оған санасы жетедi.
Мұндағы сауда орындары, мейманхана, мейрамханалар келетiн қонақ жөнiнде алдын ала ақпар жинайды. Кiм болсын, бiр сөзбен айтқанда, оларға мәртебелi мейман. Шетелдiктерге арнап жеңiлдiктер де жасайды.
Италияда жүргенiмде бiр дүкеннен зат сатып алдым. Сатушымен әңгiме барысында бұл фирманың жәдiгерлерi ұнайтындығын айтып қалдым. Сөйтсем, ол жымиып, дәл осындай бұйымды менiң бiр-екi ай бұрын Дубайдан сатып алғанымды айтып тұр. Қатты таңғалдым. Мiне, қызмет көрсетуде осындай iлгерлеу бiзге жетпей жатады.

Амангүл ҚҰМАР,
«Хан шатыр» ойын-сауық және сауда орталығы, Синнабонда кассирi:

– Көппен жұмыс iстеудiң жауапкершiлiгi үлкен. Әркiмнiң көңiлiнен шығуға тырысасың. Шамаң келгенше сыпайылықпен қызмет көрсеткiң келедi. Бiрақ ала таңнан, қара кешке дейiн бiр орында тапжылмай отыру шарша-тып жiбередi. Сездiрмеуге тырысасың, дегенмен кей адамдар үнсiз қызмет көрсеткенiңе де шамданып жатады.
Менiңше, әр кәсiпорын тұтынушымен қарым-қатынасты жақсарта түсуге талпыну керек. Бұл – оның болашағы үшiн маңызды.
Адамдар өзiне жылы шыраймен қызмет көрсетiп, әр нәрсенi жiтi түсiндiргенiн қалап тұрады. Егер бiз сол деңгейде қызмет көрсете алсақ, ол бiздiң қызмет жүйесiне жүгiнудi дәстүрге айналдырады. Сондықтан, бұған кей кәсiпорындар немқұрайлылық танытады.
Бiлiктiлiгiн арттырып, мәдениетiн қалыптастыру үшiн сатушы, кассир, даяшы және тағы басқа мамандарға арналған курстар қажет сияқты.

Жанболат ЕСЕЙ,
студент:

–Жапондықтар – өте мәдениеттi ел. Мәселен, дәмханада бiр затыңызды ұмытып кетсеңiз, ол дереу иесiне қайтарылады. Дәмхана қожайыны бұл заттың кiмге тиесiлi екенiн анықтап, мекен-жайына өзi жеткiзiп бередi. Ең қызықтысы, сол затты өзiнiң дәмханасында ұмытып кеткенiңiз үшiн ол сiзден кешiрiм сұрайды екен. Олар сiз тамақтанып болған соң, қандай тамақ ұнады немесе ұнамады дегендi де сұрайды. Егер ұнамай қалған нәрсе болса, сiзден тағы кешiрiм сұрайды.
Бұдан не түюге болады? Олардың адамға деген сыйластығы, сыпайылығы ерекше.
Қоғамдық орындарда қызмет көрсету мәдениетi бiзде әлi қалыптаспаған. Бiр-екi ауыз ескерту айтсаң, дөрекi мiнез танытып, шапшып шыға келетiндер бар. Менiңше, жұмыс берушiлерге де көп нәрсе байланысты. Олар өз қызметкерiне талап қоя бiлу керек, сосын кейбiреулер даяшыны жұмысқа алса, кейiн оған ыдыс та, еден де жуғызып қояды. Ай аяғында бәрiне ортақ тиын-тебен төлейдi. Бұдан кейiн бiз ол адамның өзiмiзге сыпайы қызмет көрсетпегенi үшiн ренжiп жатамыз. Сондықтан жалпы жүйедегi кикiлжiңдердi реттеу керек.

P.S:
Астанаға ат басын бұрған ағайынның бәрi бiрдей емес. Бiрақ «астаналықтар» деген ортақ атау оларға әлдеқашан берiлiп қойған. Бас қаланың ортақ қазанында қайнап, бiр қалыпқа түсу, тiрлiкке бейiмделу әркiмде әрқалай. Осылайша Астана болмысы қалыптасып келедi.
Мұны нелiктен айтып отырмыз. Бас қаланың әлеуетi, мәдениетi, рухани жаны, түрлi тұрмыс-жағдайы бiз үшiн өте маңызды. Жақсысын көрсең, жаның семiредi, жаманынан көңiлiң қалады. Әрине, қай салада болмасын жетiстiктер мен кемшiлiктер болып жатар. Дегенмен, Астананың әлеуетiн арттырып, оның мәдениетiне өзiнше үлес қосу – әркiмнiң өз қолында…

Серiкгүл СҰЛТАНҚАЖЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − 8 =