©2020 Астана Ақшамы
KÖPPEN LATIN ÄLİPBYİN ÜYREN
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Еуразия гуманитарлық институтында Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасының және «Руханият» орталығының ұйымдастыруымен «Қазақ жазуы: төл дыбыс – төл әліпби» тақырыбында семинар өтті. Оған елордадағы тіл мамандары, ғалымдар, тарихшылар қатысты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында: «Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс айқын мәселе» деген-ді. Президент идеясын жүзеге асыруда ой, пікір, ұсыныс білдіру мақсатындағы жиынды Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ербол Тілешов ашып, сөз сөйледі. «Бүгінгі күні қазақ қоғамында латын әліпбиіне көшу мәселесі төңірегінде қызу пікірталас жүріп жатқандығы баршаңызға мәлім. «Латын әліпбиі бола ма, болмай ма, жарай ма, жарамай ма» деген әңгімелерді доғаруымыз керек. Латын әліпбиі бізге керек» деді Ербол Ердембекұлы. «Әлем бойынша 110-ға тарта мемлекет латын қарпінде, 42-43 мемлекет араб қарпінде, ал, кириллицада бар болғаны 12 ел бар, соның бірі – біз. Түркі тілдес мемлекеттерден Қырғызстан мен Қазақстан ғана. Сонда біз көппен бірге болуымыз керек пе, әлде, азбен бірге болуымыз керек пе? Осы жағын да кішкене ойлануымыз керек. Бүгін ептеп қиналуымыз мүмкін, мұның бәрі өткінші. Алайда, алдағы уақытта, ұзақ жылдар бойы мұның шарапатын көреріміз анық» деп сөзін сабақтады ол.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек Түркі кеңесі қабылдаған ортақ әліпбидің нұсқасын ұсынды: Aa, Әә – Ää, Bb, Cc, Çç, Dd, Ee, Ff, Gg, Ğğ, Hh, Iı, İi, Jj, Kk, Qq, Ll, Mm, Nn, Ņŋ – Ňň, Oo, Öö, Pp, Rr, Ss, Şş – Š š, Tt, Uu, Üü, Vv, Ww, Xx, Yy, Zz.
Әлімхан Жүнісбек «Абай жолы» романының бірнеше сөйлемі мен Әнұранды латын қарпінде дайындап келген екен. Жиынға қатысқандар мәтінді еркін оқи алды.
«Üş kündik joldıŋ bügingi, soŋğı künine bala şәkirt barın saldı… Qorıqtan kün şığa atqa mineyik dep asıqqan-dı. Bunı qaladan alıp qaytqalı barıan ağayını Baytastı da taŋ atar-atpasta özi oyatıp turğızıp edi».
Еркежан СӘТІМБЕК, Ербол ЖАНАТ