КӨПІРЛЕР КӨРКІ

0 183

IMG_6226Әлем елдеріне саяхаттай қалсаңыз, жолыңыз түскен шаһардың көпірлеріне де мән беретініңізге кәміл сенімдімін. Өйткені, көпір – қос жағалаудағы адам мен көлік нөпірін жалғастырушы ғана емес, қаланың салтанатына сән қосушы. Жер бетіндегі алпауыт қалалардағы әр туристке белгілі, ерекше құрылысы мен бай тарихы бар көпірлерді есімізге түсірсек, алдымен ойға оралатындары – Сингапурдегі Хеликс тек болаттан жасалған. Швейцариядағы сағатты көпір, аспан асты еліндегі «Ченъян» көпірі – бұл нысанды салуда бірде-бір шеге қолданылмаған көрінеді. Лондондағы «Роллинг», АҚШ-тағы «Алтын қақпа»… Жапонияда әлемдегі ең ұзын Акаши-Кайкё көпірі бар. Семейдегі аспалы көпірді соңғысына ұқсатып салыпты мамандар. Бұларды неге еске түсіріп отырмыз? Біздің Астананың көпірлері де жаңаруда.

IMG_6245Бұл сәніміз бұрынғыдан кем емес… «Астана көпірлерінің бұрынғы салтанаты мен сәні де жарасымсыз емес еді ғой» дейтіндер де табылар. Орынды-ақ. Қос жағалауды жалғаған жолдардың бұрынғы ақшаңқа ажары да көңіл тояттайтындай еді. Бірде бейне бір кемпірқосаққа ұқсаса, бірде бұ­лықси аққан өзен бетіндегі ша­ғала­лармен жарасым таба кететін-ді. Алайда, әр уақыттың өз үні мен келбеті бар емес пе? Қай дүниенің де жаңарып тұрғаны абзал. Бұл сәніңіз бұрынғысынан кем түспесе, несі айып? Соңғы айлары өзіміз күнде жүріп өтетін көпірлерде қызу жөндеу жұмыстары болып жатқанын бәріміз де байқадық. Тіпті, біткен тұстарын да көріп үлгердік. Енді бұл шаруаның мән-жайына үңіліп, құрылыс барысымен таныссақ…   Салтанатына сай «Сарыарқа» Әсіресе, соңғы жылдары «Сары­арқа» және «М-2» көпірлері көлік қозғалысының илеуіне айнал­ғанын білеміз. Аэропорт пен вокзалды жалғайтын төте жолдар бол­ған­дық­тан ба, қос өткелді басып өтетін көлік нөпірі қай кезде де толастаған емес. IMG_6259 «Ұра берсе, киіз қазық та жерге кіреді», бұл көпірлерге де салмақ түскенін, беріктігі босай бастағанын айтады мамандар. Яғни, тынымсыз ағылған көліктің салдарынан көпірлердің негізгі тұғырлары мен жолға төселген асфальт қабаттары ескірген. Астана қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, қазір бұл нысанда қолға алынған күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Қарқынды жүргізілген құрылыс қос жағалауды жалғаушы жолдың төзімділігі мен беріктігін арттырып қана қоймай, сәулетін де өзгертті. Нақты сандарға жүгінсек, «Са­рыарқа» көпірінде жүргізілген жөн­деу жұмыстарының нәтижесінде 440 текше метр ұзына бойы салмақ қайырғыш бөренелер ауыстырылды. Көпірдің қоршау беттеріндегі әрлендіру плиталары гранитпен ал­мастырылды. Ұзындығы 544 метр қоршаулар болаттан және 20 сыртқы жарық бағаналары шойыннан. Көпір жолына 6 мың шаршы метр асфальт-бетон төселді. Сондай-ақ, көпір үстінде әшекейлі қоршалған көру алаңдары жасалды. «Сарыарқа» көпірінің шығу баспалдақтарына архитектуралық-мүсіндік композициялар орна­тыл­ған. Әрбір композицияның не­гізі шар тектес биік бағаналардан тұ-ра­ды, оның беті қазақ даласында кездесетін өсімдіктер стилінде безен­­дірілген. Әрбір шардың қас­бе­тінен қазақ даласының қайта­ланбас табиғатының көріністерін бай­қайсыз. Шарды айнала қор­шайтын торкөздер және жарық бағаналарының төменгі тұғырлары алтын түстес бояулармен әрленген. Бұл сәулет өнерінің озық үлгілері сақтардың қайталанбас туындыларын көрсетумен бірге, тәуелсіз Қазақстанның астанасы қоныс тепкен Сарыарқаның салтанатын, яғни «Алтын даланың» көркемдігін паш етеді.   Көшпенділер өрнегі көрініс тапты Жалпы ұзындығы 700 метр, Орынбор көшесіндегі «М-2» көпіріндегі күрделі жөндеу барысында да 2160 метр ұзына бойы салмақ қайырғыш бөренелер алмас­тырылған. Көпір қоршаулары гранитпен әрлендірілуде. Мұнда да 1500 метр сыртқы болат қоршаулар және 30 жарық бағаналары шойынмен бекітілді. Ерекше атап айтарлығы, күрделі жөндеу жұмыстарының арқасында  нысандардың сәулет-мүсіндік  композициясы мүлде өзгертіліп, онда қазақ халқының бай мәдени тарихынан мұра болып қалған көшпенділер өркениетінің өрнектері көрініс тапты. Көпірлерді архитектуралық әрлендіру жұмыстарының нәти­жесінде сақтар дәуірінің қолданбалы өнері кеңінен пайдаланылды. IMG_6315 «М-2» көпірінің екі жақтағы кіреберісіне төрт биік бағана тұр­ғызылуда. Бұл бағаналар да сақ мә­дениетінен қалған аң-өсімдік стилі­мен әрленген. Көпірдің жақтау қоршаулары киіктің басы бейнеленген шамдармен безендіріледі. Айтпақшы, қос көпірдегі шамдар түнгі уақытта кестеге қарай әр түрлі жарық сәулелерін шашатын болады. P.S. Әр дүниемізден, әр ісіміз бен сөзімізден кешегінің, та­рих­тың, дала данышпаны болған бабаларымыздың исі аңқып тұр­са, ұрпақтың саналылығын ай­ғақтамай ма. Біз сөз қылған қос көпірдегі іргелі жұмыс әлі де жал­ғасады деген сенімдеміз. Осындай ұлттық нақыштар, көшпенділер өркениетінің көрінісі басқа да нысандарда заман талабына сай салтанатпен ұштасса деген тілек те көкейде.

Асхат РАЙҚҰЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 2 =