Көпірдің астында – демалыс орны

0 29

Урбанистика орталығында өткен кезекті қоғамдық тыңдауларда екі жоба ұсынылды. Оның бірі – Еуразия университеті маңайындағы көпірдің астынан демалыс аймағын ашу, екіншісі – Қосшығұлы мен Сейфуллин көшелерін жаңарту.

Еуразия университеті маңындағы көпірдің астындағы демалыс орны Сарайшық көшесіндегі «Арқар» көпірінің үлгісінде жасалатын болады.
«Біз ол жерге фудкорт, бас­кетбол алаңын орналастырамыз. Сондай-ақ көше фитнесін ұйымдас­тырамыз. Оларға қоса заманауи үлгідегі әрі экологиялық таза балалардың ойын алаңын жасаймыз» деді Нұр-Сұлтан урбанистика орталығының жетекшісі Елнар Базыкен.
Тағы да бір айта кетерлігі, жаңадан жасақталатын демалыс аймағына Есілмен жүзіп жүретін паромдар да тоқтайды. Ол бұл жерге туристер мен қала тұрғындарын жеткізіп береді.
Қоғамдық тыңдауларда көпшіліктің назарына ұсынылған екінші жоба –Қосшығұлы мен Сейфуллин көшелерін қайта салу (Күмісбеков көшесінен Сарыарқа даңғылына дейін).
«Көшенің ұзындығы екі шақырымға жуық, аумағы – 20 гектар. Біз көшені кешенді тұрғыдан жобалауды қарастырдық, астананың дизайн-кодын пайдаландық және көлік жүретін бөлігіне автобус жолағын қостық. Тротуарлар, гүл бақтары ретке келтіріліп, логистикасы ойластырылды» деді «Мұнар» компаниясының жобалаушысы, ландшафт сәулетшісі Сәния Жакулина.
Әлбетте, көше бойында орналасқан барлық балалар алаңдары мен гүл бақтары, соқпақ жолдар да түгелдей тәртіпке келтірілетін болады. Нашар көретін кісілер үшін тактиль плиталар төселеді. Сондай-ақ веложол салынады. Жасыл желек көптеп отырғызылатын болды.
«Біз балалар алаңдарындағы шағын сәулет пішіндерін түрлендіріп, олардың неғұрылым табиғи, экологиялық және көрер көзге сүйкімді болғанын қалаймыз. Сондай-ақ перголдарды (аспа-авт.) әткеншек ретінде пайдалануға қолайлы етіп жасаймыз және фуд-модульдер орналастырамыз. Демалушылар ол жерлерде тамақтана алады» деп түсіндірді Сәния Жакулина.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − 11 =