КӨПЕСТЕР КӨРКЕЙТКЕН ҚАРАӨТКЕЛ

0 258

Биылғы көктемде Астананың орталық алаңы аумағында орын тепкен ғимараттардың бірі халық ЦУМ атап кеткен «Сине Темпоре» сауда орталығы келесі жылы сүріліп, оның орнына заманауи сауда кешені салынаты­ны туралы ақпарат тарады. Жуырда газетімізде тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артық­баевтың «Қараөткелді көтерген Қосшы­ғұловтар» атты мақаласы жарық көрді. Тарихшы онда дәл осы орындағы ғимараттың маңдайшасында Қараөткел заманында «Қосшығұлов дүкені» деген жазу кириллица және араб әріптерімен жазылып тұрғанын айтады.

«1890 жылы Қараөткелдің тура ортасында қазына қаржысына «Керуен сарай», орысша «Гостиный двор» (кейде «Зеленые ряды» делінеді, дүкен есіктері жасыл бояумен боялған себепті) бір қабатты екі корпустан құралған сауда ғимараты пайда болды. Егер салыстыра қарасақ, елге әсері қазіргі «Хан Шатыр» сияқты болса керек. Керуен сарайда 72 ірі дүкен және 10 ұсақ сауда лавкалары ашылды, бұл кезде қала саудасының ішкі айналымы 1,5 миллион рубльге жеткен еді. Керуен сарайдың алдында аттар мен түйелерді байлайтын керме орнатылды. Шойын бағаналарға сүйенген күнқағарлар, кириллица мен араб жазуымен жазылған дүкен атаулары, жарнамалар Керуен сарайдың кіреберісіне көрік беріп тұрды. Кеңес заманында бұл ғимарат ЦУМ аталды, қазір, тәуелсіздік кезеңінде «Сине Темпоре» аталады» деп жазады Ж.Артықбаев.
Қосшығұловтар кім болға­нын, олардың Қараөткелге сіңірген еңбегі туралы сол мақаланы оқып, толық та­нысуға болады. Біздің айт­пағымыз, бұл әулет ХХ ғасыр басында, қазіргі тілмен айт­қанда ірі кәсіпкерлер еді. Олар ашқан кәмпит-тоқаш фаб­рикасының атағы алысқа жайылды. Тарихшының жазуынша, тіпті фабрика өнімдері патша сарайы дастарқанының сәнін келтірген. Фабрика ор­на­ласқан ғимарат өткен ға­сырдың 1975 жылдары қи­ра­тылды. Оның орны­на Тұр­мыстық қызмет көр­сету үй бой көтерді. Бұл ғима­рат қазір қайта жаңғыр­ты­луда. Осыған орай ғалым «осы жаңа құрылыстың қа­бы­рғасына «Осы жерде Қос­шығұловтардың кәмпит-то­қаш фабрикасы болды» деген тақтайша керек-ақ!» деген орынды уәж келтіреді.
Қосшығұловтар саудамен ғана айналыспай, ел игілігіне бірнеше іс атқарып кетті. Мә­селен, 1920 жылы өртеніп кеткен ескі мешітті қайта қал­пына келтіруге қаржы бөлді. Жамбыл Артықбаевтың сөзін­ше, оның орнын А.Иманов кө­ше­сінен іздеу керек. Ғалым А.Иманов, 4 деген нақты мекенжайды да көрсетеді.
Ал Қосшығұловтар сал­дырған мұсылман жастарына арналған мектеп қалада әлі сақталған. Қазіргі Абай даңғылы мен Ә.Мәмбетов көшесінің қиылысында орналасқан ол бастапқыда бір қабатты болды. 1986 жылы ғимараттың тарихи-мәдени құндылығы ескерілместен, екінші қабат тұрғызылып, ғимараттың кейпі сәл өзгер­тілді. Қазіргі уақытта мұн­да «Казкоммерцбанк» орна­ласқан.
Қосшығұловтар туралы деректер белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Алдан Смайылдың «Тарих таңдаған Астана» атты кітабында да кездеседі. Бұл еңбектен өзімізді қы­зық­тырған мәліметке жолық­тық. Ақмолада сауданы Бай­мұхамбет Қосшығұлов бас­тады. Ол 1918 жылы дү­ниеден озған соң, ісін балалары жалғастырды. Алайда кеңес заманы бұл әулетті тоз-тоз қылды. Алдан Зей­ноллаұлының жазуынша, Баймұхамбеттің Уәли атты ұлынан тараған Заида Оспанова Астанада тұрып жатыр. Бұл –осыдан үш жарым жыл бұрынғы мәлімет. Осы жағын індету керек екен.
Жамбыл Артықбаев жоға­рыдағы мақаласында тағы бір маңызды мәселені көтереді. Оның пікірінше, Астанадағы мыңға жақын көшенің бірін осы әулеттің атына беру керек. Несі бар, Қосшығұловтар сияқты Ақмоладағы ХХ ғасыр басындағы көпестер әулетінің өкілі Степан Кубриннің атында қазір Астанада көше бар. Оның артықшылығы, қала басқармасының бастығы болғанында ғана.
Рас, осыдан екі жыл бұ­рын Астанада Шәймерден Қосшығұлұлының атына көше берілді. Бірақ ол Қос­шығұлұлының бұл Қосшы­ғұловтарға еш қатысы жоқ.
Осы Степанның ағайыны Матвей Кубриннің сауда үйі бұл күндері «Астана» сауда орталығы атымен жұмыс істеп тұр. Кеңес заманында ол жарты ғасырға жуық кулинария мен «Радуга» атты азық-түлік дүкені болып аталды. Ал Степанның өзі бастапқыда гимназия болып ашылып, 1899 жылы Ақмоланың қалалық басқармасына айналған ғи­ма­ратты 100 сом шығарып, театрға сатып алып берді. Осында қазір М.Горький атын­дағы Мемлекеттік академия­лық орыс драма театры отыр.
Қаладағы тарихи ғима­рат­тар жайлы сөз еткенде, Абай даңғылы мен Республика даңғылының қиылысында орын тепкен «Жасыл» мешіт қоршауы туралы айту керек. ХІХ ғасырдың аяғындағы Ақмоладағы саудагер, ірі қара мал сатумен айналысқан 2-ші гильдиялық көпес Нұр­мұхаммед Забировтің қара­жатына салынған бұл ғи­ма­раттың орнына ХХ ға­сырдың 50-ші жылдары үшқабатты тұрғын үй тұр­ғызылып, ме­шіттің қор­шауы ғана сақта­лып қалды. Жасыл түске боял­ғаннан кейін халық оны «жасыл» деп атап кеткен.
Кезінде көпес Иван Силин­нің үйі болған ғимарат 1918 жылы Ақмола қызыл әс­ке­рінің екінші ротасына бе­рілді. Өткен ғасырдың тоқса­ныншы жылдары мұнда Президент іс басқармасының медициналық орталығы, ал 1997-1998 жылдары Астананы көшіру жөніндегі комиссия отырды. 2005 жылдан Беларусь Республикасының Қазақстандағы елшілігі отыр.
Бүгінгі Ұлы Отан соғы­сы ардагерлері мен мүге­дек­теріне арналған респуб­ликалық клиникалық госпиталь бір кезде Петр Моисеев дейтін көпестің иелігінде болған. Алдан Смайылдың жазуынша, мұны көпес тұр­мысқа шыққан қызы үшін салдырған. «Құрылыс біт­кенде қалада қызылдар төң­керісі болады да, көпестің дүние-мүлкі тәркіленіп, қызы Қарағандының жанындағы Долинка концлагеріне айдалады… Қызыл кірпіші Оралдан тасылған сәнді үй осылай иесіне бұйырмаған» деп жазады жазушы.
Қазіргі ұлы Абай ескерт­кішінің орнында бір кезде Ақмоладағы атақты көпестер Халфиндердің үйі тұрған деген дерек кездеседі. Әкбар Халфиннің қызы Рахима Сә­кен Сейфуллиннің алғашқы әйелі болды. Кейіннен Алаш қайраткері Хайретдин Бол­ған­баевқа қосылды. Қазір олардың қызы Гүлнәрдан та­раған ұрпақ бар.
Ал бүгіндері С.Сейфуллин мұражайы орналасқан ғима­рат та кезінде көпестің үйі бол­ған. Өкініштісі, оның иесі туралы дерек жоқ.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − 13 =