Көпенмен өткен кеш

0 64

Нұр-Сұлтан қалалық Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі белгілі қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығы мен Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Көпен Әмірбекпен «Күлкі жанға дәру, кейде үлкен қару» атты тікелей онлайн-сұхбат өткізді.

Биыл қазіргі қазақ сатирасының көрнекті өкілдерінің бірі Көпен ағамыз мерейлі жетпіс жасқа толды. Қарымды қаламгердің бүгінге дейін «Аты жоқ кітап», «Тілім қышып барады», «Қысыр әңгіме», «Ауызбастырық», «Неменеңе жетісіп күлесің?», «Өзіңді танисың ба?» атты әзіл-сықақ, пародия жинақтарының басын құраған отызға тарта кітабы жарық көрген. Сондай-ақ ол кісі аудармаға да ат ізін салып, орыс әдебиетінің классиктері И.Крылов, С.Михалков, С.Маршактың, лезгин сатиригі Жамидиннің және өзбек қаламгері Абдулла Қаһардың туындыларын тамаша тәржімалады.
Онлайн-сұхбат барысында сатирик оқырмандарға өз өмір жолы мен ата-­анасы, бауырлары, әдебиетке алғаш келгенде батасын берген ағалары туралы тағылымды әңгіме өрбітті. Сонымен бірге өз шығармашылығындағы жаңа белестер мен соңғы жылдары жарық көрген сатиралық жинақтары жайында айтты. Кезінде ол кісі өз қолымен «Көпен келе жатыр…» деген пародия театрын құрды. Осы өнер ордасының сахнасында еліміздегі қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді қозғаған тың туындылар қойылды. Оны жұртшылық жылы қабылдаған еді. Кейінгі кездері аталған театр көп көрінбей кетті. Сатирик осы жайында да сыр шертті. Сондай-ақ қоғамдағы күлкінің алар орны, рөлі туралы парасатты сөз қозғады. Жаңа жазылған шығармаларын оқыды. Қысқасы, қазақтың қабырғалы қаламгерімен болған сырлы сұхбат оқырмандарға ой салар салмақты дүние болды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × three =