Көпен келіп кетті

0 123

Наурыздың 29-ы күні белгілі сатира саңлағы, сахнаның сардары Көпен Әмірбектің қатысуымен «1 сәуір – Халықаралық күлкі күні» мерекесіне орай Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Көпен келе жатыр» атты әзіл-сықақ кеші өтті.

«Көпеннің кәнсерті неге сол сәуірдің 1-інде емес, наурыздың аяғында өтіп кеткен?», – деп аспаннан түскендей аңтарылып отырғандар да бар. Себебі, наурыздың 29-ы – ол кісінің туған күні! Пайымы тәуір ағамыз пайғамбар жасына келіп отыр. Ал, орта ғасырларда Жаңа жыл қаңтардың 1-інде емес, наурыз айының соңында атап өтілген. Жаңажылдық апта наурыздың 25-інде басталып, сәуірдің 1-інде аяқталды. Мереке күндері көтеріңкі көңіл-күймен жүру дәстүрге айналды. Адамдар бір-бірімен әзілдесіп, «қалжыңды сыйлықтар» сыйлап отырған. Соған сүйеніп, «Күлкі күні» Көпен Әмірбектің туған күнімен тұспа-тұс келетіндіктен, университеттің «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігі шараны әдейі сол күнге белгілеп ұйымдастырған деуге де болады.

Кешіне кешікпей жеткен Көпеннің құрдасы Несіпбек Айтұлы, халық ақыны Қонысбай Әбіл, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Тұрғынбекұлы, шәкірті Ұлан Нүсіпәлі, пародист Олжас Сыдықбек және басқа да дос-жарандары өздері шығарған өлеңдерін оқып, әсерлі шараны әзілмен әрлеп, қалжыңмен қамтып, көркіне көрік қоса түсті. «Көпен келе жатыр!», – деп жиналған елордалық студенттер мен басқа да талғампаз көрермендер залдан ине шаншар орын қалдырмады. Күлкінің күбісі жақсы пісілгендіктен, олар тұшымды сөздерге тамсанып, көздерінен жас парлата ішек-сілелері қата отырды. Отырғандар шалқайып, түрегеп тұрғандар ішін ұстай еңкейіп, селк-селк етеді. Мырзатай Жолдасбек, Сейіт Қасқабасов сынды белгілі қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері де мәз-мейрам.

Жалпы, Көпен Әмірбек – танымал сатирик қана емес, өз жазғанын өзі орындайтын, бір өзі бір театрға айналған сахна майталманы. «Кешегі Оспанхандардың шекпенінен шыққан, сол мектептен өткен бір Көпеннің өзі үлкен бір вагонның жүгін көтеріп жүр. Өйткені, сол қастерлі кісілердің құшағынан шықты да, оны шашпай-төкпей бүгінгі күнге алып келді», – дейді Серік Тұрғынбекұлы. Аңқылдақ ақын сөзінің бір өтірігі жоқ!

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 1 =