«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көпбалалы отбасыларды қолдау жоспары жасалды

0 150

Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен елорда тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға арналған жұмыс тобының отырысы болды. Отырыста шаһар басшысы осы тарапта атқарылып жатқан шараларға тоқталды.

«Бүгінге дейін аудан әкімдері мен басқарма басшылары тұрғындарды қабылдап, олардың жағдайымен жақын танысты. Сол бойынша аз қамтылған отбасылар туралы деректер қоры құрылып, біраз мәселелер сарапталды. Бірінші кезекте көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік, көмір және мектепке қажетті құрал-жабдықтар жеткізіліп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Демеушілер мен еріктілер аудан әкімшіліктерінің уақытша тұрғын жайлар мен жеке үйлерге газ анализаторларын орнату бастамасын қолдап отыр. Сондай-ақ әрбір отбасыны қолдауға жеке жоспар жасалды» деді әкім.

13 ақпаннан басталған «Ашық есік» апталығы 22 ақпанға дейін жал­ғасады.

Тұрғындарды қабылдау кезінде көп көтерілген мәселенің бірі – баспана жағдайы. Сондықтан қала әкімі жауапты мамандарға нақты тапсыр­малар жүктеді. Мәселен, өз орынбасары Асқар Әмринге: «Сізге ескі және апаттық жағдайдағы тұрғын үйлерді сүру, үлескерлерге көмек көрсету үшін құрылған институттарды біріктіру есебінен қосымша ресурстарды қарауды тапсырамын. Сондықтан осы екі бағыт бойынша бюджеттен қаржы қарастырып, қаланың шеткі тұрғын алаптарын ескі және апаттық жағдайдағы үйлерді сүру бағдарламасына қосу қажет. Бәлкім, мұны қолданыстағы қаланың шеткі алаптарын қайта жаңарту жөніндегі бағдарламаға толықтырулар енгізу арқылы жасау керек шығар. Біз аз қамтылған және соның ішінде көпбалалы отбасыларды муниципалдық тұрғын үймен қамтамасыз етуіміз керек» деген Бақыт Тұрлыханұлы сөзін одан әрі жалғап: «Адамдарға жалға берілетін муниципалды тұрғын үйлердің қолжетімділігі де күрделі екендігін түсінеміз. Мәселен, пәтер алуға несие рәсімдеу үшін азаматтардың табысы оған жете бермейді. Сондықтан адамдардың уақытша жайлар мен жатақханаларда немесе заңсыз салынған нысандардағы бөлмелерді 15-20 мың теңгеге жалдап тұрып жатқанын көріп отырмыз» деді ол.
Сондай-ақ, отырыс барысында шаһар басшысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мен «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қиындыққа тап болған отбасыға әлеуметтік қолдау мен атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді міндеттеді. Қала тұрғындарының төлем қабілеттілігін арттыру қажеттілігіне де баса мән берілді.


Бақыт Сұлтанов орынбасары Малика Бектұроваға көпбалалы отбасы мүшелерін жоғары жалақы төлейтін жұмыспен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. «Егер білімі жеткіліксіз болса, онда азаматтың біліктілігін арттыруды қамтамасыз етіп, содан кейін жұмысқа орналасу шарасын қолға алу қажет. Және қолда бар ақпараттың негізінде көмек көрсету, соның ішінде тұрғын үй сертификаттарын тапсыруды ұсыну үшін ресурстарды жұмылдыру алгоритмін әзірлеуді жүктеймін» деді ол.
Сонымен қатар елорда басшысы аудан әкімдері мен басқарма басшыларына «Ашық есік» апталығы аясында тұрғындармен жеке кездесулер өткізуді жалғастыра беру керек екенін айтты. «Көпбалалы отбасылар мен басқа да азаматтар түсірген барлық арыздар мен өтініштерді жедел түрде жүйеге түсіріп, оны талдап, Үкімет жанындағы жұмыс тобының қарауына жолдау қажет» деді Бақыт Сұлтанов.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды