«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көпбалалы отбасыларды қолдау жалғаса береді

0 112

Елордада көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды қолдауға жергілікті бюджеттен қосымша қаржы бөлінді. Осы санаттарға жататын Сарыарқа және Есіл аудандары тұрғындарымен кездескен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов бұл қаржы нақты қандай жұмыстарға бағытталатынын түсіндірді. Кездесуге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов, Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева қатысып, Үкімет тарапынан бұл бағытта қолға алынып отырған шаралар туралы баяндады.

БИЫЛҒЫ МеЖЕ – 1800-1900 ПӘТЕР

– «Nur Otan» партиясының кезекті XVIII съезінде Елбасының берген тапсырмаларына сәйкес барлық жергілікті атқарушы органдар өздерінің бюджеттерін қайта қарап, үнемделген қаржыны халықты әлеуметтік қолдауға бағыттайтын болды. Нұр-Сұлтан қаласында жүргізілген осындай жұмыстың нәтижесінде бюджеттен қосымша 8 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, он үш әлеуметтік шараны жүзеге асыруға бағытталады. Олардың бесеуі жуырда бюджетті нақтылау кезінде жоспарға енгізілді, – деді елорда әкімі Бақыт Сұлтанов.
Бүгінде елордада 45 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның 20 мыңнан астамы – көпбалалы, аз қамтылған отбасылар және мүгедектер. Ал баспана кезегінде тұрғандардың жартысы – мемлекеттік және азаматтық қызметкерлер. Бақыт Тұрлыханұлының айтуынша, өткен жылы осы санаттағы адамдарға мүмкіндікке қарай 188 пәтер берілді. Биыл бюджеттен бөлінген қосымша қаржының арқасында берілетін пәтерлер саны едәуір артады.
– Осы жылы алдын ала жоспар бойынша 781 пәтер берілуі тиіс болатын. Қосымша қаражаттың есебінен жылдың аяғына дейін 1800-1900 пәтер беретін болдық. Сонда кезек те жылдам жылжиды. Бұл мәселе, негізінен, бөлінетін қаржыға байланысты болып отыр. Мұны бірте-бірте шешеміз. Пәтер бөлудің өзге де тетіктері қарастырылып жатыр, – деді Нұр-Сұлтан қаласының басшысы.

ТЕГІН ЫСТЫҚ ТАМАҚПЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Халықты әлеуметтік қолдау шараларына тоқталған Б.Сұлтанов мүмкіндігі шектеулі балалар, 18 жастан асқан мүгедектер мен олардың күтушілері, көпбалалы отбасылардың балалары мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында оқитындарына қарамастан қоғамдық көлікте тегін жүре алатынын, үйде білім алатын жарымжан балаларға көрсетілетін көмек 25 мың теңгеге өскенін, яғни 1,5 есеге артқанын жеткізді.
Көпбалалы отбасылардан шыққан 1-11-сынып оқушылары осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылады. Бұған дейін бастауыш сынып оқушылары ғана тегін тамақпен қамтылғанын айта кету керек. «Нұр-Сұлтан – мұндай көмек көрсететін жалғыз қала. Осы уақытқа де­йін біз 1-4-сыныптарда оқитын барлық оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етіп келдік. Енді осындай көмек көпбалалы отбасылардың мектепте оқитын бүкіл балаларына беріледі» деп түсіндіріп өтті Б.Сұлтанов.
Сондай-ақ, аталған санатқа жататын отбасының балаларына жазғы уақытта демалыс ұйым­дастырылады. Атап айтқанда, осы жазда осындай отбасылардан шыққан 10 мың балаға жазғы демалыс орындарына тегін жолдама беріледі. Бұл мақсатта 500 млн теңге қаржы бөлінеді. Сонымен қатар, аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан елордалық оқушыларды мектеп формасымен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 638 млн теңге, осы санатқа жататын отбасыдан шыққан балдырғандарды балабақшамен қамтуға 513 млн теңге қаржы қарастырылған.
«Қазір мемлекеттік тапсырыспен балаларды қабылдайтын балабақшаларға ата-аналар 17 мың теңге төлейді. Енді 1 қыркүйектен бастап көпбалалы отбасылар бұл төлемнен босатылады, яғни олардың балалары тегін барады» деген елорда әкімі көпбалалы аналарға тістерін емдетуге бюджеттен қосымша 4 млн теңге бөлінгенін, шілде айында ем басталатынын жеткізді.

АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК МӨЛШЕРІ АРТТЫ

Көпбалалы аналарды атаулы әлеуметтік көмекті алу мәселесі толғандырады. Мұны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жан-жақты түсіндірді. 1 сәуірден бастап оның көлемі 15409 теңгеден 21572 теңгеге артқанын айтқан министр бұл көмек түрімен кем дегенде 830 мың қазақстандық қамтылу керектігін атап өтті. Осы айдан бастап елордада атау­лы әлеуметтік көмекті алатын адамдар саны да артады. Мәселен, осыған дейін 4601 адам алса, енді 6699 адамға жетеді.
– Бұрын отбасының табысын есептегенде балаларға алатын жәрдемақы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» үшін жәрдемақы, мүгедек балаға алатын жәрдемақы, стипендия, жергілікті жерден алатын ақшалай көмек – бәрі есептелетін. Мұны 1 сәуірден бастап алып тастадық, – деді министр.
Оның айтуынша, азаматтардың жекелеген санаттарын қолдау жұмысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Атаулы әлеу­меттік көмекті алуға 130 млрд теңге бөлінді.
Баспана мәселесін қозғаған министр қазір еліміз бойынша оған мұқтаж 380 мың көпбалалы отбасы, 111 мың аз қамтылған отбасы анықталғанын айтты. Алайда солардың 28 мыңы ғана тұрғын үй кезегінде тұр.

БАСПАНА АЛУҒА ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ БЕРІЛЕДІ

Халықты баспанамен қамту мәселесіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министр­лігі Құрылыс және тұрғын үй-­коммуналдық шаруашылық іс­тері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов толығырақ тоқталды.
Оның айтуынша, жеті жыл ішінде Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үй құрылысына 35,9 млрд теңге бөлініп, 4107 пәтер салынады. Бұл қаржының 8,4 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, қалған қаржы жергілікті бюджеттен бөлінеді.
Жалпы, биылғы 1 қаңтарға дейін елордада 2888 көпбалалы отбасы пәтер кезегінде тұрды. Қазір 3 мыңнан асып кетті. Биыл бас қалада 2 мың пәтер салу жос­парланса, алғашқы жартыжылдықта 250 пәтер пайдалануға берілмек.
– Кезекті күтпей, пәтер аламын дейтін азаматтарға жеңілдетілген несиелер 19 жылға беріледі. Оған 150 млрд теңге бөлініп отыр. Үш жылдың ішінде 18 мың займ беру жоспарланды. Мысалы, адам 8 млн теңге көлемінде несие алса, 8 жыл бойы ай са­йын 42 мың теңгеден, қалған 11 жылда 27 мың теңгеден төлейді. Несие 2 пайыз өсімді құрайды. Алғашқы жарна ретінде 10 па­йыз төленуі керек, – деді М.Жайымбетов.
Кездесуде көпбалалы аналар өздерін толғандыратын сұ­рақ­тарды қойып, тиісті жауаптар алды. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың жеке қабылдауына 800-ден астам ана жазылған. Осы уақытқа дейін қала басшысы олардың 300-ден астамын қабылдап, мәселелерін тыңдады. Әкімнің қабылдауы әлі де жалғасады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды