Көпбалалы отбасылар: Баспаналы болуға қандай мүмкіндік бар?

0 96

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов көпбалалы аналармен кездесті. Сонымен қатар жиынға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев пен Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова, Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов қатысты.


Өзінің баяндамасында елордалық көпбалалы аналарды қолдауға арналған 13 әлеуметтік шара туралы кеңінен айтқан қала басшысы шаһардың шеткі аймақтарының жағдайына да тоқталып өтті.
– Еліміздегі 3 ірі мегаполистің шеткі аймақтарын абаттандыру бойынша республикалық бюджеттен қаржы қарастырылады. Бұл тұрғыда елорданың шеткі аймақтарын абаттандыруға республикалық бюджеттен қосымша 7,5 миллиард теңге бөлініп отыр. Осы қаржыға 4 ауданда 4 спорт кешені мен мектептер салынып, жолдар жөнделетін болады. Жалпы, аталған бағдарлама бойынша 130 мыңға жуық адам әлеуметтік көмекпен қамтылады, – деді ол.
Өз кезегінде министр Бердібек Сапарбаев білім, денсаулық, мәдениет және спорт, әлеуметтік сала мамандарының жалақысы 15 пайыздан 30 пайызға дейін артатынын жеткізді.
– Атаулы әлеуметтік көмек жаңа форматта төленетін болады. Атап айтқанда, бұрын күнкөріс деңгейіндегі жалақының 50 пайызы төленсе, 1 сәуірден бастап ол 70 пайызға көтеріледі. Мысалы, бұған де­йін өзге өңірдегілер үшін атаулы әлеуметтік көмек көлемі 14849 теңге болса, енді ол 20789 теңгеге ұлғаяды. Ал елордалықтар үшін 15499 теңгеден 21698 теңгеге көбейеді. Себебі басқа аймақтармен салыстырғанда астаналықтардың табысы жоғары. Осы көмекпен 830 мыңға жуық қазақстандықты қамту жоспарда бар. Соның ішінде елордалықтар саны 6699-ға жетеді деп көзделуде. Ал 18 жасқа дейінгі әр балаға төленетін жәрдемақы 4834 теңгеден 20789 теңгеге артады. Егер балалардың бірі студент болса, ол 23 жасқа дейін осындай жәрдемақыны алуға құқығы бар, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Ал Мархабат Жайымбетов көпбалалы отбасылардың баспаналы болуға қандай мүмкіндіктері бар екенін егжей-тегжейлі түсіндірді. Оның айтуынша, 7 жыл ішінде қазынадан 350 млрд теңге қаржы бөлініп, еліміз бойынша 42 мың, ал бас қалада 4107 пәтер салынады деп жоспарлануда.
Жиын барысында көпбалалы аналар спикерлерге баспана мәселесі мен тұрғын үйге кезекке тұру және балабақшаға қатысты сауалдарын қойды. Алты ба­ланың анасы Айсұлу Ешенхан үйінің жа­нындағы мемлекеттік балабақшада орын болмағандықтан, қаланың екінші жағына жолдама берілгенін, алайда алысқа апару оған тиімсіз екенін айтып, шаһар басшысынан осы мәселені бір­жақты етуін сұрады.
– Балабақшаларға жолдама тұрғылықты мекенжайы бойынша берілуі тиіс. Бұл тек ата-аналар мен балалар үшін ғана емес, қалаға да тиімді. Өйткені таңғы және кешкі уақыттарда ата-аналардың қаланың бір жағынан екінші шетіне ағылуы – көліктік инфрақұрылымға үлкен жүктеме. Ал егер жеке көлігі болса, онда ол кептеліс тудырады. Сондықтан балабақшаларға берілетін орын сайт арқылы тұрғылықты жер бойынша бөлінетін болады, – деді қала әкімі.


Өз кезегінде «Алтын алқа» иегері Зия Сейітова отбасындағы 9 адамның 40 шаршы метр болатын бір бөлмелі пәтерді паналап жатқандарын айта келіп, «мемлекеттік бағдарламалардың ішінде баспананы кеңейтудің қандай да бір тетігі бар ма?» деп сұрады. Бұл сауалға комитет төрағасы Мархабат Жайымбетов былай деп жауап берді:
– Жалпы, мемлекеттік бағдарлама бо­йынша тұрғындар баспанамен тек бір-ақ рет қамтылады. Екінші рет ондай мүмкіндік болмайды. Бірақ көпбалалы, толық емес, мүгедек баласы бар отбасыларға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 2 пайыздық үстемеақымен жеңілдетілген несие беріледі. Осы бағдарламаға сәйкес, 3 жылдың ішінде 150 млрд теңге қаржы бөлініп, 56 мың пәтер пайдалануға беріледі деген жоспарымыз бар. Несие 19 жылға қарастырылады. Сіз қазіргі пәтеріңізді сатып, 10 пайыз алғашқы жарнаны құйып, осы несие арқылы кеңірек пәтер алуыңызға мүмкіндігіңіз бар. Егер 12 миллион теңгенің несиесін алсаңыз, 88000 теңге табысыңыз болуы шарт. Алғашқы 8 жылда айына 63200 теңге, қалған 11 жылда 44621 теңгеден төлейтін боласыз.
Сондай-ақ жиынға қатысқан бірқатар көпбалалы ана басқа да жеке мәселелері бойынша қала басшысының қабылдауына жазылды. Жиын соңында елордалық көпбалалы аналардың атынан сөз алған Ботагөз Шынықұлова бетпе-бет жүздесіп отырған спикерлер арқылы еліміздің барлық өңіріндегі атқарушы билікке сәлем жолдады.
– Кейбір облыста ауызсу мен электр жарығы жоқ елді мекендер бар көрінеді. Ол жақтарда жағдай дұрыс болмаған соң, өңірлердің жұртшылығы бас қалаға ағылады. Бұдан кейін осындағы мәселе де арта түспесе, кемімейді. Егер еліміздегі барлық өңірдің жағдайы жақсы болса, көпшілік алыстан ат арытып, елордаға бұлай қауырт көшіп келмес еді, – деді ол.
Мұндағы көтерілген мәселелер бойынша жүйелі жұмыс жүргізілетінін тілге тиек еткен Бердібек Сапарбаев аймақтардағы түйіні шешілмеген түйткілдер жайлы облыс басшылықтарына міндетті түрде айтылатынын жеткізді.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 10 =