«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көпбалалы аналар жайы елеусіз қалмайды

0 148

Қалалық әкімдікте қала тіршілігіне қатысты отырыс өтіп, онда жүйелі проблемалар талқыланды. Жиында көпбалалы аналардың жайы, қаланың көктемгі су тасқынына дайындығы, сол сияқты дәрігерлердің жұмысына салғырттығы секілді маңызды мәселелер қозғалды.

Қала әкімі Бақыт Сұлтанов жиналысты көпбалалы аналар мәселесін қарастыруға қатысты әкімдік тарапынан атқарылған жүйелі істердің жүзеге асырылу барысынан бастады.
– Қазір аудан әкімдіктері тиісті мекемелермен бірлесіп, қаладағы өрт қауіпсіздігін күшейтіп жатыр. Бізге өзінің әлеуметтік қиын жағдайын айтып көпбалалы аналар хабарласты. Олармен бірнеше кездесу өткізіп, бәрінің өтініш-арызын қабылдадық. Оның ешбірі әкімдік назарынан тыс қалмайды, – деді Б.Сұлтанов.
Бұған қоса, әкім қала тұрғындары үшін «Ашық есік» апталығын өткізуді тапсырды. Айтарлығы, өткен аптада елордадағы барлық ауданның әкімдері көпбалалы отбасылармен кездесу өткізген болатын.
– Қазіргі кезде аудан әкімдері азаматтарды қабылдап жатыр. Бұл жұмыс жүйелі және тұрақты түрде жүргізілуі тиіс. Әр өтініш бойынша мәселені шешу керек, – деді қала әкімі.
Әрі қарай қаланың көктемгі су тас­қынына дайындығы пысықталды. Әкім 2018 жылы 5527 су басу оқиғасы тіркелгенін және оның басым көпшілігі Байқоңыр ауданына тиесілі екендігін айтты.
– Көктем шыға осы мәселе бойынша шағымдар түсетін болады. Есіл ауданы әкімдігі «Астана Тазалық» ЖШС-пен бірлесіп, Майбалық көлінен «Нұра-Есіл» арнасына дейінгі каналды қардан тазалауы керек. Ал Сарыарқа мен Есіл ауданы әкімдігіне Есіл өзенінің жағасын бекітіп, газ аппаратурасы зауытының ауданы мен Ш.Бейсекова көшесі бойындағы көпірдің ар жағындағы саяжай аумақтарын су басудан қорғау керек. Барлық аудандық әкімдік пен ТЖД бірлесіп, су басу қаупі жоғары 34 учаскені қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы «СК Құлагер» ЖШС-пен бірлесіп Ильинка тұрғын үй массивіндегі бөгетті қосымша бекітуі керек. Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына су тасқыны басталғанға дейін «Нұрлы жол» вокзалы жанындағы жаңа көпір құрылысы ауданындағы бөгетті бұзуды тапсырамын, – деді Б.Сұлтанов.
Сонымен қатар, әкім қалалық ортаны регенерациялау, стратегиялық және бюджеттік жоспарлау, қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармаларының басшыларына, «LRT құрылысын салу жөніндегі дирекция» ЖШС, «ҚазАвтоЖол» АҚ, «Қазсушар» РМК, «Қазгидромет» РМК басшылығына тиісті тапсырмалар берді.
Қаладағы жүйелі мәселелер қатарында денсаулық саласы да бар. Осы жолы мед­қызметкерлердің дөрекі қызмет көрсетуіне қатысты мәселе көтерілді.
– Әлеуметтік желіде жазып, шу кө­термейінше, дұрыс жұмыс істей алмайсыздар ма? – деді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қа­мал­жан Надыровқа қарата. – Жыл басынан бергі рейтингте түскен шағымдарды не­гізсіз дейсіз. Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды. Тәртіпке келтіріңіз! – деп тоқталды әкім.
Бұған қоса, әкім дәрігерлердің жала­қысын көтеру жайын қозғап, даму стратегиясын әзірлеу кезінде жергілікті бюджет есебінен бұл мәселе қарастырылатынын жеткізді.
2019 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша қала бюджетінің орындалуы, объектілерді қаланың коммуналдық меншігіне қабылдау туралы қала әкімінің орынбасары Асқар Әмрин айтып берді. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары, SMART-сити жобаларын іске асыру және «Сергек» бейнебақылау камераларын қосу барысы туралы қала әкімінің орынбасары Малика Бектұрова баяндады.
Сондай-ақ, қала әкімі лифт шаруа­шылығы жұмысына байланысты өзекті мәселелерге назар аударды. «Лифтілердің нашар жағдайы мен тұрғындарды эвакуациялау мәселесін қайта қарауға шақырамын. Тұрақты бақылауда ұстап, атқарылған жұмыс жайында ай сайын баян­дап отырыңыз» деді әкім.
Одан әрі үлестік құрылысқа қаты­су­шылардың мәселелері және iKomek ор­талығының жұмысы бойынша баян­дама тыңдалды. Өрт қауіпсіздігінің мәсе­лесі қаралды. Жыл басталғалы қала тұрғындарынан көп қабатты тұрғын үй­лер мен адамдар көп жиналатын орын­дардағы өрт қауіпсіздігін тексеру бойынша 31 өтініш түскен. Барлық сұрақ бо­йынша ТЖД тарапынан «Осы өтініш бо­йынша Астана қаласы Төтенше жағдай­лар департаментіне хат жазыңыз» деген желеу­мен жабылған.
– Осы шара жедел әрекет етуге кедергі келтіріп, жұрттың қауіпсіздігіне қауіп тудыруда. Мұндай әрекеттердің нәтижесін көріп жүрміз, – деп атап өтті әкім ТЖД-нің басшысына қарата. – Сіздер арыз түскен мекенжайға барып жазбаша өтінішін сол жерден жазғызып ала аласыздар ғой. Қосымша мәселелер тудырмай, бірден атқарып тастауға болады ғой. Төтенше жағдайлар департаментіне iKomek орталығы арқылы өрт қауіпсіздігіне байланысты түсетін өтініштерді қарау, орындау тәсілін қайта талқылауды тапсырамын, – деді әкім.
Бұдан әрі 2017-2019 жылдарға ар­нал­ған «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының инф­рақұрылымдық дамуы, аулалардың абаттандырылуы мен қауіпсіздігін жүзеге асыру барысы қаралды. Отырыс қорытындысы бойынша қала әкімі тиісті құрылымдарға нақты тапсырмалар берді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды