«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Көпбалалы аналар сауалы толастамады

0 159

Кеше Астана әкімінің орынбасары Асқар Әмрин мен елор­далық басқармалар өкілдері шаһар тұрғындарымен кез­десті. «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының ғима­ра­тын­да өткен бұл іс-шара «Сұрақ-жауап» форматында ұйым­­дастырылды.

– Кездесудің тиімділігін арттыру үшін біз былтырдан бастап осындай форматқа көштік. Яғни сұрақ қоюға келген қала тұрғыны өз мәселесіне қатысты басқарма өкілімен жүзбе-жүз кездесе алады. Бүгінгі жиынға Құрылыс және тұрғын үй саясаты, Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау, Білім, Қоғамдық денсаулық сақтау, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, Активтер және мемлекеттік сатып алу секілді қала тіршілігіне жауапты басқармалардың өкілдері қатысуда, – дейді «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Сапаров.
Кездесуге келген жұртшылықтың ішінде көпбалалы аналар тарапынан сұрақтар жиі қойылды. Мәселен, өзін Есенкүл Төлеева деп таныстырған тұрғын 2008 жылы үй алу үшін кезекке 5383-інші болып тіркелгенін, содан бері он жылдан аса уақыт өтсе де, 1329-ыншы орынға енді ғана жылжығанын айтады. Бүгінде бес баласымен бірге айына 110 мың теңгеге пәтер жалдап тұратын Данагүл Кәткенова да «Тегін пәтер сұрамаймыз. Жалдамалы тұрғын үйлерді алғашқы төлемсіз рәсімдейтіндей жағдай жоқ па бізге?» деп жанайқайын жеткізді. Қазіргі таңда Астана қаласы бойынша үй алуға кезекте 9320 көпбалалы ана тұр екен.
Сондай-ақ тұрғындар жылжымайтын мүлікті жекешелендіру, шағын және орта бизнес, мүгедектікке өту секілді мәселелер бойынша өз сауалдарын қойып, тиісті органдардың жауабын алды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды