Көпбалалы аналар кәсіп бастады

0 34

Елордада қала әкімдігінің қолдауымен «Алтын шаңырақ ұясы» атты тігін орталығы ашылды. Аталмыш нысан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауына орай қолға алынды. Президенттің көпбалалы және жағдайы төмен отбасылардың бизнесіне қолдау көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізу туралы тапсырмасын орындау мақсатында жұмысын бастады. Кеше Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен орталыққа барып, құтты болсын айтып, ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесімен құттықтады. Қала басшылығының атынан сый-сыяпат жасады.Осының алдында бір топ көпбалалы ана, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері әлеуметтік бағыттағы тігін орталығын ашуды ойластырып, қала әкімдігінен көмек сұрады. Олар кәсіп бастау үшін жеңілдікпен орынжай беру мен тігін машиналармен қамтамасыз етуді өтінді. Әкімдік өтініштерін қанағаттандырып, демеу­шілер арқылы қажет қондырғыларды алып берді. 100 шаршы метрді құрайтын ғимаратпен қамтамасыз етті. Сөйтіп, бір апта бұрын алтын құрсақты аналар істерін бастады.
– Өткен жылы белгілі қолөнер шебері Ырза Тұрсынзаданың шеберлік сабақтарына қатыстық. Біздің ұстазымыз сол кісі. Одан кейін «Алтын шаңырақ ұясы» атты қоғамдық бірлестікті құрдық. Қала әкімдігінен көмек сұраған едік, өтінішіміз кері қайтарылған жоқ. Қазір мұнда сегіз ана нанымызды тауып, жұмыс істеп жатырмыз. Негізгі кәсібіміз – төсек жабдықтары, көрпе-жас­тық сияқты қыз жасауын тігу. Әртүрлі ұлттық киімдерді де тігеміз. Шикізатты орталық базардан сатып аламыз. Қалада карантин жариялануына байланыс­ты қазір беттұмшаларды да тігіп жатырмыз. Тапсырыстар көп түсіп жатыр, – дейді тоғыз баланың анасы Әлида Отарбаева.
Көпбалалы ана Әсия Иманбекқызының айтуынша, күніне мұнда әртүрлі матадан 200 беттұмша тігілуде. Ауруханалардан, жеке адамдардан тапсырыстар көп. Бағасы да қолжетімді.
Әкімнің орынбасарымен әңгімеде аналар қала басшылығына осындай мүмкіндік тудырғанына алғыс­тарын айтты.
– Үлкен бизнес кішкентай кәсіптен басталады. Бұл игілікті істеріңіз кәсіпкерліктің бастамасы ғана деп білеміз. Шағын цехтарыңыз ірі фабрикаға айналуына тілектеспін. Әкімдік тарапынан сіздерді әрқашан қолдауға дайынбыз. Қоныстарыңыз құтты болсын! – деді ­Б.Мәкен.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 + 2 =