«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

КӨП  ТҮЙТКІЛДІ  «КӨКТАЛ»

0 147

509570b6c38d7cb928696633a95

«Көктал» тұрғын алабының халқын негізінен көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу, кәріз жүйесінің жағдайы сынды шаруашылық мәселелері алаңдатады. Аумақ экологиясы да басты орындардың бірінде тұр. Осы түйткілдерін аталмыш аймақ  тұрғындары кеше Сарыарқа ауданының әкімі Павел Кулагинге тікелей жеткізуге мүмкіндік алды. Аудан басшысы биылғы халыққа есеп беру кездесуін аталған елдімекеннен бастап, дәстүрден ауытқымай алдымен өткен жылы аудан бойынша атқарылған жұмыстармен және алдағы жоспарлармен таныстырды. Есеп беру кездесуіне Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, қалаға қарасты  мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.

 

«Көк түтінге қашанғы көмілеміз?»

Елорданы газбен қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібіне қойылғалы  бірнеше жылдың жүзі болды. Бұл игілікке бас қала аумағында бәрінен бұрын «Көктал» тұрғындары қол жеткізетін сияқты. Павел Кулагин өз есебінде елдімекенге газ таратуға арналған екі орын белгіленгенін, тиісті  жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын, бұл жұмыс ағымдағы жылдың наурыз айында аяқталуы  тиіс екенін айтып, алап  тұрғындарын қуантып қойды.

Елдімекенге газ келгеннен кейін тұрғындар бір түйткілден құтылатын болады. Қазіргі таңда жеке үйлердің пештері және ұйымдар мен қоғамдық орындарды жылытатын қазандықтар мұржаларынан шығатын түтін кейбір көшелерді көк тұманға көміп, тұрғындардың тынысын тарылтатын болыпты. Көмір жаққаннан халықтың денсаулығына ғана емес, аумақ экологиясына да зиян келіп отыр. Бұл туралы Әсемгүл Ыбыраева есімді  тұрғын әкімге жеткізді. «Ардагерлер көшесін үнемі көк тұман басып тұрады. Түтіннің жағымсыз иісі де қолқаны қабады. Осы аумақта пошта бөлімшесі, монша, «Балажан» атты жекеменшік балабақша орналасқан. Бұл орындар немен жылытылатынын кім білсін, меніңше олар тәулік бойы рәзіңке жағатын сияқты» деді ол.

«Аталмыш мәселе тек «Көкталда» ғана емес, «Өндіріс» тұрғын алабында да, Оңтүстік-Шығыс аймағында да кездеседі. Бұл елдімекендердің тұрғындары осындай жағдайға жиі шағымданады. Бірден шешіп айтайын, газ келмейінше аталған мәселе шешімін таппайды. Ал, экологияға байланысты табиғатты қорғау органына тапсырма беріледі. Олар тексеріс жүргізіп, сәйкес қорытынды шығарады» деді Павел Кулагин бұл мәселеге жауап ретінде.

 

Шиеленген  түйін  шешілуге  тиіс

Жалпы, басқаға қарағанда жоғарыда аталған Ардагерлер көшесінде түйткіл көп пе деп пайымдадық. Тұрғындар арыз-шағымдарын жеткізгенде біраз мәселе осы көшеге қатысты болды. Бұл көшеде қоқыс контейнерлері де ебейдейсіз орналасқан, құлауға айналған ескі дүкен де айналасының ажарын кетіріп  тұр, сондай-ақ, осы көше мен Дулат Бабатайұлы көшесіндегі жер мен кондоминиум де рәсімделмеген болып шықты. Бұл сұрақтарға рет-ретімен жауап берген аудан әкімі қоқыс контейнерлері тиісті стандартқа сәйкес орналастырылғанын сендіруге тырысты. Осы мәселеге және ескі дүкенге қатысты жайтты есеп беру кездесуінен соң тексеруге уәде берді. Ал, жер мен кондоминиумды рәсімдеу кестесі аудан әкімдігінде жасалғанын, оның аяқталу мерзімі жазға белгіленгенін жеткізді.

Тағы бір түйткілі көп көше Жезді аталады. Тұрғындардың айтуынша, онда кәріз жүйесі мен тас жолдың салына бастағанына бірнеше жыл болыпты. 2014 жылы көше жарықтандырылды, алайда әлі күнге дейін бірде бір шам жанбайды. Жүргіншілер жолының салынуы басталды да орта жолдан тасталды. Мұның бәріне бір ғана себеп бар екен. Аталған жұмыстарды жалғастыруға қаржы жеткіліксіз болып тұр. Бірақ, әкімдік қол қусырып отырмақ емес екен. «Есеп беру кездесуі бітсін. Сол көшеге барып, жағдайды өз көзімізбен көрейік. Жақын маңда  электр желілер болса, бәлкім уақытша кесте арқылы жарықты тартуға мүмкіндік табармыз» деді аудан әкімі.

Жарықтандыру мәселесі мұнымен қоса Жаяу Мұса мен Баршын көшелерінде де туындап тұр екен. Баршын көшесін жарықтандыруды инфрақұрылымның ретке келмеуі тежеп отырған көрінеді. Бұл сұраққа «Ол көшеге жол салу жоспарланған. Жол салынбай тұрып оған жарық тарту тиімсіз» деген жауап берілді.

d25a7b0148cd1bd5089385e8fa8

Ардагерлер әлі ән айтады

Руханият, салауатты өмір салты мәселесі де қозғалмай қалған жоқ. Ауданда 1935-1945 жылдары туған қарттардан құралған «Соғыс балалары» атты 15 адамнан тұратын хор жұмыс істейді екен. Осы ұжым дайындықтарын өткізуге орын таба алмай, сабылысқа түсіпті. Хор жетекшісінің айтуынша, қазір дайындықты өзінің пәтерінде өткізуге мәжбүр. Сондай-ақ, шахмат-дойбы сайыстарына да бұл қарттар белсене қатысатын көрінеді. Қаламыздағы жарыстарға ғана емес, өзге облыстарға да барып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Жетекші «бізге музыкалық дайындықтар мен спорттық жаттығуларды жасауға лайық орын берілсе екен және ол жердің аумағы 30-40 шаршы метрден аз болмаса жақсы болар еді» деген базынасын жеткізді. Бұған жауап берген Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев хорды «Жеңіс балалары» деген атауға өзгерту ұсынысын енгізді. Жетекші болса, оны өзгертуге болатынын айтты. Ал, жалпы мәселе қаралатыны айтылды.

«Көктал» тұрғын алабында былтыр саябақ абаттандырылыпты. Маңай мүлде құлпырып шыға келгенін айтып, ризашылық білдірген тұрғындар демалыс орынын жетілдіру жағына да назар аударды. Олар саябаққа жүргіншілер жолы мен сол жерде балалар жиі ойнайтындықтан көліктердің жылдамдығын тежейтін жолақ салынса екен деген өтініштерін айтты. Аудан әкімі тарапынан жол полициясы қызметкерлеріне тиісті өтініш жеткізілетіні айтылды.

 

Қауіпсіздік  шаралары қажет

Құқық қорғау органдарына қатысты тағы бір мәселені айтайық. Есеп беру кездесуіне тек «Көктал» тұрғын алабының халқы ғана емес, ауданның басқа аймақтарында тұратын жұрт қатысып, мұң-мұқтаждарын жеткізуді жөн көріпті. 188 көшенің бір тұрғыны жуырда тапа талтүсте пәтері тоналғанын, үйдің аумағында бейнекамера орнатылғанын, тиісті арыз-шағымды аудандық ішкі істер басқармасына түсіргенін, алайда ол жақтан еш жауап ала алмай тұрғанына қынжылыс білдірді. Бұл мәселе бойынша аудандық ішкі істер басқармасының бастығы Айдос Рысбаев  шағымданушының өзіне жолығуын өтінді.

Ықылас Дүкенұлы көшесінің 37/3 үйінің маңында он бір қабатты бес үй және жеке үйлер орналасқан. Бұл маңайға автобустар қатынамайтын көрінеді. Осы мәселені көтергеніне бірнеше жыл болғанын, былтыр жолаушылар тасымалы желісі жаңартылғанда неге өздері тұратын аймақ ескерілмегенін Ұлбике Хамитова дейтін тұрғын сұрады. Бұған жауап берген Жолаушылар тасымалы басқармасы басшысының орынбасары Әбдіхамит Тамабаев сәйкес аумақ қауіпсіздік ережелеріне сәйкес келмейтінін жеткізді.

Ауданда қызыл суды алдын алу жұмыстары да қолға алынған. Бұл жұмыс қазір қарды шығару жолымен іске асырылуда. Арнайы  кесте жасалғандығын айтқан Павел Кулагин «Көкталға» кезек ақпан айына түсіп тұрғанын айтты. Жалпы шаруашылыққа байланысты кез келген мәселе туындағанда әкімдікте құрылған  байланыс орталығының 109 номеріне хабарласуға болатынын қаперге салды.

Есеп беру кездесуін түйіндеген Ермек Аманшаев тұрғындардың өтініштері Астана әкімінің бақылауында тұрғанын, әр дүйсенбі сайын осы өтініштерге байланысты қала басшысы жиналыс өткізетінін, сондықтан тиісті шешімдер қабылданатынын  жеткізді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды