КӨП САЛАЛЫ САУДА-ЛОГИСТИКА КЕШЕНІ БОЙ КӨТЕРЕДІ

0 118

ERA_7766

Париждегі «Ранжис» пен Мадридтегі «Мерко-Мадридке» ұқсас ірі сауда орталығы енді Астанада да бой көтермек. 2017 жылдың екінші тоқсанында толық пайдалануға берілетін көп салалы сауда-логистикалық орталықтың алғашқы қадасы өткен сенбіде қағылып, оның іргетасына капсула қойылды. Бұл салтанатты шараға Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов қатысты.

Бүгінде Астана қаласында 25 сау­да базары бар. Оның 8-і белгілі бір тауарларды ғана сатса, 15-і – әмбебап. Қалған екеуінің біреуі – комму­налдық, екіншісі көтерме сау­да­­мен айналысады. Мұның бәрін жік­теп отырған себебіміз, осы базар­ларда сатылатын заттың бәрі, атап айт­қанда, азық-түліктен бастап, киім-ке­шектер, тұрмыстық бұ­йым­­дар, құрылыс заттары, тіпті автокөліктердің сатылымына дейін осы көп­­ са­лалы сауда-логистикалық орталықтың бойына жинақталатын болады.
Бұл нысанның іші үш үлкен ай­маққа бөлінбек. Біріншісі әрі ең бастысы – мұнда экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік сататын ірі базар орналасады. Онда тек ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түліктің барлық түрі қойылатын болады. «Астана қаласы әкімдігінің қол­дауымен «ӘКК-Астана» АҚ-мен бірлесіп, қазірден бастап ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру­шілермен жұмыс істеп жатырмыз. Біз ешқандай делдалсыз, тікелей келісімдер жасайтындықтан өнім­дердің сатылымдағы бағасы әлде­қайда арзан болады. Өндіру­шілерге де жағдай жасалып, оларға сауда павильондарындағы орын жеңілдетілген бағамен ұсынылатын болады» дейді украиндық инвестор компанияның басқарушы директоры Вячеслав Запорожец. Бұл базардың жалпы ауданы 80 мың шаршы метрді құрамақ. Онда әрқайсысы шамамен 11 мың шаршы метр болатын 7 сауда павильоны орналасатын болады.
Елордамыздағы ең ірі сауда ор­талығы болғалы тұрған кешен­нің екінші аймағында жалпы аумағы 120 мың шаршы метрді құ­рай­тын логистикалық терминал бой көтереді. Онда өнеркәсіптік тауар­ларға арналған және жеміс-жидектерді он екі ай бойы бұзбай сақтай алатын қоймалар салынады. Бүгінде өзіміз жеп жүрген жеміс-жидектерге ұзақ сақталу үшін неше түрлі консерванттар қосылатыны белгілі. Ал, бұл қой­малардың ерекшелігі сол, көкө­ніс­терді, жемістерді ешқандай қоспасыз-ақ балғын күйінде сақтай алады екен. Себебі, қоймалар газбен реттелетін заманауи техноло­гиямен жабдықталады, онда то­ңазытқыштар, өнімдерді үсірмей, езбей, баппен сақтайтын мұздатқыш камералар қойылатын болады. «Біз Қазақстанда жоқ экзотикалық жеміс-жидектерді шет елдерден аптасына бір рет ұшақ­пен тасымалдауды жос­парлап отырмыз» деді Вячеслав Васильевич.
Сауда-логистикалық кешеннің үшінші зонасы киім-кешек, тұр­мыстық заттар, құрылыс материалдарын сататын сауда орталығына айналмақ. Мұнда автокөліктер саудасына арналған арнайы жолақтар да белгіленеді. Ойын-сауық кешені де осында орналасады.
Қысқасы, көп салалы сауда-логис­тикалық кешен астаналықтар мен елорда қонақтары үшін бәрін бір жерден табуға болатын өте ыңғайлы орталық болғалы отыр. Әзірше қаланың шеті болып тұрған Алаш тас жолының бойы енді бірнеше жылда кешен құрылысымен бірге адам танымастай өзгермек. Айналасына тұрғын үйлер салынып, қонақ үй тұрғызылып, қалааралық автобустар қатынайтын болады.
Ірі сауда орталығының жалпы ауданы – 400 мың шаршы метр. Құрылыс салушылар биылдың өзінде азық-түлік сататын екі павильонды пайдалануға бермек. Одан әрі жыл сайын 100 мың шаршы метрді тапсырып отырамыз деп уәде беріп отыр. Ал, кешен толыққанды пайдалануға берілген кезде келушілердің саны күніне 100 мың адамды құрайды деген болжам бар.
Осынау ірі кешен пайдалануға берілген кезде Астанадағы жабайы сау­да, жайма базар, сауда контейнерлері түгел жойылып, оның орнын өрке­ниетті сауда басатын көрінеді. «Бұл дегеніңіз – орталық базардағы сау­дагерлер жұмыссыз қалады деген сөз емес. Оларға жаңадан ашылатын кешеннен орындар жеңілдетілген бағамен ұсынылатын болады. Жа­қында сату кеңсесін ашпақшымыз. Барлық мәліметтерді содан алуға болады», – дейді В.Запорожец.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + eight =