©2020 Астана Ақшамы
КӨП БІЛЕТІНДЕР КӨП ЖАСАЙДЫ
Бүгiнде компьютер мен қалта телефонынан пайдаланбайтын адам кемде-кем. Алайда, олардың миға тигiзер зияны көп екенін білсек те, көбiне соған мән бермей келеміз.
Күнделікті өмірімізде компьютер мен қалта телефонына үйреніп алғанымыз соншалықты, қазір оларсыз тірлікті елестету қиын. Жұмысымызды әлдеқайда жеңілдететін бұл заманауи құралдар адамның есте сақтау қабілетін нашарлатады дейді ғалымдар.
Мидың қалай жұмыс істейтіні туралы көп зерттеген ғалымдардың пайымдауынша, қазiргі таңда миды терең жұмыс iстету арқылы неше түрлi ауруларды емдеуге, анықтауға болады екен. Мысалы, семiздiктен арылатын болсаңыз, сiз үш жастағы кезiңiздi есiңiзге түсiре аласыз. Демек, бiз мүлдем басқа саланы түртiп оятып, адамның есте сақтау қабiлетiн күшейтемiз. Бұл – ғылым үшiн ғажайып сенсация. Демек, сiз үш жаста қандай болғаныңызды бiле аласыз. Ол үшiн ұдайы мимен жұмыс iстеу маңызды. Бұл ретте өзіміз әбден бауыр басып алған компьютер мен қалта телефонын пайдалануды шектеген абзал. Себебі, өнебойы ой еңбегiмен айналысқан кiсi кең көлемдегi ақпаратпен қаруланады және ұзақ жасайды. Сонымен бірге мұндай адамдардың миы да кеш қартаятын көрінеді.
Мамандардың айтуынша, адам өзiнiң физикалық ресурстарын пайдалану арқылы өзi ойламаған биiктерді бағындыра алады. Бұл тек қана сiздiң денеңiздiң шымырлығынан, бұлшық еттердiң мықтылығынан емес, мидың қалыпты жұмыс iстеуiнен жүзеге асатын құбылыс болса керек. Сондықтан, күні бойы компьютерде отырып ойын ойнауды немесе әлеуметтік желілер арқылы бос әңгіме айтуды доғарып, қалта телефонын да қажеттілік туындаған кезде ғана пайдалануға дағдыланған дұрыс деп есептеймін.
Мағжан БЕКШЕНОВА,
Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы