Конституциясы көне және аз өзгеріске ұшыраған елдер

0 473

Сан-Марино

Ең шағын мемлекеттердің бірі саналатын Сан-Мари­но­ның конституциясы – әлем­дегі қағазға түскен көне конс­ти­туциялардың қата­рында. Ол екі нормативтік актіге бөлінеді: алты кітаптан тұратын Сан-Марино республикасының заңдық статуты (ережесі) және 16 баптан тұратын Сан-Ма­риноның мемлекеттік құ­ры­лымының негізгі прин­циптері мен азаматтық құқығының Декларациясы.

Заңдық статутты Бас кеңес 1600 жылдың 8 қаза­нында қа­­былдады. Статут респуб­ли­ка­ның негізгі нышандарын ко­ди­фикациялайды. Құжаттың төл­­нұсқасы Риминиде, ал тел­нұсқасы 1634 жылы Форлиде басылып шықты.

Конституциялық рефор­ма­ның нәтижесінде, Арен­го­ның (әулет басшылары ассам­блеясының) шешімімен 1906 жылы 26 наурызда сәл-пәл өзгертулер енгізілді. Ол өзгерту Бас кеңестің мүшелерін жалпы­халықтық сайлауға қа­тысты болатын. Осылайша, заң шығарушы билік Бас ке­ңестің құзырына өтті. Алайда, Аренго Республиканың Ста­тутын өзгерту мен петиция құқығын өзінде сақтап қалды. Олар әлі күнге дейін күшін жой­ған емес. Мысалы, әрбір алты ай сайын ауысып отыратын ел басқарушы – капитан- регенттерге 1 сәуірден ке­йінгі және 1 қазаннан кейінгі ал­ғашқы жексенбіде азаматтардан қаптаған өтініштер түседі. Олар алты айдың ішінде қара­луы тиіс. Осылайша, жоғар­ғы мемлекеттік органмен ті­ке­лей байланысты үзбейтін де­мо­кратияның аса маңызды құралы халық қолында қалып отыр.

АҚШ

АҚШ Конституциясын 1787 жылы 17 қыркүйекте Филадельфияда Конституциялық Конвент қабылдап, кейінірек сол кездегі он үш штат тегістей ратификациялаған. АҚШ-тың Жеті баптан тұратын ата заңы әлемдегі төрт аяғын тең бас­қан алғашқы конституциялардың қатарына кіреді. Қабылданғалы бері оған бас-аяғы 27 өзгерту мен толықтырулар енгізілді. Оның он­шақтысы «Құқықтар туралы билль» топтамасына жатады. Аза­маттардың жеке құқықтарын ке­ңейтетін, сәйкесінше мемлекеттік органдардың құзіреттерін шектейтін осынау алғашқы он өзгертуді 1789 жылы АҚШ-тың төртінші президенті Джеймс Мэдисон ұсынды. Әрине, бұған Томас Джеферсон сияқты Конституциялық Конвентке кірмеген дербес саясаткерлер мен публицистердің адамның негізгі құқықтарына қатысты бел­сенді бастамасы түрткі болып еді. «Құқықтар туралы билль» рати­фи­кацияланғаннан бері Конгреске он мыңға жуық өзгертулердің жобасы келіп түсті. Алайда, олардың басым бөлігі Конгресс комитетінің елегінен өтпей қалды. Бірқатарын Конгресс өзі қайтарды. Ал толықтай ратификацияланған өзгертулердің қай-қайсысы да мемлекеттің дамуы мен заманның қажеттілігімен ақ­та­лады. Мысалы, 1795 жылы мақұл­­данған он бірінші өзгерту бойын­ша штатқа қарсы шағым тек сол штаттың сотына берілетін болды. Немесе Азаматтық соғыс аяқтал­ғаннан кейін қабылданған он үшінші, он төртінші, он бесінші өзгертулер құлиеленушілік пен одан туындайтын нәсілдік кемсітушілікті жоюды мақсат тұтты. Әсіресе, қоғамдық-саяси дүрбелеңдерге толы болған XX ғасырда Конституция өзгертулерден кенде қалған жоқ. Айталық, жиырма бірінші өзгерту салық төлемегені үшін сайлауға қатыстырмауға тыйым салуды тоқтатты. Өйткені, бірқатар штаттар осыны желеу етіп, кедей-кепшіктерді (олардың көпшілігі афроамерикалықтар мен иммигранттар) cайлаудан аулақ ұстауға тырысқан. Өзгерту заңдық күшіне енгеннің белгісі сол – екі жылдан кейін болған Харпердің Виргиния штатының сайлау департаментіне қарсы атышулы ісінде Жоғарғы сот департамент әрекеті конституцияға қайшы деп шешім шығарды.

Жапония

Жапонияның қазіргі қолда­ныс­тағы Конституциясы 1947 жылы 3 мамырда күшіне енді әрі сол кезден бері бірде-бір өзгертуге ұшы­ра­ған жоқ. Заңнамалық актінің бұ­зылмастай біртұтастығының сы­ры 96-бапта жатыр. Ол бойынша Конс­титуцияға қандай да бір түзету жасау үшін қос палатының кем дегенде үштен екісінің келісімі керек. Мақұлданған өзгертулер онымен қоймай айрықша референдумға салынады немесе жаңа сайлау өт­кеннен кейін парламенттің қарарына жіберіледі.

Бір айта кетерлігі, 1889 жылғы Мэйдзи Конституциясына қара­ғанда, бұл құжатта халықтың еге­мендік ұстанымдарын ашық түрде жариялайды (кіріспе,1-бап). Парламент – мемлекеттік биліктің жо­ғарғы органы. Ол екі палатадан – өкілдер палатасынан және ке­ңес­шілер палатасынан тұрады. Мүшелері жалпыхалықтық сайлау негізінде сайланады. Премьер-министр депутаттардың ішінен сайланады, ал ол жетекшілік ететін министрлер кабинеті Парламент алдында жауапкершілік жүктейді.

Жапония Конституциясын «пацифистік» деп те атайды. Өйт­кені, онда жапон халқының бей­бітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін қандай да бір соғыстан, ха­лық­аралық жанжалдарды қарулы қақтығыспен шешуден бас тартуын бей­нелейтін 9-бапқа айрықша маңыз артылады. Жапон милитаризмі жаң­ғыруының алдын алған аталмыш бап бір жағынан қолайсыздық тудырады. Өйткені, осының салдарынан мемлекет БҰҰ мүшесі ретінде бітімгершілік миссиясына және табиғи апаттардан құтқару операцияларына қатыса алмайды. Алайда, іс жүзінде тек ел шекарасының тұтастығын қоруға тиіс жапон әскері соңғы жылдары шетел кемелерін қорғаймыз деп Аден бұғазындағы теңіз қарақшыларымен қарулы қақтығысқа ұрынып қап жүр. Сон­дықтан да Жоғарғы палата 2007 жы­лы тоғызыншы бапты қайта қарау ту­ралы шешімге келді. Ал жапон қайраткерлері болса, «Тоғызыншы бап» деген қоғамдық бірлестік құрып, милитаристік саясатқа мойын бұруға қарсылық көрсетуде.

Нидерланд корольдігі

Сонау 1815 жылы қабылданып, конституциялық монархияны қа­лыптастыруға жол ашқан қазір­гі Конституция Нидерланд король­дігінің тек еуропалық бөлігі үшін негізгі заң ретінде мойындалады. Ал, Аруба мен Нидерландтық Антиль аралдарының құқықтық мәртебесі айрықша хартиямен реттеледі. Билік басына король Виллем I келгеннен кейін жарияланған Конс­титуцияны алғашында Оңтүстік Нидерландтың (қазіргі Бельгия) біраз депутаттары хош көрмеген. Алайда, тек дін бостандығын шектеуге ғана қарсы болғандарды «қолдау білдірді» деп есепке алды. 1848 жылға дейін қарпі де қисаймаған конституциялық ереже корольге сенаторларды өмірбақилыққа таға­йындап, шектеусіз уәкілеттілік беруіне ерік берді. Дәл осы жылдан бастап Нидерландта парламенттік демократия салтанат құрып, министрлер Бас штаттың алдында жа­уапкершілік жүктейтін және Бірінші палатаға екі деңгейлі сайлау жүргізілетін болды. 1922 жылы жал­пыға бірдей сайлау құқығы енгізілді. 1948 жылы мемлекеттік хатшылар институты пайда болды. Конституциядағы күрделі әрі әзірге соңғы өзгерістер тек 1983 жылы жасалды. Ол бойынша әлеуметтік құқық ережелері толықтырылып, өлім жазасына, дискриминацияға тыйым салынды, сөз бостандығы мен бейбіт шеруге, сондай-ақ жеке басқа қол сұғылмаушылық туралы жалпылай түсініктер берілді. Бір қызығы, голландтық саяси қауымдастық бұл­жытпай сақтайтын кейбір қағи­далар конституцияда көрініс тап­паған. Мәселен, «Нидерланд кабинеті» деген ұғымның аясына тек министр­лер емес, мемлекеттік хатшылар да кіреді. Конституция­да анық-қанық көрсетілмесе де, Кабинеттің міндетті түрде мо­нарх­тың және партиялардың арнайы өкілдері «форматор», «инфор­ма­торлардың» қатысуымен жа­сақ­талуы – «жазылмаған заң» Сон­дай-ақ, іс жүзінде солай болса да, конституцияда төменгі палата сенімсіздік танытса, министрлердің отставкаға кетуі туралы, корольдің бір дау-дамайға байланысты төменгі палатаны бір мәртеден артық тара­туға болмайтындығы туралы, жо­ғарғы палатаның партиялық қи­сын тұрғысынан заң жобаларына шектеу қоя алмайтындығы туралы ешқандай ереже жоқ.

Австралия

Австралиялық Одақ үкіметі бас­шылыққа алып жұрт ұстау, ел басқару жорасын жүргізетін Конс­титуциялық акт 1990 жылы қабылданған. Оны сол замандарда отаршылдық үстемдік еткен Ұлы­британия парламенті қабылдап, Виктория патшайым қол қойып бекітіп берген. Дегенмен, қазіргі таңда тәуелсіз мемлекет ретінде бой тіктеген Австралия әуел бастағы Конституциялық актіге қосымша ресми құжат ретінде қабылданған 1988 жылғы конституцияға көбі­рек сүйенеді. Ол бойынша енді Ұлы­британия парламенті Австралия конституциясын тікелей өзгерте алмайды. Қандай да бір өзгеріс тек Австралия аумағындағы референдум нәтижесінде болуы мүмкін. Тәж иесі, яғни патшайым Елизавета II Австралия министрлерін тағайындауға беретін жазбаша рұқсат Конституцияның айрықша бөлігі болып табылады. Сондай-ақ Австралия аумағында кейбір қо­сымша актілер мен құжаттардың конституциялық маңызы бар. Мы­-
салы, 1931 жылғы Вестминистр актісі, 1986 жылы аралдың бүкіл штаттары мен федералды парламенті және Ұлыбритания парламенті қабылдаған Австралия актісі негізгі заңмен бірге елдің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге қызмет етеді.

Дайындаған
Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve + 9 =