Көңілдің асыл пернесі
Назарбаев орталығында «Көңілдің асыл пернесі: Нұрсұлтан Назарбаевтың ән шығармашылығы» І республикалық ән байқауының қорытынды концерті өтті. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы мен қорының, М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайының ұйымдастыруымен өткізілген бұл байқауда еліміздің түкпір-түкпірінен келген орындаушылар бақтарын сынады.
Конкурсқа еліміздің 98 білім беру мекемесінен 138 өтінім келіп түсіпті. Ән байқауына республиканың жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары, 12 мен 14 жастағы және 16 мен 18 жастағы жеке өнер және ұжымдық вокал топтары (дуэт, трио, квартет) қатысқан. Іріктеу турынан кейін конкурстың финалына өздерінің тамаша вокалдық қабілеттері мен орындаушылық шеберліктерін көрсеткен 30 номинант жолдама алған.
Мемлекет басшысының дарынды жастарды қолдауға бағытталған идеяларын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған байқауға белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев төрағалық етіп, түрлі номинациялар бойынша жеңімпаздарды анықтады.
– Біз бұл байқауды соңғы екі жылда қатарынан қалалық деңгейде өткіздік. Биыл оны алғаш рет республикалық деңгейде өткізіп жатырмыз. Екі жылдың ішінде біз конкурстың негізгі үш бағытын анықтап алдық. Бұл – Президенттің өлең жолдарына жазылған әндер, Мемлекет басшысының сүйікті әндері мен патриоттық тақырыпта байқауға қатысушылардың авторлық туындылары. Байқаудың ерекшелігі – оған қарапайым мектеп оқушыларының қатысуында. Олар кәсіби деңгейде өнер мектебінде білім алып жатқан өрендер емес, – деді Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова.
Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Қостанай қаласынан келген Темірлан Самуратов жеңіп алса,
«Бабамнан қалған кең дала» номинациясы бойынша 12-15 жас аралығында І орынды қарағандылық Александра Потапкина иеленді. «Президентіміздің сүйікті өлеңдерінің толқынында» номинациясы бойынша 12-14 жас аралығында І орынды Қарағанды облысынан Екатерина Сушкова қанжығасына байласа, осы аталымдағы 15-18 жас аралығындағы І орынды Астана қаласының №30 мектебінің музыкалық квартеті алды. «Патриоттық тақырыптағы авторлық шығарма» номинациясы бойынша І орын астаналық Рүстем Ғазизовке бұйырды.
Жеңімпаздардың барлығы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Гүлжан Рахман