©2020 Астана Ақшамы
КӨҢІЛДІ КҮПТІ ҚЫЛҒАН КӨШІ-ҚОН
Қала көрмеген қазақ емеспіз.
Археолог ғалымдарымыз жерімізде осыдан үш жарым мың жыл бұрын да қала типтес қоныстар болғанын айтады.
Алайда, елді мекенді «қала» атау үшін қойылатын талаптар әр елде әртүрлі. Қазіргі күннің өзінде қалыптасқан заң нормалары бойынша, Даниядағы бір жерге топтасып өмір сүріп жатқан адамдардың жан саны 250-ден асса, ол қала саналуы мүмкін. Ал, Жапонияда елді мекен қала болуы үшін онда кемі 50 мың адам өмір сүруі шарт.
Хош. Қаланың өлшемі, расында, әр елде әрқилы болып келеді. Тіпті, Қызыл Кремльге бағынған, КСРО деген ортақ шаңырақ астында өмір сүрген кешегі кеңестік елдердің өзінде де солай болған. Мәселен, Ресейдің өзінде 12 мың адамы бар жер қала атанса, Украина, Өзбекстан, Молдавия, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінде 10 мың тұрғыны бар жер «қала» статусын иеленген. Бір қызығы, Беларусия – 6 мың, Грузия мен Әзірбайжан 5 мың тұрғыны бар жерді де «қала» атаудан қашпаған. Ал, ежелден адам баласының құтты қонысы болған Қазақстанның жағдайы одан бөлек. Армения, Түркіменстан, Латвия мен Эстония секілді, біздің елімізде де бір орталықтың қалаға жатқызылуы үшін кемі 8 мың тұрғыны болуы талап етілген.
Десек те, әлемдегі ең беделді ұйымдардың бірі – БҰҰ қала статусын тым қатаңдатпауды талап етеді. Деректерге сүйенсек, осы халықаралық ұйымының кеңесі бойынша, 2 мың тұрғыны бар жер қалалар қатарына қосылуға тиіс.
Біз… қандай елміз?
БҰҰ демографтары қазіргі кезде бүкіл әлемде урбанизация қарқын алып отырғанын айтады. Соның нәтижесінде, тұрғындары жүз мың адамнан асатын қонысты – қала, тұрғындары миллионнан асса – миллионер-қала, ал жеті-сегіз миллионға жетсе, ол – мега-қала деп бөліп қарастырады.
Сол секілді, халқының неше пайызы қалалықтар екеніне қарап та, елдің қаншалықты дәрежеде урбанизацияланған мемлекет екенін анықтап, талдау жүргізіп отырады.
Бір қызығы, бір жарым миллион адам тұратын Алматысы бар Қазақстан миллионер-қаласы бар мемлекетке жатады екен. Ал жалпы, ішкі көші-қон жағдайы бойынша, қалалықтар жалпы тұрғындардың 50%-ынан асатындықтан, Қазақстан – жоғары урбанизацияланған ел болып саналады.
Иә, әлемде 85 мың қала бар болса, соның 86-сы – біздің Қазақстанда. Елімізде қала тұрғындары ауылдықтардан екі еседен көп саналады. Дәлірек айтқанда – 57%. Бұл тұрғыда Қазақстан – Орта Азиядағы ең жоғары урбанизацияланған мемлекетке жатады.
Астанаға ағылғандар
Қазақ жастары қалаларға ағылуда. Соның ішінде күнкөріс көзі табылар деген ниетпен Алматы мен Астананы төңіректейді.
Кейбір мәліметтерге қарағанда, бір Астананың өзіне жыл сайын орта есеппен 40 мыңдай адам келіп қосылады. Бұл тұрғын үй, мектеп, балабақша жетіспеушілігі, ауруханаларда дәрігерлерге шектен тыс жүктеме артылуы секілді мәселелерді ушықтырады. Оның сыртында жұмысқа орналасу үшін қалалық тіркеу талап етіледі. Ал, «біреудің жоғын біреу ән айтып жүріп іздейді» демекші, сырттан келгендерді тіркеуге тұрғызуды пайда табу көзіне айналдырғандар да бар.
Осыған орай, өткен айларда Парламент Мәжілісінің депутаты Рауан Шаекин мәселе көтерді. «Қазір Қазақстан бойынша баспана алу кезегінде тұрған 200 мыңға жуық адам бар. Алдағы бір-екі айдың ішінде бұл көрсеткіш 220 мыңға жетуі мүмкін. Ал, үйге мұқтаждар кезегінде тұрғандардың басым көпшілігі Алматы мен Астана қалаларына тиесілі. Сондықтан да, осы екі қалаға келушілерді тіркеуді шектеп, алдымен қалыптасқан жағдайды қалыпқа келтіріп алуымыз керек», – деді ол.
Расында да, кейбір деректерге сүйенсек, бүгінгі күні бір елорданың өзінде 35 шаршы метр тұрғын үйге жүз адамға дейін тіркеуге тұрған жағдайлар бар.
Жарнама беттеріндегі «тіркеуге тұрғызамын» деген құлақтандырулардан көз сүрінеді…
Жалған урбанизация және Алматы тәжірибесі
Халықаралық тәжірибе бойынша, тәртіпсіз, ретсіз, қала экономикасына көлеңкесін түсіретін ішкі көші-қонды жалған урбанизация дейді. Қазақстан заңдары бойынша мұндай ақылға сыйымсыз, заңсыз көші-қонға тыйым салынған. Ал, «Халықтың көші-қоны туралы» заң бойынша республика азаматтары тұрғылықты жері бойынша тіркеуге тұруға міндеттеледі. (Заңның 51-бабы, 2-тармақшасы.)
Астана қаласы Көші-қон полициясы басқармасының бастығы Гүльвира Дөненбаеваның айтуынша, бізде аталған заң талаптары орындалмай келеді. Көптеген азаматтардың тіркелген мекен-жайда тұрмайтыны, аумағы кішкентай ғана пәтерге азаматтардың елу-алпыс, тіпті жүздеп тіркеуге тұруы қала тіршілігіндегі көптеген келеңсіздіктерге жол ашып отыр. Осыған орай, басқарма ішкі көші-қонды реттеу мақсатында тіркеуге тұру талабын күшейтуді сұрап, қала әкімшілігіне хат жазған.
Бұл ретте Астанаға Алматы тәжірибесі қажет болып отырғанға ұқсайды.
Алматы қаласында қаланың ішкі тәртібі мен әлеуметтік жағдайын ретке келтіруге көлеңкесін тудырып жүргендіктен, ішкі көші-қон мәселесі осыдан үш жыл бұрын қолға алынған. Дәлірек айтқанда, 2010 жылғы 12 сәуірдегі Алматы қалалық мәслихатының шешімімен қаладағы тұрғын үйлерде әрбір 15 шаршы метрге бір адамнан артық тіркемеу тәртібі енгізілген. Бұл тіркеуге тұрғызуды пайда көзіне айналдыру, тіркелген азаматтарды қажет кезде таба алмау, сол секілді басқа да әртүрлі әлеуметтік шиеленістерді шешумен қоса, санитарлық талаптарға да сай келеді.
Не істеу керек?
Қазақ – қалалық халыққа айнала бастады.
Алайда, ақын Нұрғожа Ораздың сөзі ойға оралады. «Біз қазақ жастары қалаға ағылып жатыр, урбанизация күшті жүріп жатыр дейміз, бұл дұрыс емес. Бізде көп жастар қалаға өз еркімен келіп жатқан жоқ, амалсыз айналшықтап жүр. Екі қолға бір жұмыс табу үшін. Ал, көбінің үй-күйі, тұрақты орны жоқ. Сондықтан, бұл – урбанизация емес, босқындық», – деген еді күйініп. (Осыдан алты жыл бұрынғы сұхбатында.)
Бүгін, расында, да, көпшіліктің қалаға босып келгені түсінікті бола бастады. Ал, қаланың мәдениеті мен әлеуметін қалыпқа келтіріп алу үшін, есікті жаба тұру ләзім.
Әрине, мемлекет үшін әр азаматтың өмірі мен болашағы қымбат.
Сондықтан да, «Әрбір аймақ, облыстарда индустриялық карта негізінде көбірек баспана салынып, әрбір отбасыға жағдай жасалуы тиіс. Олардың сол жерден баспана алуына, сосын өндіріс орындарында жақсы жалақыға жұмыс жасауына жол ашуымыз керек. Сонда ғана халықтың жұмыс іздеп көшіп-қонуын шектей аламыз», – дейді Рауан Шаекин.
Кейбір мәліметтерге қарағанда, бір Астананың өзіне жыл сайын орта есеппен 40 мыңдай адам келіп қосылады. Бұл тұрғын үй, мектеп, балабақша жетіспеушілігі, ауруханаларда дәрігерлерге шектен тыс жүктеме артылуы секілді мәселелерді ушықтырады.
Нәзира БАЙЫРБЕК