Көңілді күпті еткен сұрақтардың бетін ашты

Ауыт МҰҚИБЕК, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі

0 175

Президент ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын оқып, бүгінгі таңда көңілімізді күпті еткен сұрақтарға қанағаттандырарлық жауап алып, қатты қуанып отыр­мын.Әсіресе, «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ!» деген батыл сөзі рухымызды бірден асқақтатып жіберді. Біздің ешкімнің уысында кетпейтін мемлекет екенімізді тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Егер шетелдік лауазымды тұлғалардың аузынан мұндай сөз тағы қайталанса, оның енді ешқандай мән-мағынасы жоқ, су кешпейтін сандырақ болып қала берері сөзсіз.
Сондай-ақ аталған мақаласында Президент ұлттық сананы жаңа бағытта жаңғыртудың маңызына ерекше мән бергені айқын аңғарылды. Және оны сөзбен емес, нақты іспен көрсетуді баса айтыпты. 1921-1922 жылдардағы нәубеттің 100 жылдығын, әйгілі Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығын лайықты атап өтіп, Желтоқсанда ұлт намысы үшін алаңға шыққан өрімдей жастарымыздың ерлігінің бағасын беру ұлттық сананы тіпті де жаңғырта түсумен бірге, тарихи әділеттіліктің, әділетті мемлекеттің белгісі ретінде бағаланары сөзсіз.
Өзімді қатты алаңдатып жүрген бір мәселе көші-қон еді. Бұл – Елбасы ерте жолға қойған ұлы саясат. Шеттен келетін көштің соңғы кезде тым баяулап қалғаны да шындық. Бұл осы салаға қатысты мемлекеттік саясаттың басқа бағытқа бұрылғандығынан емес, пандемия мен көрші елдердегі саяси жағдайларға байланысты дағдарыс екенін біз жақсы білеміз. Сол үшін де қандастарымыз сабыр сақтап, алдағы күннен зор үміт күтумен келді.
Міне, Президент бұл мәселенің де нүктесін қойды.
«Бұл – өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе» деп тағы бір мәрте атап өтіпті. Көші-қон үрдісін жандандыру үшін Үкімет жаңа әрі кемелді бағдарлама қабылдауы тиіс! Тағы қайталап айтайын, қазір – шеттегі қазақтардың сағының сынып, десінің қайтып тұрған шағы. Бірақ бұл – уақытша нәрсе. Карантин аяқталса, олар қотарыла көшуге дайын отыр. Алла қаласа, қазақ көшінің екінші «алтын дәуірі» басталады.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы бөлініп-жарылған отбасылардың қайғысы мен қасіретін өте терең түсінеді. Оған менің сенімім кәміл. Сол үшін қандастарымыз­дың Отанына оралуына айрықша тоқталып, «Оған кезекті науқан ретінде қарауға болмайды. Жергілікті билік мұндай жұмыстарды жоғарыға көпірген ақпар беру үшін емес, мемлекеттік мүдде және ағайынға шынайы жанашырлық тұрғысынан жасауға тиіс» деуі – соның айқын айғағы.
Биыл тәуелсіздіктің 30 жылдығымен бірге, қазақ көшінің басталғанына да 30 жыл толады. Бір миллион­нан астам қандасымыз көшіп келіп, атажұртында бақытты тұрмыс кешуде. Бұл – Елбасымыздың ұлы еңбектерінің ең басында тұратын бірегей жетістігіміз. Бірақ қиындықтар мен кедергілер де аз болған жоқ. Өзгенің қол астында жүріп, тәуелсіздіктің бәрінен қымбат екенін терең түсінген ағайын тә­уелсіздік туының өткен әр күнін баға жетпес бақытқа балап келеді.
Отыз жылдық қарсаңында Елбасының көші-қон саясаты өз бағасын алуы керек. Президент баса мән берген ұлттық сананы жаңа бағытта жаңғыртудың аясында көші-қон, Отанға оралған қандастар өмірі де жан-жақтылы дәріптелуге тиіс. Оның оңтайлы тәсілі – Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, қандастарымыз өмірінен көп сериалы деректі және көркем фильм түсіру. Сонымен бірге, 1991 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» №711 қаулы қабылданған 18 қарашаны «Ұлттық көші-қон күні» етіп, мерекелер тізбесіне енгізу. Алла қаласа, 30 жылдық қарсаңында бұл жұмыстардың да қолға алынып, жүзеге асатынына мен сенімдімін.
Құдайға шүкір, Қазақстан пандемияға былқ етпей төтеп беруде. Халқын аш-жалаңаш қалдырған жоқ. Қуатты мемлекет екенін дәлелдеді.
Адамзат күресінің бір ғана нысанасы бар. Ол – әділет шыңына ту тігу!
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы» деп ағынан ақтарылды. Ендеше ендігі әрекеттің бәрі әділет үшін болары сөзсіз!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

11 + 1 =