«КӨҢІЛАШАРМЕН» ҚАРСЫ АЛДЫ

0 165

концерт

Бұрнағы күні «Астана кештері» атты халықаралық өнер фестивалі мәресіне жетті. Үш күнге созылған өнері мерекесі үш жылдан бері Астана тойының думанын артырып келеді. Айтулы шараны «Дегдар» гуманитарлық қорының қамқорлық жөніндегі төрайымы Дариға Назарбаева ұйымдастырды. Әлем елдерінің өнер жұлдыздарын қазақ сахнасында шырқатқан фестивальдің алғашқысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқаны есімізде.

Биылғы «Астана кештері» Бейбітшілік және келісім сарайында басталды. Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық оркестрі қала тұрғындары мен қонақтарын Түркештің «Көңілашар» күйімен қарсы алды. Құрамында сексен көркемөнерпаз бар оркестр іле-шала Ахмет Жұба­новтың «Би», Тәттімбеттің «Сарыжайлау» күйлерін орындады. Кешке жиналған көрермен Қанат Әмірханов, Ерлан Рысқали сынды дәстүрлі әншілердің де өнерін тамашалады. Еске сала кеткен жөн, биыл өнер ұжымының ірге қалағанына сексен жыл толып отыр.

Осы күні Бейбітшілік және келісім сарайында бел­гілі фотосуретші Вадим Со­ловьев­тың жеке көрмесі ашыл­ды. Көпшілік назарына ұсы­­ныл­ған жиырма шақты кар­тина Ассы, Күмістөбе өңір­лерін­дегі шопандардың өмірі­нен, күнделікті тыныс-тір­ші­лігінен хабар береді.

Фестиваль ая­сындағы шаралар легі «Астана-Опера» театрының камералық залында жалғасты. Онда италиялық белгілі сопрано Нино Лежава мен еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев концерт берді. Музыкалық кеште атақты Бельканто ариялары мен Сергей Рахманиновтың романстары шырқалды. Шараны ұйымдастырушылардың өкілі Лаура Ахметова қала тұрғындары мен қонақтарының фестивальді асыға күткенін айтады. «Астана тойы – Алаштың тойы. Елдігіміздің осындай үлкен мерекесіне алыс-жақын шет елдердің мәдениет майталмандары үлес қосуда. Бұл сөзіме «Астана кештерінің» концерттері куә» дейді ол.

Фестиваль Ресейдің жезтаңдай әншісі Олег Погудин мен әзербайжандық дәстүрлі мугам орындаушылары ансамблінің кештеріне ұласты. Жексенбі күнгі қорытынды концертте «Астана» симфониялық оркестрімен бірге Ресейдің халық әртісі Лариса Долина мен ең үздік джаз трубашыларының бірі Вадим Эйленкриг өнер көрсетті. Өнерпаздар жанды дауыспен түрлі жанрдағы әндерді нақышына келтіре орындады.

Айта кетерлігі, қайы­рым­дылық бағытындағы мерекелік кештердің билеттері көрерменге тегін таратылды. «Астана кеш­тері» фестивалінің атқарушы продюсері Нұргүл Сүлейменова фестивальға қаладағы Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектер арнайы шақырылғанын жеткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 3 =