КӨҢІЛ – МЕЙМАН ҚАЯУЛЫ ҚАРАКӨЗГЕ

0 133

IMG_5349

Егер бізге осы өмірдегі ең тәтті, ең балғын, ең таза жаратылыс иелері кімдер деп сұрақ қойса, барлығымыз бір ауыздан «әрине, ол кіршіксіз сәбилер ғой» деп шу ете қаламыз. Сұраққа әдемілеп жауап береміз де, әңгіменің басын қайырып қоя саламыз. Әлгі «біз» дегеннің ішінде мен де бармын, сіз де барсыз. Әлбетте, көшеде біреу сізден «балалар үйі» қай жерде деп сұрай қалса, жауабыңыз дайын ба?..

Ойланамыз. Тосыламыз. Алайда, сол сұрақтың жауабын білуге, естуге көп кідірмейміз. Ол рас. Күйбең тірлік, қарбалас өмір, уақытымыз болмайды,  мойын бұруға мұрша жоқ… дегендей жаттанды әләулайымызға салып аламыз да, қолымызды бір сілтеп кете береміз, кете береміз… Бірақ, балалар үйіндегі балғын бүлдіршіндер оған еш ренжімейді де, аса бір түсіністікпен қарайды… Керісінше, олар бізді қонаққа шақырады. Қонақтарды күту үшін жандарын салып дайындалады, талпынады, күтеді, сағынады, іздейді… Сәбилік лүпілдеген жүректерімен аталмыш «Ризашылық» мерекесінде де бар өнерлерін ортаға салды. Сырттан келген барлық кісілермен ән айтып, би билеп, ойын ойнап, сыйлықтар бөлісті. «Адырна» халықтық оркестрі Құрманғазының рухты күйлерімен қонақтарды қарсы алып, «Асыл арман» би тобының тал шыбықтай бұралған бүлдіршіндері «Ризашылық» кешінің көркі мен сәні болды. Бүлдіршін биші қыздарымыз он бір жасар Жұлдыз Жақаева мен он екі жасар Жібек Боранбаевалар үшін бұл мереке достықтың, татулықтың символы іспеттес. Сәбилермен аз-кем сырласқанымызда байқа­ға­ным: олар бір-біріне өте қам­қор. Бауырмалдылықтары, отба­сы­лық ортада тәрбиеленіп жатқан­дық­тары олардың толағай табыстарынан, талпыныстарынан білініп-ақ тұр. Атап айтсақ, Түркияда өткен «Dance Olympia»  халықаралық байқауына алғаш рет қатысып, 2-орынды иеленген, қалалық «Дельфий ойындарынан» 3 алтын, 2 күміс, 1 қола медальдары бар балалар үйі «Барыс» спорт клубымен де мақтана алады. Көрмеде тұрған тамаша қолөнерлік бұйымдарға сүйсінбей, тамсанбай өте алмайсыз. Ғажап, тамаша, ең бастысы, баланың жүйрік қиялынан туған, қолдан жасалған қолөнер бұйымдары мен картиналары көз қуантады. Рас, ондай жылтыраған, көрнекіліктердің сан түрі дүкенде де толып тұр. Алайда, бұл туындыларда баланың қолы тиген тазалық бар. Көрмені таныстырып жүрген тоғызыншы сынып оқушылары Земфира Мулюкова мен Виалетта Летвиенка есімді жас суретші қыздарымыздың ойынша, қолдарынан шыққан осы бұйымдары, олардың ертең жоғары оқу орнына түсуіне септігін тигізбек. Көрмені тамашалаған біраз қонақтар бір парасын сатып алғылары-ақ келді. Алайда, оған рұқсат етілмепті. Балалар үйінің басшысы Гүлмира Елеусізқызы егер бұл жобаны қолға алып жатса, ертеңгі күні балалар игілігі үшін жаратылмас па еді. Қонақтар сыйлықтарын ұсынып, көңілді мерекенің себепкерлері болғанына қуана тарқасты. Бәрі риза бір-біріне. Тек қана артта көңілдің жабуын сығалаған мұң қалды… Ол – бізді қимастықпен шығарып салған ойын баласының мөлдіреген көздеріндегі қалың қара мұң…

PS: Күн сайын жер бетінде 365­ мың сәби дүние есігін ашады екен.­ Оның 57%-ы Азияға, 26%-ы Афри­каға, 9%-ы Латын Амери­касы­на, 5%-ы Еуропаға, 3%-ы Сол­түс­тік Америкаға, 1%-ға жетер-жетпесі Австралия мен мұхит ортасындағы елдерге тиесілі. Ал, қазақ елін бүгінде 5 мил­лион бүлдіршін сәби күлкі­сі­не бөлеп отыр. Оның 169-ы «Ри­за­шы­лық»­ мейрамын тойлаған Астана балалар үйінде өсіп-өнуде.

Нұргүл Аханқызы

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × five =