Көңіл айтуға да көңіл бөлсек…

Айтпайын-ақ деп едім...

0 152

Жақында бір танысымыздың туысы қайтыс болды. Елге сыйлы, ағайынға мейірімді азамат еді. Жаназасына көп жамағат жиналыпты. Байқаймын, «торқалы той, топырақты өлімде бас көрсетпесек ұят» деп білетін қазақ салты бойынша қаралы хабарды естігендердің көбі жаназадан қалмай, марқұмның туыстарына көңіл айтып қайтқан секілді. Бір аптадан кейін осы жағдайды айтып телефон шалған танысым: «індет кезінде адам көп жиналмасын деген талапты ешкім ескеріп жүрген жоқ секілді. «Келмей-ақ қойыңдар» деп біз айта алмадық, көңіл айта келгендерге жағдайды түсіндіріп, кері қайтаратын бір азамат шыққан жоқ. Бәрі келіп, қол беріп амандасып, мойынымыздан құшақтап көңіл айтты. Бірақ ағамызды жерлеп қайтқан соң, отбасымыздағылардың түгел ыстығы көтеріліп ауырды да, сап-сау отырған әжеміз де ағамыздың артынан қайтыс болды. Біраз туыстарымыз әлі емханада жатыр. Жаназаға келгендердің де көбі ауырып жатыр деп естідік. Сөйтіп, шұғыл ұстаған жүрек сырқатынан кеткен ағамыздың қазасынан кейін аты жаман індет біздің туыстарымызды да баудай түсірді» деп қыстығып бір жылап алып, сөзін жалғады. «Қазір ауылдарда өлім-жітім көбейіп барады, көңіл айтамыз, топырақ саламыз деп шұбырған жұртты тоқтатпаса, бұл індет қайғының үстіне қайғы жамайды екен. Осы мәселені неге журналистер көтермейсіздер?» деп сөз соңында өзіме салмақ салды. Айтып айтпай, соңғы кездері ауылдарда өлім жиілеп кеткені рас. Біреу қайтыс болса, барып көңіл айтатын әдетін қоймаған қазақтың асқынған індетті елейтін түрі жоқ. Ештеңе болмағандай барып, қаралы жандардың қолдарын алып «алдынан жарылқасынын» айтып кетіп жатыр. Алайда, оның соңы жоғарыдағыдай қайғының үстіне қайғы жамап жатқанын көбіне ешкім ескере бермейді. Ауыл басшылары, жергілікті полиция да үнсіз. «Халық қырылмасын, өлінің артынан өлмек жоқ» деп қаралы шаңыраққа басу, шұбырған елге тоқтау айтып жүрген белсенді азаматтар да жоқ. Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы шығарған үндеулер сөз жүзінен аспай тұр. Осыған қарағанда, қазіргідей індет асқынып тұрған жағдайда өлім жөнелтудің қағидасын тез арада белгілеп, оның атқарылуын жергілікті атқарушы билік бақылаған дұрыс секілді. Әсіресе, ауыл әкімдерінің дәл осындай қысылтаяң сәтте үнсіз жатуы мүлде түсініксіз.
Қалай айтсақ та, қазіргідей жағдайда «бет көріспесек, көңіл айтпасақ ұят болды» деп індетті елемей қоюға болмайды. Өйткені қазір елімізде ауру белгілері жоқ тасымалдаушылар аз емес. Ендеше солардың бірі көңіл айта барып, қайғыдан қан жылап отыр­ғандарға індет жұқтырып, қазаның соңы қазаға жалғасса кім кінәлі?! «Бет көрісіп көңіл айтқанымыз дұрыс па? әлде біреудің өмірін, өзіміздің тағдырымызды ойлағанымыз дұрыс па?! «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» дегендей, жұрт жапырлап барып, көңіл айтқанда, өлген адам қайта тірілмейді. Керісінше көңіл айтамыз деп жүріп індеттің ілмегіне ілініп, өзгені де, өзімізді де зияндауымыз әбден мүмкін. Сондықтан, біреу қайтыс болды десе (ол індеттен немесе басқа сырқаттан көз жұмса да), жапырлап баруды тоқтату керек. Тек көрші қолаңдары, туыс- туғандары жиналса да жетілікті. Оның өзінде аралықты сақтау қажет. Қол беріп амандасып, құшақтап дауыс (көріс) айтудың індет жұқтыру салыстырмасын арттыра түсетінін ескерген оң. «Беттұмша тақтық» дегенмен, маска індеттен 100 пайыз қорғай алмайды, аралық сақталмаса, санитарлық талаптар ескерілмесе, қолғап пен беттұмшаның да пайдасы шамалы.
Қазір халықтың арасында «әйтеуір жұғады екен, одан да ертерек жұқса, иммунитет қалыптасады екен» деп бейғам жүргендер де бар. Бұл да дұрыс таңдау емес. Себебі бір ауырып тұрсаң қайта індет жұқтырмайсың деген сөз жоқ. Ауырған адамның бәрінде жүз пайыз короновирусқа қарсы антитела түзіледі деген бос әңгіме. South China Morning Post-тың жазуынша, қытайлық және америкалық ғалымдар коронавирусқа қарсы иммунитет пайда болмауы мүмкін деген шешімге келген. Себебі онымен байланысты антиденелер тұрақсыз. Бұл – коронавирустан жазылып шыққандар оны қайтадан жұқтыруы мүмкін деген сөз. Швеция билігінің індетке қарсы шара қолданбай, тұрғындарда ұжымдық иммунитет қалыптастырмақ болған әрекеті де сәтсіз аяқталды. Демек індеттен сақтанудың жолы әлі де санитарлық талаптарды сақтап, адам көп жерлерге бармай, дұрыс тамақтанып, спортпен айналысып, иммунитетті көтеру.
Дүниені дүрбелеңге салған індетті бүкіл халық жұдырықтай жұмылып, тәртіпке бағынғанда, ал билік өнімді тәсілдер белгілеп, оны заң арқылы қатаң бақылағанда ғана ауыздықтауға болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 5 =