КОНФЕССИЯАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ КӨКЖИЕГІ

0 125

«Халыққа дін саласында болып жатқан шаралар туралы сапалы ақпарат жеткізу үшін отандық журналистер дайын болуы керек». Осыны негізге алған Дін істері агенттігі Алматы қаласында еліміздің аймақтарынан БАҚ өкілдерін жинап семинар өткізді. Екі күнге созылған жиын «Конфессияаралық үнқатысуды нығайту мен Қазақстан тәжірибесін насихаттаудағы БАҚ-тың рөлі» деп аталды. Аталған шараға газет атынан біз де қатысып, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми-зерттеу институт­тары мен ЖОО-ның дінтанушы мамандары­ның дәрісін тыңдап қайттық. Бізден бөлек, елдің түкпір-түкпірінен ат арылтып алпысқа жуық әріптесіміз келіпті.

Семинарды ашқан Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин бүгінгі таңдағы діни проблеманың өзектілігіне, дінаралық төзімділікті қалыптастыру мен теріс пиғылды діни ағымдардың салдарынан туындаған ахуалды реттеу мақсатында құрылған агенттіктің жұмысына тоқталды. Агенттіктің алғашқы жұмысы «Діни қызмет пен діни бірлестіктер ту­ралы» заңды қабылдаудан басталып, соған сәйкес нақты жұмыстар жүргізіле бастады. Жалпы, аталған заңды насихаттап, қоғамдық сананы қалыптастыруда БАҚ-тың рөлі зор екені белгілі. Семинардың да діттегені – осы күні өршіп тұрған діни ахуал туралы жазатын тілшілерге бағыт-бағдар беру. Оның бір себебін ұйымдастырушылар, тілшілер қауымының кейбір діни терминдерді орынсыз пайдаланып, қоғамда жаңсақ пікір қалыптастырып жататынымен түсіндірді. Тіпті, нақты мысалдар келтірді.

– Өткен жылы Астанада агенттіктің «Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы» жанынан әдістемелік кеңес құ­рыл­ды. Сол кеңестің көмегімен ай сайын БАҚ өкілдерін жинап, ақпарат беріп, сауалда­ры­на жауап ұйымдастырамыз. Ендігі мақ­­сатымыз – орталықтың жұмысын ке­ңей­тіп, арнайы ақпарат арқылы қоғам­дық пікір туғызу, әсіресе, мемлекеттік сая­сатты жүр­гізуде халықтың арасын­да­ғы жұмысқа тарту. Олай дейтінім, тек  мемлекеттік органдардың күшімен ғана қоғам­дағы барлық мәселені шеше алмаймыз. Ол үшін қоғамдық пікір, әр азаматтың өзінің ұстанымы керек. Ал оны бұқараға жеткізетін ақпарат құралдары, яғни, сіздер, – деген Ғ.Шойкин.
нақты көрсеткіштерді тілге тиек етті. Бүгінде ел аймақтарында 170 арнайы үгіт-на­си­хат топтары жұмыс істеуде. Олар әр­түр­лі қоғамдық топтармен, соңғы екі тоқ­санда мыңға жуық кездесу өткізіп, оған 120 мыңнан астам адам қатысқан. Десе де, мемлекеттік саясатты насихаттаудан журналистер қалыс қалмауы керек. Сондай-ақ олардың сауатты болуы да шарт.
– Кейде тілшілер қауымы дін мен экстремизмді шатастырып алып жатады. Ал діннің экстремизмге қатысы жоқ. Дін – тек мораль, адамгершілік тұрғысындағы ұғым, ал экстремистер – діннің терісін жамылып жүрген криминалдар немесе тағы басқа теріс пиғылдағы азаматтар. Қазір бізге халық арасында дінге деген дұрыс пікір қалыптастырып, олардың ақ-қараны ажыратуына көмектесуіміз керек, – деді ол.
Семинарда жиі айтылған мәселе – қолданыстағы заңға байланысты діни бірлестіктердің қайта тіркелу барысы болды. Осыдан бірнеше ай бұрын басталған бірлестіктердің тіркелу науқаны мәресіне жететін уақыт таяп қалды. Модератор келтірген мәліметке сүйенсек, тіркелушілердің Қазақстан мұсылмандары Дін басқармасынан – 2, Православие шіркеуінен 3 пайызы қалыпты.

2011 жылы елімізде 4,4 мың діни бірлестік бары анықталды. Қайта тіркеу жүргізудің арқа­сында олардың жұмысы сүзгіден өтіп, саны азаймақ. Себебі,  тіркеу ережесінде көрсетілгендей, әр ұйым республика дең­гейінде тіркеуден өту үшін 5 мың адам, облыс деңгейінде – 500, жергілікті жерлерде 50 адамның баста­ма­сы бойынша құрылады. Сондай-ақ тіркеуден өткендердің жар­ғы­сында бірлестіктің діттегені не, Конституцияны қаншалықты мойындайды деген сұрақтарға нақты жауап жазылды. Бұдан бөлек, агенттік жанындағы «Мәде­ниет­тер мен діндердің халықаралық ор­та­лығы» дайындаған «Діни терминдер мен ұғымдар анықтамалығының» таныстырылы­мы өтті. Орталық директоры Айдар Әбуов дін­та­ну­шы ғалымдардың қазақ және орыс тілдерінде дайындаған бұл анықтамалығы журналистерге дінге қатысты қолданылатын термин, түсініктемелерді дұрыс пайдала­нуында көмегі тиетінін айтты.
БАҚ өкілдері Қазақ­станның арнайы қызметтер туралы фи­льм­дерінің авторы, кинопродюсер, сценарист Руслан Иржановтың фильмін көріп, терроризм және қоғамдық пікір тақырыбындағы баяндамасын, «Деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек беру орталығының» төрайымы Юлия Денисенконың тренингін тамашалады.

Айнұр ШОШАЕВА

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 10 =