Көне жырдың күмбірі

0 50

Елордадағы Достық үйінде «Манас – жаһандану бастауы» атты халықаралық онлайн-конференция өтті. Бұл айтулы шараны өткізуге Нұр-Сұлтан қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы, Манас және Шыңғыс Айтматов ұлттық академиясы және Еуразиялық шығармашылық гильдиясы ұйытқы болды.

Алқалы жиынды белгілі жырау, ғалым Алмас Алматов жүргізіп, тамырымыз бір түркі тілдес халықтардың мақсат-мұраты, бауырлас жақындық, ұлт пен ұрпақ тәрбиесінің мазмұны жайын­да салмақты сөз сабақтады. «Біз Түркі халықтарының адамзат тарихындағы жетекші рөлі мен әдебиет пен мәдени музыкалық мұраларын терең түйсініп, болашақ жүрер жолымызды айқындауға міндеттіміз. Қырғыз халқының асыл қазынасына айналған «Манас» батырлық эпосы әлемдік мәдениеттің алтын қорына енген құнды дүние» деп атап өтті жампоз жырау. Қалалық Ішкі саясат басқармасы этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлім басшысы Ләззат Құсайынова «Манас» жырының маңызына тоқталды.
Сондай-ақ халықаралық конференция барысында Манас және Шыңғыс Айтматов ұлттық академиясының президенті Т.Тургуналиев, Манас және Шыңғыс Айтматов ұлттық академиясының вице-президенті Т.Кененсариев, манасшы, «Саякбай манасчы» қорының президенті Р.Исаков, ақын-драматург Б.Әлімжанов, Еуразиялық Шығармашылық гильдияның вице-төрағасы М.Ахмеджанов, Қырғызстанның халық жазушысы С.Раев секілді зиялы азаматтар қатысып, түркі халықтарының ортақ мақтанышына айналған, көнеден күмбірлеп жеткен эпостың құндылығын сөз етті.
Мәдени шара аясында, қарымды қаламгер, манасшы Баянғали Әлімжанов­тың «Сказ столетнего степняка» атты кітабының таныстырылымы болды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × five =