Көне түркі өркениеті төрге шықты

0 37

Елордадағы Ұлттық музейде «Көне түркі өркениеті» залы ашылды. Мазмұнды шараның ашылуына Түркия, Әзербайжан, Түркіменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия елшіліктерінің өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

«Көне түркі өркениеті» залы Ұлы дала төсінде империялық дәрежеге жеткен ортағасырлық түріктердің материалдық, рухани мәдениет құндылықтарына арналған. Түріктердің ресми тарихы көп жағдайда б.д. VI ғасырынан, яғни, Түрік қағанатының құрылуынан басталады. Түрік өркениетінің алтын бесігі Алтайдан бастау алып Орталық Азияның далалық аймағына, Еуразияның солтүстігі мен батыс өңіріне қарай кеңейе түскен.
Зал экспозициясы үш бөліктен тұрады. Алғашқысында түріктердің жазба мәдениеті берілген. Ежелгі түрік руникалық жазулары – автохтонды мәдениеттің дәлме-дәл үлгісі. Олар Орталық Азия, Сібір және Моңғолия мен Қазақстан аумақтарында болған тарихи оқиғаларды нақты баяндайтын алғашқы тас­қа қашалып қалдырылған айнымас дәлелдермен дәйектелген.
Келесі экспозицияға тас мүсіндер қойылған. Бұдан ежелгі түріктердің мәдени және ғұрыптық кешендерінің негізгі құрамдас бөлігін көресіз. Ол Еуразия далаларының ұлы белдеуіндегі түрік халықтарының жерлеу мен еске алу және діни-идеологиялық қағидаларымен тығыз байланысты. Осылайша экспозицияның бұл бөлігі ежелгі түріктердің дүниетанымдық көрсеткіштеріне негізделген. Экспозициясының үшінші бөлігінде ортағасырлық түрік дәуірі ескерткіштерінен анықталған ат-әбзелдері мен қару-жарақтары және материалдық мәдениет көрсеткіштері топтастырылған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × three =