КӨНЕ ТАРИХ ҚОЙНАУЫНА СҮҢГІТТІ

0 114

Назарбаев Орталығында Ерлан Қариннің «Балбалтас» кітап – альбомының тұсаукесері өтті. Бұл – саясаттанушының кейінгі жыл­дардағы ізденісінің жемісі. Археолог-ғалым Зейнолла Сама­шев­тың әңгімесінен әсерленген ол осынау көне ескерткіштерді зерттеу мақсатымен тарихқа тұнып тұрған қазақтың байтақ даласына экспедициялар ұйымдастырып, тіпті, Қырғызстан, Моңғолияға дейін барып қайтты. Нәтижесінде жоғарыда аты аталған еңбек дүниеге келді.

Тұсаукесерге Ерлан Тыным­бай­ұлының әріптестері, достары жиналды. Солардың бірі – саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов ша­раны ашып, автор еңбегіне сүй­­сініс білдірді. Бұдан кейін автор­дың өзі, тарихшы, ғалым Айман Досымбаева, жобаның іске асуына демеуші болған «Mitsubishi Corporation» жапондық компа­ния­сының вице-президенті Йошикава Шигеакиде сөз сөйледі.

Ал, экспедиция барысы қалай жүрді? Бұл жөнінде арнайы деректі фильм түсіріліп, тұсаукесерде соның көрсетілімі болды.

Бұл шараның тағы бір игілікті тұсы: кітап-альбомды сатудан түс­кен қаржыны Аружан Сайын бас­қаратын «Мейірімділік» ерікті қоғамдық қорының есеп-шотына аудару ұйғарылды. Сол күні орталыққа келгендер балбалтастарды үлкен суреттерден де тамашалады. Ол үшін арнаулы фотокөрме ұйымдастырылды. Аталмыш фотокөрме 29 мамырға дейін жалғасады. Тағы бір айтпай кетуге болмайтын жайт, Назарбаев орталығынан «тірі» балбалтастарды да көруге болады. Бұларды ғұмыры ерте үзілген сегіз қырлы, бір сырлы аза­мат Бекет Есентаев кезінде Оң­түстік Қазақстан облысының ау­мағынан тауып алып, мекемеге сыйға тартқан.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two + twenty =