Көне өркениет ордасы

0 62

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне биыл – 30 жыл. Осы жылдар ішінде көне өркениет ордасы – Отырар қалай түледі, ­қалай өзгерді?Ғасырлардан сыр шерткен Отырар өңірі – тарихи және мәдени ескерткіштерге бай өлке. Ұлттық құндылықтарымызды сақтап, оларға ғылыми-зерттеу жұмыс­тарын жүргізетін Қазақстан Республикасының Мәде­ниет және спорт министрлігіне қарасты Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі­нің маңыздылығын ерекше айтқым келеді. 40 жылдан астам тарихы бар Отырар қорық-музейі тәуелсіздік жылдары мәдениетіміздің дамуына зор үлес қосып келді. Мемлекетіміз тәуелсіздік алғалы бері қазақ халқының тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрін, өнерін музей деңгейінде зерттеудің шынайы мүмкіндіктері туды, музейдің ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту жұмыстарына жаңаша қарау сипаты өзекті мәселелердің бірі болды.

Сырланған ыдыс. Саз. Отырар. ХV-ХVІ ғғ.

Отырар мемлекеттік ар­хеологиялық қорық-музейінің ұйымдастырылуына жергілікті ұстаз, өлкетанушы, республикамызға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Асантай Әлімов ерекше еңбек сіңірді.
Қазіргі үш қабатты Отырар қорық-музейі ғимаратының іргетасы 1979 жылдың 9 қазанында қаланып, 1982 жылы толық пайдалануға берілді. Музейдің ішкі көркемдеу жұмыстарын Қазмузейреставрация мекемесінің мамандары жүргізді. Міне, содан бастап мәдени ағарту және Қазақстанда алғаш рет археологиялық тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесі ретінде жұмыс істеп келеді. Қаз ССР Министрлер Кеңесінің 1979 жылы 11 мамырдағы шешімімен ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту және археологиялық ескерткіштерді қорғау мекемесі ретінде құрылды.
Отырар қорық-музейіне 1982 жылы 22 маусымда сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаев келіп, археологиялық-этнографиялық көрмемен, болашақ экспозицияның жобасымен танысып, қонақтардың пікір кітабына өз пікірін жазып қалдырды.

Қақпақ. Саз. Отырар. ХІ-ХІІ ғғ.

Музейдің ашылуына ­Д.Қонаев, сол кездегі Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Асқаров, көрнекті қоғам, мемлекет қайраткері, тарихшы-этнограф Ө.Жәнібеков, фарабитанушы А.Машанов, Қазақ ССР Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының ғалымдары К.Ақышев, К.Байпақов, Л.Ерзакович, В.Грошев және басқа ғалымдар үлкен көмек көрсетті.
Қорық-музей ашылғаннан бері республика көлемінде ар­хеологиялық жәдігерлерді зерттеу, қазба жұмыстарын жүргізу, реставрация және консервация арқылы ескерткіштердің сақталуын қадағалайтын, сонымен қатар, халқымыздың этнографиялық және рухани, мәдени мұраларын жинақтап, сақтау, зерттеу жұмыстарын жүргізетін бірден-бір мекеме.
Ежелгі мәдениет өңіріне әлемнің екінші Аристотелі атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің және оның арғы-бергі ізбасарларының, ғылым мен мәдениет, өнер, қоғам қайраткерлерінің отаны болған Отырарға келген зиялылардың музейге ат басын бұрмай кетпесі анық. Өйткені мұнда осы аймақтың ғана емес, бүкіл қазақ халқының өткен тарихына байланысты мұрамыз мол жинақталған, музей экспозициясын аралап шыққанда өңірдің бай тарихына, ұлттық қолөнері мен болмысына қанығасыз, аса құнды қайталанбас жәдігерлері мен бай мұрасы бағалы екеніне көз жеткізе аласыз.
Тағара. Саз. Отырар. ХV-ХVІ ғғ

Сонымен қатар, Отырар өлкесі республикамыздағы өзіндік орны бар туристік орталық болып табылады. Сырдария мен Арыс өзендерінің екі жағасында бірімен-бірі иін тіресіп тұрған тарихи-мәдени, археологиялық ескерткіштер орналасқан. Олардың әрқайсысы өз алдына ашық аспан астындағы музей.
Қазір Отырар оазисінде 3 республикалық, 200-ден астам археологиялық-архитектуралық ескерткіштер анықталған. Ғасырлар қойнауынан жеткен осы өңірдің тарихында ерекше маңызы бар Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Отырар аймағындағы ежелгі және ортағасырлық қалалар мен қалашықтар – Отырартөбе, Құйрықтөбе, Көкмардан, Алтынтөбе, Ақтөбе, Жалпақтөбе, Оқсызтөбе, Пышықшытөбе және ХІІ ғасырға тән ескерткіш Арыстан баб әулие кесене-мешіті, т. б. тарихи-мәдени археологиялық ескерткіштер.
Сонымен қатар, Отырар қаласының маңында әулиелі, қасиетті орындар аз болмаған. «Отырарда отыз баб, Түркістанда түмен баб, Сайрамда бар сансыз баб, ең үлкені – Арыстан баб» деп дәріптелген бүкіл мұсылман қауымына белгілі шейх Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы әулие Арыстан баб осында жерленген. Ол тек Отырар өңіріне ғана емес, бүкіл түркі әлемінің исламдануына септігін тигізген ірі тұлға болған.

 
Табақ. Отырар. ХІІ

Қазіргі кезде Арыстан баб кесенесі Қазақстан мен Орта Азия мұсылмандарының зиярат ететін қасиетті орны болып саналды. Ұлы Жібек жолы бойындағы ескерткіштер әлі күнге дейін зерттеушілер назарын аударып келеді. Оның айғағы ретінде 2001-2004 жж. Отырардағы халықаралық ЮНЕСКО-Қазақстан-Жапония жобасы бойынша жұмыстар жүргізілді.
Отырар алқабының ес­керткіштері ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра бағдарламасының алдын ала тізіміне енген. 2001 жылы тамыз айында Қазақстан Республикасы мен ЮНЕСКО арасындағы Ежелгі Отырар қаласын қалпына келтіру және сақтау туралы келісімге қол қойылып, оған қоса ЮНЕСКО-ның қаржылай көмегі көрсетілді. Осы жоба шеңберінде Ғылым және білім министрлігі, Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі, Республикалық ғылыми-зерттеу институты және материалды мұра ескерткіштерін жобалау институты мен Отырар мемлекеттік ар­хеологиялық қорық-музейі бірігіп жұмыс істеді. 2001-2004 жж. ­ЮНЕСКО-Қазақстан-Жапон бірлесіп іске асырған халық­аралық жоба бойынша консервациялау сатысына өтті.
Жобаның мақсатында Отырар ескерткіштерін ғылыми құжаттандыру, көпшілікке таныту, ескерткіштерді пайдалануға бағыттау, сонымен қатар, қалпына келтіру мен сақтаудың бірегей әдісін жасап шығару жұмыстары баса айтылған. Жоба аясында Отырар қала жұртындағы ашылған бірқатар құрылыс нысандарына консервациялау жұмыстары жүргізілді. Аталған жобаға Қазақстан, Ұлыбритания, Жапония, Бельгия, Италияның мамандарымен бірге Отырар қорық-музейі қызметкерлері де қатысып, тәжірибе алмасты.

 

Монша еденінің өрнекті кірпіші.Отырар. ХІІІ-ХІV ғғ.

Елбасымыздың бастамасымен қабылданған Қазақстан Республикасының 2004-2006 жж. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында Отырардағы жұмыстар Ежелгі Отырардың қайта өркен­деуі бағдарламасы бойынша жалғастырылды. Сонымен қатар, ғылыми әдебиеттер шығарылып, бейнефильмдер түсірілді.
Музейге келген қонақтар арнайы тілек жазу кітабында музейден алған әсерлері жөнінде музей қызметкерлеріне алғыстарын айтып, қолтаңбаларын қалдырған. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, этнограф, ғалым Өзбекәлі Жәнібеков, жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Шыңғыс Айтматов, фарабитанушы ғалымдар Ақжан Машанов, Әбсәттар Дербісәлиев, бірқатар ғалымдар және шетелдік белгілі азаматтар да бар.
Отырар мемлекеттік ар­хеологиялық қорық-музейінің ұжымы өзінің құрылымдық қызметіне сәйкес ғылыми жинастыру, ғылыми-зерттеу және мәдени-ағарту, ғылыми-экспозициялық, ғылыми-экспедициялық, ғылыми қор, ғылыми қайта жаңғырту, ғылыми баспа, ғылыми байланыс жұмыстарын жемісті жүргізіп келеді.
Музей қызметкерлері «Қызылқұм шөліндегі тарихи ескерткіштер», «Әбу Насыр әл-Фараби ізімен», «Сыр бойы мен Қаратау атырабы шайыр­лары ізімен», «Көксарай археологиялық экспедициясы», «Қолөнер – халық қазынасы ғасырлар мұрасы», «Тәуелсіз елдегі өресі биік, өрісі кең өнер», «Қолөнер – ұрпаққа аманат», «Сыр өңірінің шежіресі», т. б. тақырыптарда археологиялық, этнографиялық, фольклорлық экспедициялар ұйымдастырды.
Музей қорындағы жинақталған түп дерек құжаттарды оқушыларға таныстыру мақсатында мектептерде кездесу кештері өткізіліп, Отырардың заттық және рухани мәдениетіне байланысты дәрістер оқылды.

Музей қызметкерлері түркі өркениетінің гүлдену дәуірінің негізін қалаған Отырардағы рухани мәдениеттің үзіліп қалған дәстүрлерін қайта жаңғырту мақсатында музей коллекциялары бойынша жүздеген ғылыми мақалалар жазып, кітап, кітапшаларды жарыққа шығарды. Заттық және рухани мұрамызды насихаттау мақсатында көптеген телерадио хабарлар берілді.
Музей саласында көрмелерді ұйымдастыру және өткізу жұмыстарын мәдени-ағарту саласына жатқызуға болады. Көрмелер белгілі жоспар бойынша және жоспардан тыс болып өткізіледі. Отырар қорық-музейі халықаралық, республикалық конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, т. б. мәдени шаралар өткізді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында Отырар қала жұрты маңынан Отырар оазисінің мәдени мұрасын еліміз бен шетелдерде насихаттау, Отырар қорық-музейінің территориясында орналасқан тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау мен олардың сақталуын қамтамасыз ету, сонымен қатар, туризм саласының заманауи талаптарына сай туристік орталық жасау мақсатында көне Отырар қала жұрты маңынан Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен елімізде алғаш рет Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің «Сапар орталығы» салынды. Оның ашылу салтанаты 2019 жылдың 1 желтоқсан күні өтті, 2020 жылдың 13 қараша күні «Сапар орталығындағы» экспозициялық залдың тұсаукесері болды.
Музей – тек өткеннен ақпарат жеткізуші ғана емес, сол ақпаратты заттық дәйектермен көрнекті түрде түсіндіруші және тарихи кезең дәуірі жөнінде белгілі ұғым түсінік қалыптас­тыратын ұйым, ұлттық тарихты насихаттайтын мәдени білім беретін орталық.
Қазақ халқының тарихи-мәдени мұраларын сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу мақсатында музейлердің рөлі зор. Отырар қорық- музейі де алдағы уақытта осы бағыттар бойынша жұмыстар жүргізе бермек.

Ақлима ЖҰМАШОВА,
Отырар ­мемлекеттік археологиялық
­қорық-музейінің бөлім меңгерушісі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × two =