Көне мен жаңа сабақтасса

0 27

Елордадағы көз тартар тарихи ғимараттың бірі – көпес ­Василий Кубриннің үйінде «Fading. TSE: астананың ретроспективасы» атты бірінші өлкетану pop-up фестивалі өтіп жатыр. Мәдени шара аясында бас шаһардың көне тарихынан, ғимараттарынан, көшелерінен, аулаларынан сыр шертетін фотосуреттер қойылған көрме ашылды. Бұл фестивальді өткізуге Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архиві мен «Fading.TSE» жобасының өкілдері ұйытқы болды.

«Fading.TSE: астананың ретроспективасы» – қала тарихын жұртшылыққа кеңірек таныстыруға бағытталған жоба. Шаһар тарихы мен cәулеттік артефактілерді зерттеу арқылы бұл жоба көне мұраға немқұрайлы қарамайтын тұрғындар мен сарапшылардың басын қосуды көздейді.

Мәдени шараның ал­ғашқы күні келген қонақтар «Архитектуралық мұра және астананы еске алу орындары» атты тақырыпта пікірталас өрбітті. Басқосуда сөз алған азаматтар қаладағы тарихи ғимараттар мен нысандарды білу, оны бағалау, құрметпен қарау және көне ескерткіштер орналасқан аймақты сақтау секілді мәселелерді қозғап, ой-пікірлерін ортаға салды.«Fading.TSE: астананың ретроспективасы» жобасының авторы, архитектор Теміртас Ысқақов өзі қолға алған жобаның түрлі тарихтың куәгеріне айналған ескерткіштер мен тіпті жойылу алдында тұрған нысандарды зерттейтіндігін жеткізді.

– Елорданы осында көшіру байырғы шаһардың келбетін өзгерту үрдісін жылдамдатты. Бірақ өткен тарихпен сабақтастық болу қажет. Бұл қоғам дамуының кілті десе болады, – деді жоба авторы.
Сәулет өнерінің тілі бар екенін айтқан Қазақстанның құрметті архитекторы Василий Тоскин өз сөзінде қазір тарихи ғимараттар мен қарапайым көпқабатты үйлердің айырмашылығын ажырату қиын екендігін мысалмен келтірді.Қазіргі заман мұража­йының бұрынғы директоры Нелли Шиврина еліміз егемендік алғанға дейін қалада 123 қорғауға алынған ескерткіш болғандығын баяндады.

– Бүгінде республикалық деңгейде екі нысан – Тың игеру сарайы мен Отырар көшесіндегі мұсылман мектебі, қалған 44 ескерткіш жергілікті деңгейге жатады. Қазір қалалық ескерткіштерді қорғау дирекциясы құрылды. Олар тарихи ғимараттар жайында біраз ізденіп, көне нысандар санын ұзартты. Бүгінде олардың саны 96-ға жетті. Шаһарда 12 археология­лық ескерткіш бар, бірақ бізді осы ескерткіштер мәселесі ойландырады, – деді ол.Ғалым Күлшат ­Медеуова тарихи ескерткіштерді зерттеуге инвестиция қажет екендігін айтты.

Сонымен бірге көрмеге келушілер байырғы фотожурналист, өлкетанушы, марқұм Нұрмұхамат Имамов­тың мұрағатынан алынған жиыр­масыншы ғасырдың орта кезіндегі қаланың тарихы мен тыныс-тіршілігін баяндайтын суреттерін тамашалап, өткен жылдарға сапарлап барғандай әсерлі сезімді бастан кешті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды