Кондитерлік өнімдер зиянсыз ба?

0 400

Бүгінде еліміздің дүкен сөрелерінен сапалы тауар мен табиғи азық-түлік өнімдерін табу қиын болып барады. Өйткені, сақтау мерзімі өтіп кеткен құс еті мен зеңденген макарондар, ішек таяқшаларының бактериялары бар май және кондитер өнімдерінің сатылу фактілері жиі кездесіп қалатын құбылыс болып алды. 

т-2

Үстіміздегі жылдың өткен алты айының өзінде ғана еліміздің әр түкпіріндегі дүкен сөрелерінен талапқа сай емес, яғни, адам денсаулығына қауіпті деп табылған 12 мың тонна тауар тәркіленген (!). Оның 64 пайызы – азық-түлік өнімдері. Олардан ішек таяқшасы, сальмонелла сынды қауіпті вирустар табылған. «Сынамалар барысында бұл өнімдерден патогенді микрофлоралар табылды. Яғни, ішек таяқшалары, ашытқы және зең саңырауқұлақтары кездесті. Сапасыз өнімдердің басым бөлігі – Ресей, Белоруссия елдерінен импортталған тауар­лар. Ішінде отандық өнімдер де кездеседі. Тауарлар жойылып, дүкен иелеріне айыппұл салынды» дейді Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің басқарма жетекшісінің міндетін атқарушы Хамит Құдретуллаев.

Сақтықта қорлық жоқ…

Бұл деректерден-ақ кез келген адамның сапасыз әрі адам денсаулығына аса қауіпті азық-түлік түрлеріне ұрынып қалуы мүмкін екендігін байқауға болады. Яғни, күнделікті бақылауда делінген дүкен сөрелеріндегі жағдай бұл. Ал санитарлық талаптар сақталмайтын ашық базарлар мен жол жиектеріндегі жабайы сауда орындарындағы жағдайды айтпай-ақ қоялық. Ресми деректерге сүйенсек адам денсаулығына ең көп қауіп төндіретін өнімдер ет және кондитерлік өнімдер екен. Ет өнімдері тез бұзылады. Әрі кМАФАнМ секілді химиялық тұрақтандырғыштар шамадан тыс мөлшерде қолданылады.
Ал алуан түрлі қораптар мен көз тартарлық пакет орамаларға салынған кондитерлік өнімдер ұзақ уақыт тұрып қалады. Адамның саулығынан гөрі қалтасының қалыңдығын ойлаған сауда иелері айлап-жылдап қоймада сақтап қойып сата береді. Жасыратыны жоқ, тұтынушылардың көбі сақтау шаралары мен мерзіміне қарап та жатпайды. Сыртқы қорабы бүтін екен деп сатып ала береді. Нәтижесінде неше түрлі аурулар жұқтырып алып жатады. Оған мысал ретінде осыдан шамалы бұрын Ақмола, Қарағанды, Қызылорда облыстарының сауда нүктелерінен сатылып жатқан ішек таяқшаларының бактерия-лары бар және көгеріп кеткен 5 түрлі кондитер өнімдері тәркіленгенін мысал етуге болады. Тіптен өткен жылы Павлодар қаласындағы дүкендердің бірінде құрттап кеткен «Ассорти» қораптағы шоколады табылғанын жұрт әлі де ұмыта қойған жоқ.
Қазақстанда 1990-2011 жылдар аралығында жүргізілген талдауға сүйенсек, тіркелген жұқпа аурулар мен тамақтан улану жағдайларының 41 пайызы осы кондитерлік өнімдер яғни торт, пирожныйлардан болады екен. Бұл жағдайлардың басым бөлігінен сальмонелла және патогенді стафилакокк вирусы табылған.

Бас қалада бақылау күшті

Ал енді Астана дүкендеріндегі кондитерлік өнімдер қанша­лықты қауіпсіз, қала тұрғындары сапасыз азық түрлерінен болатын аурулардан қаншалықты алыс деңгейде деген сауалдарға жауап іздеп көрелік. Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша тұтыну­шылар­дың құқықтарын қорғау департаменті маман­дарының айтуынша, бас қаладағы санитарлық жағдай мен эпиде­миологиялық бақылау жақсы жолға қойылғандықтан, шаһар тұрғындарының алаң­дауына еш негіз жоқ. «Астана қаласындағы азық-түліктің сапасы туралы өз тарапымыздан айтатын болсақ, қазіргі кезде біз тұтынып жүрген тағамдардың сапасын өндіруші кәсіпорындарда азық-түліктің сапасы мен қауіпсіздігін, қалыпқа сәйкестігін растайтын – декларация, сапа сертификаты немесе ветеринарлық-санитарлық сараптама зертханаларының, фитосанитарлық қайта экспорт­тауға арналған анықтамалары болады. Барлық тағам өнімдері Кеден одағының «Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» 021/2011 техникалық регламенті бойынша қадаға­ланады. Тексерулер барысында азық-түліктің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарын, сақталу мерзімін, жағдайын, тасымалдануын жіті тексереміз» дейді Астана қаласының тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Сархат Бейсенова.
Оның айтуынша, биылғы жылдың басынан бастап жоспарсыз – 36, ерекше тәртіппен тағы 92 тексеру жүргізіліп, құрамында нитраттың бар-жоғын анықтау мақсатында 250 сынама алынған. Барлығы 486 түрлі зертханалық сынамалар алынып, нәтижесінде 12 сынама бойынша талаптарға сәйкес келмейтін азық-түлік түрлері сатылымнан алынған. Яғни, бас қаладағы санитарлық жағдай жіті бақылауда ұсталады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде Астана қаласында тағам түрлеріне тікелей байланысты ауру-сырқау және улану жағдайлары азайып келеді. Биыл жыл басынан бері сапасыз, мерзімі өткен кондитерлік өнімдерден улану жағдайы тіркелген жоқ. Жалпы тамақтан улануға қатысты 17 оқиға болды. Өткен жылы осы мерзім ішінде 23 жағдай болған. Тұрғындар азық-түлік сатып алуда сақталу мерзіміне, жағдайына, таңбалануындағы ақпаратты оқып және заңсыз жерлерде сатылатын өнімдерді сатып алмаған жөн» дейді Астана қаласының тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары.
Тұтынушылар құқығын қорғау департаменті қызметкерлерінің пікірін СЭС мамандары да растап отыр. «Астанада азық-түлік саласы өте жақсы бақыланады. Улану оқиғалары көбінесе уақыты өтіп кеткен немесе сақтау талаптары сақталмаған азық-түлік пайдаланудан болып жатады. Осының кесірінен кей жағдайларда стафилакокк, сальмонеллез вирусы жұғуы мүмкін. Алайда Астанада адам денсаулығына тікелей зияны бар немесе күдікті өнімдер жоқтың қасы. Ондай жағдайлар мүлдем тіркелмейді деуге болады» дейді СЭС-тің эпидемиологиялық бақылау бөлімінің маманы Алмагүл Зулкафилқызы.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten − 7 =