Композиторға ескерткіш тақта қойылды

0 47

Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті композитор Еркеғали Рахмадиев өмірінің соңғы жылдары, нақтырақ айтқанда, 2003-2013 жылдары тұрған елордадағы Бөгенбай батыр даңғылы 36а мекен-жайында орналасқан көп қабатты тұрғын үйге ескерткіш тақта қойылды.Бұл игі шараны іске асыруға белгілі қоғам қайраткері Қуат Есімханов ұйытқы болып, Нәби Айтжанов бастаған төрт-бес жас кәсіпкер қаржылай қолдау көрсеткен. Ескерткіш тақтаның авторы, мүсінші – Асхат Кәкімжанов.
Осыдан жеті жыл бұрын дүниеден озған тұғырлы тұлғаның бірегей туындылары ұлттық музыкамыздың асыл қазынасына айналған. Әсіресе, композитордың «Қамар сұлу», «Дала таңы», «Алпамыс» опералары, «Дайрабай», «Құдаша-думан» симфониялық күйлері, «Аманкелді», «Толғау» симфониялық поэмалары, «Аястан» кантатасы, «Балқаштағы кеш» хорлық поэмасы елімізге ғана емес шетелдегі тыңдармандарға да жақсы танымал. Еркеғали аға ұлттық музыкадағы симфониялық күй жанрына негіз салушылардың бірі ретінде тарихта қалды.
Ардақты азамат Алатаудың іргесінен елдің бас ордасы Арқаға қоныс аударғанда, ұлы көшпен бірге жас астанаға келіп, елорданың мәдениеті мен руханиятының дамуына зор еңбек сіңірді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × two =