КОМПОЗИТОР КЕНТАУДЫҢ КӨКЖИЕГІ

0 465

«Астана» концерт залында композитор Кентау Назарбектің ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қазағым, жаса мәңгілік» атты шығармашылық кеші өтті. Ұлылар мекенінің перзенті туған топырағынан нәр алып, хакім Абай мен Шәкәрімнің дәстүрінде 150-ден астам ән жазды. Олардың дені елдікті ұлықтап, ұлттың рухын көтеретін әндер.

img_4986

МҰҚАҒАЛИ ЖЫРЫНА МАХАББАТ

Концерт Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясы Қазақ оркестрінің (көркемдік жетекшісі және бас дирижері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов, дирижері ҚР Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов) орындауында Түркештің «Көңіл ашар» күйімен ашылды. Филармония солистері Нұрай Танабаев пен Күнсұлу Тұрлыбек осы оркестрдің сүймелдеуімен кеш иесінің «Бала дәурен» және «Атамекенім» әндеріне салды. Алғашқы аталған ән өлеңінің авторы ақиық ақын Мұқағали Мақатаев болса, екінші әннің сөзі белгілі ақын Несіпбек Айтұлының қаламынан туған.

Жалпы, композитордың ән мәтіндерін таңдаудағы талғампаздығын байқадық. Ұлы Абайдан бастап кешегі өткен және қазіргі ақындардың жырларын шығармаларына арқау еткен Кентау Назарбек отызында орда бұзып, ұлы Абайдың 150 жылдығына орай ұйымдастырылған қалалық және республикалық байқаулардың жүлдегері атанды. Бұдан кейін де әндері бірнеше бәйгеден озып келді. Атап айтсақ, осыдан бес жыл бұрын белгілі әнші Алма Аманжолованың репертуарындағы «Ардағым» туындысы «Жыл әні» байқауында «Той сәні» аталымында топ жарды. 2012 жылы Қазақ радиосының «Дала дауысы» атты өнер байқауында әнші Халық Ризабектің орындауындағы «Мен қазақпын» толғауы жылдың үздік әндерінің қатарынан орын алды.

Ұлы Абайдың алты-жеті өлеңіне ән шығарған композитор даналыққа бас иіп, белгілі ақын Әділғазы Қайырбековтің сөзіне «Абайдың өлеңі» атты әнді де жазыпты. Кеште осы әннің тұсауын жас әнші Қайыржан Бердібаев кесті.

Сосын Кентау Назарбектің ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне деген ерекше махаббатын аңғардық. Өзінің айтуынша, осы күндерге дейін ол Мұқағалидың жырларына отыздан астам ән жазыпты. Сондай сәтті шыққан бір туынды – «Қазақ жері» әнін танымал әнші Досымжан Таңатаров өзінің қоңыр дауысымен салып берді.

Иә, композитордың әндерін орындайтын әншілердің арасында халықты талантымен баурағандар баршылық. Мұны осы кешке қатысқан өнерпаздардың құрамынан да байқауға болады. Мәселен, кешегі сал-серілердің бейнесінде сахнаға шыққан Рамазан Стамғазиев достың кешіне арнайы Алматыдан ат арытып жетті. Бұл қатарға дарынды әнші Ерлан Рысқалиды, Клара Төленбаеваны, «Аламан» тобын, Есет Сәдуақасовты, Мұрат Қожаны қосуға болады.

Әсіресе, көрермен көптен бері сахнадан көрінбей кеткен есті әндердің орындаушысы әнші Есетпен көзайым болып қалды. Ол «Сыйластық» және өмірден ерте озған ақын Шәміл Мұхамеджановтың сөзіне жазылған «Достарыма» әндерімен халыққа ой салды.

Осыдан он шақты жыл бұрын Кентау Назарбектің ата-анасына арнаған ән атауымен аттас «Бір бәйтерек, бір шынар» атты ән жинағы жарық көрді. Бұл әннің мәтінің композитордың туған апасы Бақыт Назарбекова жазды. Кеште осы әнді сөз авторының орындауында естідік.

img_4980

АУЫЛДАҒЫ АҚЫНДАРДЫҢ АЛЫМЫ

«Ел іші – өнер кеніші» деп жатамыз. Кентау Назарбектің ұстазы, көрнекті композитор Теміржан Базарбаевтың «Ауылым» атты классикаға айналған әннің сөзін Шығыс Қазақстан өңірінде қоңыр тірлік кешіп жатқан ақын Жабайыл Бейсенов жазғанын біреу білер, біреу білмес. Кентау Назарбек бұл ақынның өлеңдерін де әндеріне азық етті. Соның бірі – «Қазақ елім – байтағым» әні болды.

Сен мені ізде, аяулым,

Шұғыладан барлық түн қашқан.

Сен мені ізде, аяулым,

Көктемдерден барлық гүл басқан…

Астаналық филармония солисі Перизат Тұрарова Кентау Назарбектің «Мені ізде» әнін орындайды деп хабарланғанда есімізге отыз жасында қыршын кеткен ақын Төлеген Айбергеновтің жоғарыдағы өлең жолдары түсті. Шығыс еліңдеге ақын Айжарық Абылқасымов Төлеген ақынның шығармашылығын қатты бағалайды дегенді естіген едік, кеште айтылған ән мәтінің авторы осы Айжарық аға болып шықты.

Оралым, шықтың алдымнан,
Оралым менің, Оралым!
Қол созып қызыл вагоннан,
Үстіңнен өтіп барамын…

Арқада туып, Ақ Жайық өңірінде жетілген дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың осындай өлең жолдары бар. Айтыс пен жазба поэзияны қатар алып жүрген ақын Әсем Ережеқызының өлеңіне жазылған «Қазағымның Оралы» әні Қасымның жаңғырығындай естілді. Бұл әнді кеште оралдық дуэт Дархан Құлбабаев пен Айым Шекеева салды.

Кеш тізгіні қос ақын – Қалқаман Сарин мен Әсем Ережеқызының қолында болды. Концертті жүргізген олар кеш иесінің де, көрерменнің де көңілінен шыға білді.

img_5166

ҰЛТТЫ ҰЛЫҚТАЙТЫН ҰЛ

Кентау Назарбек ән ғана емес, күй де шығарады екен. Күйші Айбек Бекбосынның орындауында оның «Керуен ғұмыр» күйін тыңдадық. Кейбір әндердің сөзін өзі жазатын композитордың осы кешке атау берген «Қазағым, жаса мәңгілік» әнің әнші Қазыбек Әдікей салғанда көрерменнің рухы көтеріліп қалды. Ән мәтінің даламыздың ұлылығынан, кешегі Ғұндар мен Сақтардан тарқата бастаған автор елдімізді асқақтатқан ақындардың, жыраулардың, хандардың, билердің, әл-Фараби сынды ғалымдардың, Мұстафа Шоқай мен Жұмабек Тәшенов сияқты қайраткерлердің, Шәмші мен Нұрғиса сынды ұлы композиторлардың, ғарыш кеңістігін бағындырған үш ғарышкеріміздің, Қайрат Рысқұлбековтей Желтоқсан көтерілісінің қаһармандарын, Олимпиадада көк туымызды желбіреткен марқұм Бекзат Саттархановтың аттарын шығармасына қосып, қазақтың ұлылығын паш етті. Мұны ән емес, дәуірлерден сыр шерткен дастан деп қабылдадық.

Астана қаласы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен өткен осы кеш композитордың тәуелсіздік кезеңінде, яғни 25 жылда шығармашылығы қалай өрбігенің көрсетті. Кентау Назарбектің талантын құлынынан таныған көрнекті композитор Теміржан Базарбаев оның қанатын қатайтты. Қоғам және мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков композитор өнерінің әрі қарай өрістеуіне жол ашты.

«Астанаға көшіп келгеніме 4 жылдың көлемі болды. Елордаға бір адамдарды аңсап келдім. Олардың бірі – Әшірбек Сығай болса, екіншісі – Мырзатай Жолдасбеков. Қазір мені биіктерге осы Мырзатай ағам жетелеп келеді. Бұл кештің өтуіне де бірден-бір себепкер Мырзатай аға» деген композитор кешіне атсалысқан баршаға алғысын жеткізіп, соңында жүрекжарды жырын оқып берді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten + fourteen =