«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Коммуникация құрылыспен қатар жүруі қажет

0 126

Бір апта бұрын Астана әкімі Бақыт Сұлтанов әкімдіктің аппараттық жиынында үлескерлік құрылыс, денсаулық сақтау, экономика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзінің орынбасарлары мен тиісті басқармалардың басшыларына тапсырмалар берген еді. Кеше өткен кезекті жиында қала басшысы аталмыш мәселелер шешімін қалай тауып келе жатқандығы жайлы баяндамалармен қатар, осы жылдың бірінші жартысында атқарылуы тиіс жұмыстардың есебін тыңдады.

ҮЛЕСКЕРЛІК ҚҰРЫЛЫС КЕСТЕДЕН АУЫТҚЫМАСЫН

Өткен аптада қала әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун түйткілдер туындатып отырған нысандардың жағда­йынан хабар берді. Осы жолы ол бұл бағытта атқарылып отырған жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, жағдай жақсы жағына өзгерген.
Бақыт Сұлтанов проблемалық нысандарға қатысты жұмыстардың кестеден ауытқымай жүруін шегелеп тапсырып, үлескерлерге құрылыс барысы туралы ақпараттың жеткізілуіне назар аударды.

ЕМДЕЛУШІЛЕР  ДӘРІМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІЛДІ

Әкімдікке қарасты стационарлардағы жағдайды баяндаған Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев науқастарды дәрімен қамтамасыз ету жа­йынан ақпарат берді.
«Медициналық ұйымдар Бір­ыңғай дистрибьюторлармен 2019 жылға дәрілік заттарды жеткізуге шарттар жасады. Препараттарды жеткізу басталып кетті.
Жыл басында емделушілер дә­рілік заттарсыз қалмауы үшін өткен жылғы желтоқсанда оларға 3 айға жететін препараттар берілді» деді Е.Аманшаев.

QR-КОДТАР МЕДИЦИНАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШЕДІ

Өткен аптада «Астана – адалдық алаңы» жобасының аясында қаланың емханалары мен стационарларында ақпараттық өнім та­ныс­тырылды. Ол онлайн режимде емделушілердің қанағаттану деңгейін бақылауға мүмкіндік береді. Тұрғындар барлық медициналық ұйымдарда орнатылған бұл арнайы QR-кодтарды сканерлеу арқылы сауалнамаға өтіп, медициналық ұйым туралы пікір қалдыра алады. Соның қорытындысында медициналық ұйымдардың рейтингі жасалады. Бұл шара халықтың медициналық көмек сапасына көңілі толу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұған қоса, еңбекке жарамсыз­дық парақтарын қолдан жасау фактілерін болдырмау мақсатында ақпараттық сервис әзірленді.
Сонымен қатар Е.Аманшаев қысқы демалыс орындары – мұз қалашықтары мен сырғанақтарда демалушылар туралы, өткен аптада ұйымдастырылған мәдени және спорттық шаралар жайлы есеп берді.
Оның баяндамасынан кейін Астана әкімі «Астана – адалдық алаңы» жобасы бойынша атқарылған, алда атқарылатын жұмыстар тұрғындарға ашық және қолжетімді болуын тапсырды.

ҚАРЖЫ ИГЕРІЛМЕУІНІҢ САЛДАРЫ

Қала бюджетінің орындалуы, қаланың коммуналдық меншігіне нысандарды қабылдау, сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу жоспарының атқарылуы туралы қала басшысының орынбасары Асқар Әмрин мәлімдеп, игерілмеген қаржы 14,2 млрд теңгені құрағанын жеткізді.
«Қомақты сома, республикалық трансферттерден берілген 6 миллиард теңге, жергілікті бюджеттен 8 миллиард теңгеден астам қаржы игерілмей отыр. Негізгі себеп – уақытылы мемлекеттік сатып алу жоспарының орындалмауы. Өткен күзден бастап осы рәсімдерді өткізуге мүмкіншіліктер бар еді, әлі де тиісті құжаттарға қайта-қайта түзету енгізе беріп, бұл мәселені созып келе жатырсыздар. Осылай сылбыр жұмыс істесек, Елбасы тапсырған жаңа экономикаға қалай жетеміз? Қаржыны қашан игересіздер? Бұл жағдай жемқорлыққа жол ашып, бюджеттік заңнамаларды бұзуға әкеледі. Осы айдың қорытындысында тиісті шешімдерді шығарамын» деген Б.Сұлтанов қаланың коммуналдық меншігіне нысандарды қабылдауға қатысты тапсырмаларды берді.

АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ НЕГЕ ӨСТІ?

Өткен апта қорытындысында пияз 1,2 пайызға, қант және күріш 0,4 пайызға арзандаған. Қырыққабат, қарақұмық жармасы және сүзбе шамалы қымбаттаған. Осылай деп мәлімдеген қала әкімінің орынбасары Малика Бектұрова бағаның өсуі маусымдық сипат алғанын, бұл азық-түлікті сақтау­ға және көлік қызметінің қосымша шығындарына байланысты болып отыр­ғанын мәлімдеді. Азық-түлік бағасын тұрақтандыруға байланысты қабылданған шаралардан хабар берді.

БИЫЛ 10 ҮЙ ЖӨНДЕЛЕДІ

Қала басшысы осыған де­йін Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына аудандардың әкімдерімен бірлесіп, көп қабатты үйлердің қасбеттерінің ағымдағы жай-күйін талдауды және оларды тиісті жағдайға келтіру тетігін әзірлеуді тапсыр­ған болатын. Бұл жұмыстар жайлы аталмыш басқарма басшысы Төлеген Құлышев пен аудандардың әкімдері есеп берді.
Басқарма басшысының айтуынша, шаһарда жөндеуді қажет ететін 22 көп қабатты үй бар. Соның ішіндегі 10 үй «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» бағдарламасына енгізілген. Биыл тиісті жұмыстар атқарылады. Қалған 12 үй бо­йынша ПИК басшыларымен кездесулер өткен. Олар аталмыш бағдарламаға қатысуға дайын.
«Бұл жұмысты тезірек бітіру керек. Әр ПИК басшыларымен сөйлесіп, қаржы жолдарын табу қажет. Өйткені ПИК қаражаты жоқ болса, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін қолдануға болады. Көктемде, күн жылынған кезде жұмыстар басталу қажет» деді Астана әкімі.

ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯЛАР АШЫЛАДЫ

Бақыт Сұлтанов қалалық Қо­­ғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыровтың 2025 жылға дейін денсаулық сақтау саласын дамыту жоспарын тыңдаған соң, жобаның маңыздылығын ескере отырып, 11 емхананың орнына 51 дәрігерлік амбулаторияның ашылуына қатысты тиісті жоспарға өзгерістер енгізуді, халыққа бұл амбулаториялардың не беретінін түсіндіруді тапсыр­ды.
«Бұл шаралар, шын мәнінде, қалалық емханаларға түсетін жүкті азайта ма? Емханадағы кезек пен медициналық қызметтердің сапасына қатысты мәселені шешеміз бе? Осыған талдау жүргізу қажет» деді қала басшысы.
Бұған қоса, «Үй жанындағы дә­рігер» жобасы бойынша жұмыс­тарды жалғастыруды, Ермек Аманшаевқа тиісті мәселені бақылауға алуды тапсырды.

ГАЗДАНДЫРУ ЖОБАСЫ ҮШ КЕЗЕҢГЕ БӨЛІНДІ

Қалада қылмыстық ахуал мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар туралы қалалық Полиция департаментінің бастығы Марат Қожаев мәлімдеді.
Астана қаласын газдандыру жобасы үш кезеңге бөлінген. Бұл жоба жайлы Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов баяндады. Қазіргі таңда бірінші кезең бо­йынша жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде іске қосатын тоғыз кешен бар. Бірінші-екінші кешен сараптамасының қорытындысы шықты. Кеше тиісті конкурс жарияланды. Бұл бойынша 1-ЖЭО, 2-ЖЭО, 3-ЖЭО газға қосылады.

АСТАНА ОРТА АЗИЯДА КӨШ БАСТАДЫ

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров баяндады. «Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Астана «ақылды» қалалардың халықаралық рейтингіне енгізілді. Елорданың даму деңгейі 2,48 балды құрады. Әлемнің басқа қалаларымен салыстырғанда бұл жаман көрсеткіш емес. Мәселен, Мәскеу­дің дамуы – 3,1 балл. Астана – Орталық Азиядағы осы үлгі бойынша «Смарт Сити» бағасын алған алғашқы қала» деді баяндамашы.

БАСҚАРМАЛАРҒА – НАҚТЫ ТАПСЫРМА

Өткен сенбі күні Астана әкімі Бақыт Сұлтанов қаланы аралады. Соның ішінде «Алтын Шар» тұрғын үй кешеніне, 31 көшеден төмен орналасқан мектепке, Бағыстан шағын ауданына және Қорғалжын тасжолынан төмен орналасқан мектепке барды.
Қала басшысы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің тиісті инженерлік инфрақұрылымсыз салынуын, коммуникациялар мен құрылыстың қатар жүргізілмеуін қатаң сынға алды. Соған сәйкес Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруа­шылық басқармаларына осы жылдың 1 маусымына дейін 31 көшеден төмен орналасқан 1200 орындық және Қорғалжын тасжолынан төмен орналасқан 900 орындық мектептерді уақытылы іске қосу үшін кірме жолдар мен инженерлік желілерді және кешен құрылысын салуды ерекше бақылауға алу қажеттігін, Стратегия­лық және бюджеттік жоспарлау басқармасына жоғарыда көрсетілген тапсырмаларды орындау үшін жергілікті бюджеттен әкімшілермен ұсынылған қаржы шегінде қаражат қарас­тыруды тапсырды.
Асқар Әмринге Активтер және мемлекеттік сатып алулар басқармасымен бірлесіп Қорғалжын тас­жолынан төмен орналасқан 900 орындық мектептің құрылысын жалғастыру үшін сапалы және уақытылы сатып алулар конкурс­тарының өткізілуін қамтамасыз етуге тапсырма берді.
«Алтын Шар» ТК бойынша Көлік және жол-көлік инфра­құ­рылымын дамыту басқармасына осы жылдың 1 тамызына дейін С49 көшесінің жобалауын аяқтау, ағымдағы жылы құрылыс жұмыс­тарына мемлекеттік сатып алулар өткізуді, аталған нысандарды жолдар мен инженерлік желілерді қамтамасыз етуді, бұған қоса, Бағыстан шағын ауданы бойынша осы жылы құрылыстың бірінші кезегін инженерлік желілерімен және ТМ 7 көшесі жағынан жол жүрісін қамтамасыз етуді тапсыр­ды.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды