«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Коммуналдық тарифтер қанша төмендеді?

0 185

Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде коммуналдық қызметтердің тарифтері төмендеді. Ал Астана бойынша тарифтердің қаншалықты төмендегені нақтыланды.

Бұл жөнінде кеше ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополия­ларды реттеу, бәсекелестікті және тұты­нушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департамент басшысы Болат Танабергенов әкімдікте өткен брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша, электрмен жабдықтау тарифі жеке тұлғалар үшін 9,3 пайызға төмендеген. Яғни былтырғы қолданыстағы тариф 11,4 теңге/кВт сағ болса, биылғы 1 қаңтардан бастап ол кВт сағ 10,33 теңгені құрады. Сонымен қатар заңды тұлғалар үшін қолданыстағы тариф 16,01 теңге/кВт сағ мөлшерінде болып келсе, 1 қаңтардан бастап 14,54 теңге/кВт сағ-қа дейін, яғни 9,18 пайызға төмендеді. Сондай-ақ жеке тұлғалар үшін жылу жүйесінің тарифі 9,98 пайыз шамасында, яғни биылдан бастап 2 074,81 теңге/Гкал-ды құрады. Ал заңды тұлғалар үшін оның көлемі өзгеріссіз қалып, 3 556,39 теңге/Гкал болып сақталды.
Сумен жабдықтау бойынша қала тұрғын­дарына осыған дейін қолданыстағы тариф текше метріне 41,26 теңге болса, биылғы 1 қаңтардан бастап ол 37,13 теңге болып бел­гіленді. Ал қатты тұрмыстық қалдықтар бойынша абаттандырылған сектор үшін 2012 жылдан бергі тариф бір адамға 252,2 теңге сомасында еш өзгеріссіз сақталған болатын. Енді ағымдағы жылдан бастап бұл бағаға 246,2 теңгеге төмендеді. Ал жеке сектор үшін бұған дейін бір адамға есептегенде 276 теңге болса, биыл 5 пайызға төмендеп, 262,2 теңге болып бекітілді.
«2015 жылы алдағы 5 жылға, яғни 2016-2020 жылдары тарифтер әр жыл сайын көтеріледі деп жоспарланған болатын. Бірақ тарифтер, керісінше, төмендетілді. Бұл қызмет көрсетуші кәсіпорындардың шығындарын азайтумен және өткен жылдың соңына қарай Энергетика министрлігінің жаңа тариф құнын бекітуіне байланысты болып отыр» деді Б.Танабергенов.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды