©2020 Астана Ақшамы
Коммуналдық шығынды қалай үнемдейміз?
Кейбір тұрғындар коммуналдық қызметтерге кеткен шығындардың көптігін айтып, шағымданады. Үйге келіп тұрған жылуды, суды, электр қуатын ысырап етпеудің амалы – үнемділік.
Осы уақытқа дейін елімізде сарқылмайтын әрі тегін берілетін ресурс ретінде көрінген коммуналдық қызметтің ахуалы бүгінде өзгерді. Мамандар қарапайым халық үшін үйрену үрдісі оңай емес екендігін алға тартқанмен, әлемдік дағдарыс үнемділікке үйретпей қоймасы анық.
Электр қуаты
Электр қуатын үнемдеу – барлық қала тұрғындарына қатысты шаруа. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов тұрғын-дарға есеп беру жиынында арнайы тоқталған еді. «ЭКСПО көрмесін өткізудегі басты нәрсе – әрбір азаматтың қала үшін маңызды осы үрдіске ат салысуы. Біз оны «келешек қуаты» деп жария еттік. Сондықтан әркім қазірден бастап осы көрме идеясындағы өз маңызын түсініп, әр пәтерде жай ғана электр қуатын үнемдеуден бастап «жасыл экономика» жобасын жүзеге асыру жобаларын жүзеге асыруға тікелей қатысуға дейін іс атқаруының маңызы зор» деген болатын. Қарапайым ғана мысалдан әрбір азаматтың электр қуатын үнемдеуі, сол арқылы ақшасын үнемдеуін көруге болады.
Су
Су тапшылығы – Елбасы Жолдауында айтылған ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатерінің бірі. Ай сайын тұрғындардың есепсіз пайдалануының себебінен, Астанада 13 мың м³ су ысырап болады екен. Елімізде бір адамға жұмсалатын су мөлшері дамыған мемлекеттермен салыстырғанда үш есеге көп. Ал, «Астана су арнасы» мекемесінің қызметкері Вахит Ниязовтың айтуынша, бүгінде қатаң үнемдеу шараларын жүргізу арқасында, кәсіпорын жыл сайын 50 млн теңгені үнемдейді екен. Елордада «Ақбұлақ»мемлекеттік бағдарламасы аясында, 9 көпқабатты тұрғын үйдің су құбырлары күрделі жөндеуден өткізілген. Ауыз су көбіне қоғамдық орындарда ысырап болады. Алдағы уақытта сырт елдердегідей сенсорлық крандар орнату жаппай қолға алынса, бұл мәселе шешімін табуы мүмкін.
Газ
Газды тұтыну нормасы көп жағдайда жоғары. Газында есептеуіш құралы бар пәтер иесі есептеуіші жоқтарға қарағанда аз ақша төлейді. Газға есептеуіш құрал орнату да қиын емес. Ол үшін қалалық газ қызметіне есептеуіш құрал орнатып, үйді газдандыру жобасына сәйкес өзгер-тулер енгізу туралы өтініш жазу қажет. Қазіргі таңда қолданыстағы қаулыға сәйкес газ есептеуіш құрылғыларын ауыстыру немесе мерзімінің жарамдылығына тексерту жүргізілуде. Астанада Орынбор көшесі 11 және Әуезов көшесі 28/1 мекен-жайы бойынша орналасқан эталон орталықтарында тұрғындар пайдаланып жүрген құрылғыларын тексертіп алуы тиіс.
Жылу
Халықтың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметіне төлейтін жалпы шығындарының 40%-ы жылуды құрайды. Жылуды үнемдеу басқа энергоресурстарды үнемдеуге қарағанда басымдыққа ие. Мәселен, жылытып бекітілмеген терезелер мен есіктер арқылы жоғалатын жылу шығыны – 14%, ғимарат қабырғалары арқылы шығын – 22%, төбелер, еден, шатыр жабындылары арқылы шығын – 8%, қымтап жабылмайтын есіктер мен терезелер, желдеткіштер арқылы жылу шығыны – 56%.
Астанада сәуірден бастап кейбір пәтерлерде, бірқатар білім беру, денсаулық, мәдениет ғимараттары және адамдар көп жиналатын қоғамдық орындарда жылу беру тоқтатылды. «Астана-Теплотранзит» АҚ мәлімдеуінше, 2013 жылдың 3 сәуірінен бастап ЖЭО-1 бақылауы бойынша 130°С температураға есептелген жылу магистральдарын сынақтан өткізу кезеңінде ұйғарымға сәйкес кәсіпорын мен мекеме басшылары, ПИК төрағалары ыстық су беруді тоқтатуы қажет. Сынақ Сарыарқа және Алматы аудандарын қамтиды. Анықтама алу үшін 771-200,771-211 телефондарына хабарласуға болады.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ