Коммуналдық меншіктің келешегі

0 21

Кеше Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында қаланың коммуналдық мүлкін тиімді басқару мәселесі қаралды. Бұл саладағы жағдаймен қалалық Активтер және мемлекеттік сатып алулар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аягөз АМРИНА таныстырды. Оның баяндамасынан соң депутаттар оған біраз сауал жолдады.

Бірқатар кәсіпорындар сенімді басқаруға берілген соң, қалалық бюджет қаржысы айтарлықтай үнемделген. Мәслихат депутаты Қарақат Абден қалалық бюджетті үнемдеу маңызды мәселе екенін атап өтіп, білім беру мекемелерінің жайын қозғады.
– Қалалық бюджеттен колледждер бен балабақшаларға өте көп қаржы жұмсалады. Оларды сенімді басқаруға беру мәселесі қаралып жатқан жоқ па? Себебі қала бюджетінің балансында 80 балабақша бар, – деп сұрады депутат.
Баяндамашының айтуынша, әзірге бұл мәселе күн тәртібіне шығарылмады. Бірақ болашақта әкімшілік шығындарды қысқарту үшін сондай ұсыныс айтылуы ықтимал. «Өзге өңірлердің тәжірибесіне қарасақ, білім мекемелерін сенімді басқаруға беру тиімділігін көрсеткен жоқ. Сол себептен бұл мәселені әлі зерттейміз. Содан соң тиісті ақпаратты мәслихатқа ұсынамыз» деді А.Амрина.
Қ.Абден бұдан соң квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту қаншалықты тиімді болып жатқанын сұрады. Оған баяндамашы осы жылы осы істен 4 млрд теңге шамасында үнемделеді деп болжанғанын жеткізді. Оның мәлімдеуінше, осы секторда 1107 адам қысқартуға ілігеді.
Сондай-ақ депутат қалада балаларға арналған қосымша білім беру нысандарының жетпей жатқанын айтты. Әсіресе, шеткі аймақтарда бұл мәселе өте өзекті.
– Менің сайлау округым «Заречный», «Тельман» тұрғын алаптары шаһардағы екі Оқушылар сарайынан өте алыс орналасқан. Музыка мектептерінің көпшілігі оң жағалауда. Активтер және мемлекеттік сатып алулар басқармасының балансында бос тұрған жайлар бар болуы керек. Олардың тізімін бізге ұсынуды сұраймын. Өз уақытында кейбір жайлар аулалар клубтарына берілді. Бұл дұрыс болды. Бірақ олардың көпшілігі жертөлелерде орналасуы көңілді түсіреді, – деді Қ.Абден.
Депутат Рамзия Өмірбаева көркемсу­рет және музыкалық мектептердің қосылмайтыны дұрыс болғанын атап өтіп, музейлер мәселесіне назар аударды.
– Алда төрт музей қосылмақ екен. Қанша адам қысқартылады? Қысқарған қызметкерлерге басқа жұмыс ұсыныла ма? «АЛЖИР» музейі мен қосылғалы тұрған қаладағы тағы үш мұражай бір-бірінен өте қашық орналасқан. Сонда олар бір орталыққа бағына ма? – деген сауалдарды қойды депутат.
– Төрт музейде тек әкімшілік-басқару персоналы қысқарады. Бұрын әр мұражайда директордың екі орынбасары мен жоспарлау-экономикалық бөлімдерде үш қызметкерден болса, олардың саны қысқарады. Соған сәйкес қызметтік автокөліктер саны да азаяды. Қалалық Мәдениет басқармасына қысқаратын қызметкерлерді басқа жұмысқа ауыстыру туралы тапсырма берілді, – деді А.Амрина.
Қалалық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Мәжит Шайдаровтың мәліметтері бойын­ша, «Астана Орманы», «Астана Көгалдандыру құрылысы», «Астана Тазалық» кәсіпорындарында биыл 548 жұмыскер, келесі жылы 704 адам қысқартылады. Депутатты осы жағдайдан кейін қаланың тазалығы мен көгалдандыру мәселесі алаңдатып отыр. Ол жұмыскерлерді қысқарту кері әсер етуі мүмкін деген болжамын айтты. Медициналық нысандарды біріктіруге қатысты өз пікірін жеткізді.
– Оңтайландыру мен штатты қыс­қарту бойынша комиссия отырысында осы мәселені аталған кәсіпорындардың басшылары өздері көтерді. Осыған байланысты қарапайым жұмыскерлерге тиіспей, әкімшілік-басқару жүйесі­нің қызметкерлері ғана қысқарды. Қысқарту құқығы мекеме басшыларына берілді, – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.
Депутат Зейнолла Шібкенов осы сияқты қаланы энергиямен қамтамасыз етіп отырған бес ірі кәсіпорынды «Астана» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына сенімді басқаруға берудің тиімділігін сұрады.
– «Астана Энергосервис» кәсіпорнын жоюдың нәтижесінде 1 миллиард теңге үнемделді. Одан кейін кәсіпорынның барлық функциялары «Астана» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына берілді, – деді А.Амрина.
Оның сөзін «Астана» ӘКК басқарма төрағасы Рүстем Қуанышбаев толықтыра кетті. Оның айтуынша, корпорация аталған кәсіпорындарға қаржылық есептеудің халықаралық стандарттарын енгізу бойынша ғана мониторинг жүргізеді. Ал өндірістік істерге араласпайды. Сондықтан қаланың энергия кешені жұмысының тиімділігіне оңтайландырудың еш әсері жоқ.
2016-2020 жылдарға арналған елорданы дамыту бағдарламасына кейбір индикаторлар бойынша өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістермен қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев таныстырды. Бұл мәселе бойынша да депутаттарда бірнеше сұрақ туындады.
Мәселен, депутат Зейнолла Шібкенов спортпен айналысу, медициналық көрсеткіштер бойынша индикаторлардың төмендетілгенін дұрыс емес деді. Оны мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Мәжит Шайдаров қолдады. Анықталғандай, индикаторларды төмендету – салалық министрліктердің шешімі. М.Шайдаров бұл мәселені қайта қарау керіктігін айтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × 3 =