Көмірге сұраныс азайды

0 16

Елордада жыл соңына дейін 8 мың үй газға қосылады. Қалған үй-жайлар көгілдір отынмен келесі жылы қамтылмақ. Ал биылша газға қолы жетпегендер көмір жаға тұрады.

Жылда осы мезгілде жұрт жаппай сабылып көмір іздеп жүретін. Биыл мұндай дүрбелең жоқ. Көктем туа төтеннен келген коронавирус індеті қаладағы ағайынның ертең көмір бағасы қымбаттап кетуі мүмкін деген күдігін қоздырса керек, қысқа ерте бастан қамданыпты. Отынмен жабдықтаушылар көмір саудасы жаздың орта шенінде қызу жүргенін айтады. Ал қазір қатты отынға деген сұраныс саябырсыған. Оның үстіне қала қоймалардағы көмір қоры биылға емес, келесі қысқа да молынан жететіндей болып үйіліпті. Сонымен бірге елордаға көгілдір отынның келуі көмірге деген сұранысты едәуір азайтқан.
Көмір қоймасының меңгерушісі Ерлан Тәжікенов көмір бағасы былтырғы межеден қымбаттаған жоқ дейді. Алдыңғы жылы да осы баға болған.
– Қоймада көмір жеткілікті. Бірнеше түрі бар. Бағасы өскен жоқ, бұрынғысынша. Бірақ көмірге деген сұраныстың күрт төмендеп кетуін тек қалаға көгілдір отынның жеткізілуімен ғана байланыстырмау керек. Індеттің кесірінен адамдардың көбі жұмыстарынан айырылды. Күнін көріп, отбасын асырап отырған табыстары тоқтады. Қалталарында там-тұм ғана ақшалары қалды. Көмір сатып ала алмай отырған отбасылар қаншама! – деді ол көпшілік елдің мүшкіл жағдайынан хабардар екенін білдіріп.
Қалалық отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов биылғы жылы «­Железнодорожный», «­Промышленный», «Көктал-1» және «Көктал-2» тұрғын алаптарына газ беру жоспарланып отырғанын айтты:
– Сондай-ақ «Агрогородок» тұрғын алабының бір бөлігі де газбен қамтылатын болады. Қалада ұзын-ырғасы 20 мың үйді газға қосу көзделген. Газдандыру жұмыстары келесі жылы жалғасады, – деді бөлім басшысы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 + fifteen =