Коллекционердің жеке көрмесі

0 20

Жақында Ұлттық музейде Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығына орай Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі коллекционер Азат Әкімбектің «Атамұра» атты көрмесі ашылды.

Мазмұнды шараның ашылуында Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы көрме иесінің сегіз қырлы, бір сырлы тұлға екендігін айта келіп, оның жеке қорындағы әрбір жәдігер өткен тарихтан сыр шертетіндігін айтып өтті.
Атақты коллекционер жеке көрмесіне ХІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақтың сәндік қолданбалы қол­өнерін, тұрмыс-тіршілігін паш ететін басқұр, текемет, тұскиіз, алқалар, салпыншақ сырғалар, жүзіктер, білезіктер, ат әбзелдері, теген, ас-табақ, адалбақан секілді құнды жәдігерлерді алып келген. Сонымен қатар ХVІ-ХІХ ғасырлардағы Орта Азия өңірінің араб, парсы, шағатай тілдеріндегі ескі қолжазба жинақтарымен бірге 1910-1970 жылдардағы Н.Дубовской, Н.Хлудов, Ә.Қастеев, С.Чуйков, Ж.Шарденов, С.Айтбаев, С.Сидоркин сынды танымал Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан суретшілерінің туындыларын, Алматы қаласының 1887 жылдан бастап 1963 жылға дейінгі тыныс-тіршілігін, архитектурасын бейнелейтін суреттер коллекциясы да келушілерді қызықтыра түсті.
Іс-шара барысында Азат Әкімбек көрмеге алғаш рет төрт бірдей коллекциясын ұсынып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ ол кісі өзінің бай коллекциясынан құнды қолжазбаларды, атап айтсақ, парсының танымал ақыны Шамс ад-дин Мұхаммад Хафиз Ширазидің (1325-1389) «Диуан-и Ходжа Хафиз Ширази (Қожа Хафиз Ширазидың диуаны)», «Ал-Кафия (Араб тілінің грамматикасы)», ортағасырлық парсы ақынының «Диуан-и Бидил (Биделдің диуаны)», екі ғасыр бұрынғы қасиетті Құран Кәрім кітабын Ұлттық музей қорына сыйға тартты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 9 =