Коллекционер

0 9

Жуырда «Елорда ақпарат» ЖШС-орналасқан ғимаратта коллекционер Қайырбек Рамазановтың көшпелі көрмесі өтті.Бұл қандай көшпелі көрме дейсіз ғой…
Айтайық. Қайырбек қария 50 жылдан бері түрлі төсбелгілерді жинаумен айналысады. Қазір оның саны 20 мыңнан асқан. Және төсбелгі ғана емес түрлі орден-медальдарды да жинас­тырып жүреді. Осы құнды жәдігерлерді көрген кезде қаншама еңбектің, ізденістің тері төгілгенін байқайсыз. Көрмеге қойылған төсбелгілерді адамдар қызығып қарап, иесінен оның тарихын сұрап жатты.
Біз де ағамызды қағаберісте әңгімеге тартып, осы дүниелерді жинауға не себепкер болғанын сұрадық…
– Мен бұл төсбелгілерді 1969 жылдан бастап келемін. Сол жылы қараша айында теледидар қосып қалсам, коллекционерлер туралы хабар жүріп, солардың жинағын дүнилерін көрсетіп жатыр. Арасында бір қазақ жоқ, кілең орыс, неміс, украин, қысқасы, басқа жұрттар. Содан неге қазақтан біреу жоқ деген ызам келді. Осы оқиғадан кейін төсбелгілерді жинай бастадым. Оның арасында сатып алғандар да, сыйлыққа бергендер де бар. Әйтеуір жүрген жерімде өзгеше төсбелгі көрсем сатып алуға тырысамын, – деді ақсақал.
Ол кісінің біраз жерге табаны тиіпті. Мәселен, Италия, Германия, Чехия, Венгрия, Хорватия, Австрия секілді мемлекеттерде болған. Осы елдерге барғанда алған төсбелгілер көрменің ажарын ашып тұр. Бұл жәдігерлердің бәрі тақырып бойынша жиналған. Айталық, пионер, комсомол, білім, медицина, авиация, теміржол, кәсіподақ, ғарыш секілді кете береді. Бұған дейін коллекционердің көшпелі көрмесі елордадағы Назарбаев университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Қазмедиа» орталығында өтіпті.
Қайырбек ағамыз Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай жерінде өмірге келген. Өскеменде зауытта қызмет істепті. Қазір жасы 78-де.
«Бұл менің хоббиіме айналды. Осыларды жинап жүрсем көңілім көтеріліп, өмірге деген құштарлығым артады. Әрине, осыншама құнды дүниені сақтау да оңай емес. Шамам жетсе, Третьяков галериясы немесе шағын музей ашқым келеді» деген арманы бар екенін де жасырмады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды