Колледжге емтихансыз қабылданады

0 275

Еліміздегі карантиндік жағдайға байланысты оқу орындарына қабылдау комиссиясының жұмысына өзгерістер енгізілген. Осы орайда, Нұр-Сұлтан қаласы политехникалық колледжінің 2020-2021 оқу жылындағы қабылдау комиссиясының жұмысы таныстырылды. Шараға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Жазира Жылқышиева, «Астана – адалдық алаңы» жобасының жетекшісі Мирас Шекенов және жоба менеджерлері мен қоғам өкілдері қатысты.

Кәсіптік білім беру ұйымына оқуға түсу­шілер үшін емтихан болмайды. Тек талапкерлерді қабылдауға арналған конкурс білім туралы құжатқа сәйкес міндетті және бейінді пәндердің жиынтық балының нәтижелері бойынша өткізіледі.
Политехникалық колледждің директоры Қасымхан Сенғазиев кездесуде қабылдау комиссиясының жұмысы бойынша ақпарат беріп, карантин жағдайларында қабылдау комиссиясының жұмысы ақпараттық-коммуникация­лық технологияларды пайдалана отырып жүргізіліп отырғанын айтты. Сонымен қатар, колледж сайтындағы виртуалды конкурс­тық комиссиямен таныстырды.
Биыл колледждерге 450 мемлекеттік грант бөлінді. Құжаттар қабылдау 2020 жылдың 20 мау­сымында басталды. Қабылдау комиссиясының қорытындысы бойынша бүгінгі таңда байқауға 1083 талапкер құжат тапсырған.
Колледж директорының айтуынша, қабылдау комиссиясының құрамында жергілікті және атқарушы органдардың, қоғамдық ұйымдардың және ата-аналар кеңесінің өкілдері мен студенттік өзін-өзі басқару ұйымы бар.
Қабылдау комиссиясының жұмысындағы тағы бір жаңашылдық – колледждің сайтында күнделікті оқуға тапсырған тұлғалардың жиынтық балы көрсетілген тізімдік құрамы жарияланып отырады. Қабылдау комиссиясының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында құжатта жиынтық балдың қорытындысы бойынша талапкердің нешінші орында тұрғаны көрсетіледі. Яғни, оқуға құжат тапсырған кез-келген азамат өзінің мемлекеттік тапсырыс негізінде оқуға түсуге қаншалықты мүмкіндігі бар екенін ашық көре алады.
Кездесуге қатысқан «Астана – адалдық алаңы» жобасының жетекшісі Мирас Шекенов бұл тәжірибені елорданың басқа колледждеріне енгізу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар шара ба­­ры­сында Политехникалық кол­ледж­дегі «Саналы ұрпақ» жоба кең­сесінің жұмысы таныстырылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty + fifteen =