КОЛЛЕДЖДЕР КӨМЕГІ

0 160

SAM_2811

«Тамаша – тамаша емес бірақ та ол, Бір мезгіл кетпен-күрек ұстамаса» деп белгілі әнде айтылатындай, жалпықалалық сенбілікке шаһардағы колледждер де үлестерін қосты.

Бұл күні ұстаздар қауымы бір ауық сабақ беруден босап, шәкірттерімен бірге таза ауада иық тірестіріп жұмыс істеді. Ұзын саны 19 ұлт өкілдерінен тұратын, «Есеп және аудит», «Құқықтану», «Аударма ісі», «Туризм», «Қонақ үй шаруашылығы», «Бағдарламамен қамтамасыз ету» сынды алты мамандық бойынша оқытатын Д.Қонаев атындағы университет колледжінің ұжымы да барлығы бір кісідей сенбілікке атсалысты.
Жалпы, колледж жастары көптеген қалалық іс-шараларға белсене қатысады. Мәселен, үнемі «Өз қаламызды гүлдендірейік», «Жасыл ел» аталатын акциялардың белортасында жүреді. Өткен сенбі күні де «Біз таза қаланы қолдаймыз», «Көшелер мен даңғылдарда қоқысқа жол жоқ», «Біз елордамызды сүйеміз» ұрандарымен бекітілген аумақтардағы қоқысты тазалап, азаматтықтарын танытты.
Жастар жүрген жерде ән, би қатар жүрмеуші ме еді, сенбіліктің соңында ойын-сауыққа орын табылды.
Көлік және коммуникация кол­леджінің ұжымы да жалпықалалық сенбіліктен сырт қалмады.
Аталмыш шараға оқу ордасының барлық оқытушылар мен студенттері белсене қатысты. Олар оқу ғимараты орналасқан көше мен алаңдарды қо­қыстан тазартып, ағаштардың түптері мен жол жиектерін қайта жаңартып, маңайды қалыпқа келтірді. Әсіресе, сенбілікте оқу орнының жастар коми­теті айрықша белсенділік көрсетті десе болады. Олар «Біз таза қала үшін» деген ұранмен аталмыш колледжде білім алып жатқан барлық жастарды игі шараға жұмылдыра білді.
Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанар Төре­бекованың айтуынша, ұжым бас­шылығы жыл сайын дәстүрге айналған сенбілік аясында қатысушыларға ыстық шай әзірлеп, шараның жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болуда.

Аманғали ШМИТҰЛЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + 7 =